• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 13 Наурыз, 2023

«Қызым, неге тұрмысқа шықпай жүрсің?»

2178 рет
көрсетілді

Осы тақырыпты жазуыма не түрткі болды десеңізші? Оған отбасында анаға жасалатын зорлық-зомбылық, ажырасу, қыз баланың жан әлемі себеп болды. Балалар үшін ата-анасының ажырасуы – депрессия! Бұл баланы жан дүниесінің тас-талқанын шығарып, күйзеліске ұшыратады. Әсіресе қыз баланың алған жан-жарақаты өмір бойы тағдырымен жағаласып жүреді екен.

Г. есімді жалғызілікті ананың әң­гі­месін тыңдай келе, біздер әрдайым әр адамның жүрегіне терең бойлай алмаймыз деген пікірге кел­дім. Ол әуелде қызының жасы жиыр­ма бестен асса да, әлі күнге тұр­мыс құруға құлқы жоқ екенін айтып налығанда, «Өй, қазір тұрмысқа шықпай елуден асқан қаншама қыз жүр. Жиырма бес сөз болып па?» деген едім. Сөзіне құ­лақ аса келе бұл мәселе мүлде терең­деп, ұлттық мәселеге айналып кет­кенін ұқтым.

Кейіпкеріміз дүниенің сипаты ауы­сып жатқан 1993 жылы тұрмысқа шығады. Келесі жылы қызын дүниеге әкелген. Баспанасыз. Отағасы уақытша жұмыс істеп, бала-шағасын асырап жүреді. Кей кезде жұмыс істеген жерінде еңбекақысын төлемей, алданып қалатын кездері аз болмаған. Сөйтіп жүріп ішімдік ішуді әдетке айналдырады. Ол ішімдік ұрттап келген күні үйде ұрыс-керіс шықпай қоймайтын. Тіпті қолына пышақ алып «өлтіремін» деп қуалаған кезде, екі баламның құлын дауысынан жаным түршігіп ,«ажырассам қалай болар екен» деп, өзіммен-өзім тұңғиық ойға берілетін болдым», дейді Г. Сонда да, қызым мен ұлымды әкесіз еткім келмей, әкесіз деген сөз естімесін деген оймен ұрып-соғуына шыдап жүре бердім. Сөйтіп, ойым аласапыран берекесіз отбасылық өмір сүріп жатқан күннің бірінде пышақ алып «өлтірем, өлтірем!» деп, ұрып жатқан үстінен әке-шешем келіп қалды. Бұл сұмдықты көрген анам: «Бір күні болмаса бір күні бата тимей, қате тиіп кетіп, өлтіріп түрмеге түсіп, балалар қараусыз қалар күнді күтіп отыра алмаймыз. Болды, ажырасасыңдар!» деп, сол күні ата-анам мені үйге алып кетті», дейді.

Ерлі-зайыптылар ажырасып екі жақта тұрып жатқанда қызы әкесінің анасына қол көтеруі туралы ләм-мим демеген. Ұмытқандай болған... Р-дің жасы жиырма бестен асқанда «Қызым, неге тұрмысқа шықпай жүрсің?» дегенде, «Анашым, мен күйеуге шығуға қорқамын. Ертеңгі күні күйеуім әкем сені пышақпен қуалап ұрғандай мені де ұрса қайтемін» деп, ішкі қор­қы­ны­шымен бөліскенде, «қап» деп бар­мағымды тістелеп, ішім қан жылады», дейді, кейіпкеріміз. Өмірлік маңызды шешім қабылдар кезде бойжеткеннің түйсігі баяғы күйзелісті есіне салып, алдынан кесе-көлденең шыққан.

Осы мәселені зерттеуде мұндай отба­сының өте көп екеніне көз жеткіз­дім. Солардың бір-екеуінің тағдырын жазайын. Мысалы, Н. есімді талантты аудармашы бала кезінде әкесінің басқа әйелге кеткенін айтады. Анасы мен өзінен үлкен әпкесі үшеуі жан жара­қатын арқалай жүріп тұрмыс тауқыметін тартқан. Баспанасыздық зардабы бар. Кіп-кішкентай Н-ның сол кездегі арманы тезірек өсіп, жұмыс істеп, үй алу болған екен. Н. жоғары білімді тілмаш мамандығын алып шыққан соң, табыс тауып анасына үй салып берген. Қыздарының тәрбиелі, еңбекқор, мейірімді болып өскенін көрген әкесі оларға қайта оралыпты. Сонда екі қызы екі жағынан әкесінің аяқ-қолын жылы суға малып, тырнағын алып беріп, оның көңілін марқайтқан. Анасы «Н. әкесімен қалып сөйлескенде «Әке, сен мені неге тастап кеттің?» деп, бала күнгі айта алмаған, іште шемен боп қатқан өкпе-ренішін көз жасы арқылы төгетін», дейді. Әкесінің өздерін өзгемен айырбастауы өзегін өртеп, сатқындығын кешіре алмай жылайды екен. Иә, әр қыздың жан мұнарасында әке – асқар тауы, өмірінің тірегі, сенім арту­шы алып тұлғасы. Осы сенімі ақтал­ма­ған қыз балиғат жасқа толып жар таңдауда, қорқыныш кезіндегі қор­ла­ну сезімі қайта жаңғырып, оны жеңе алмай, жан дүниесі сарсаңға түседі. Н-ды да бұл жағдай айналып өтпеген. Ол сол бала күнгі өкпе-ре­нішті, психологиялық кедергіні түй­сігінен жою үшін түрлі қазақы емші­лікпен психологиялық емдеу шара­ла­рын жасап барып, ер адамға деген сенімін оятып, тұрмысқа шығу бақы­тына ие болды.

Медицинада денсаулық дегеніміз – кейбіреулер ойлайтындай бауыр, бүйрек, жүрек сияқты ішкі ағзалардың саулығы ғана емес, адамның жүйке жүйесі мен жан дүниесінің үйлесімі. Біздің елде ерлі-зайыптылар ажырас­қан­нан кейін балалардың ішкі жан жарақатын емдеу процедурасы жүр­гізіл­мейді екен. Біздің қазақ қоғамы қыз баланың жұдырықтай жүрегін жаулаған қорқынышымен, бойын билеген үреймен балдырғанды өзімен-өзін бетпе-бет қалдырып қояды. Қыз бала психологиялық қысымда жүйкесі ширығып жүре береді. Оның үстіне өмірге көзқарасы енді қалыптасып жатқан мұндай жағдайға тап болған балалардың психикасын оңалтатын арнайы сауықтыру мекемесі жоқ. Бала­­ның жас кезінде алған жан күй­зе­лісі өмір бойына түйсікте жатталып қалады. Соның салдарынан қыз жүйкесіне түскен психологиялық күйзелісті өзі ғана тартып қоймай, оның зардабын өмірге әкелетін ұр­па­ғы тартады екен. Олай дейтінім, балдырған кезінде жан жарақатын алып, жан дүниесі күйзелген қыз бала­ның өмірге әкелген баласына күйзе­ліс­тің жүз пайыз болса, елу пайызы, ал елу пайыз депрессияның жиырма бес пайызы іштегі балаға беріледі», дейді мамандар.

«Өсіп келе жатқан бала психологиясы сыртқы әлемді қабылдауы үш жаста, бес жаста, жеті жаста қалып­та­сады. Міне, осы жасқа келген тұста ажырасқан отбасындағы қыздың пси­хи­касында жарақат қалады. Ол үнемі қорқынышта, агрессияда жүре­ді. Ешнәрсе түсінбегендіктен ата-ана­сының ажырасуына өзін кінәлі сезінеді. Мүмкін, мен бекер тудым ба екен? Олардың ұрысуына, ажырасуына мен кінәлі болармын деген сұрақтармен өзін іштей мүжіп кінәлайды. Психикасы енді ғана қалыптасып келе жатқан қыздың жан дүниесіне бұл өте ауыр жарақат салып өтеді. Адамның бала күнінде алған жан жарақаты өле-өлгенше есінде сақталып қалады», дейді балалар психологі Жанна Кулагина.

Оның айтуынша, отбасындағы ұрыс-керіс, дауласулар мен ажырасу уақыт өте ұмытылғандай бол­ға­ны­мен, қыз санасына түскен жарақат түйсік түкпірінде жасырынып жатады. Оны қыз баласы білмеуі де мүмкін. Оны психологияда «неврит» дейді. Бұл психологиялық күрделі құбылыс белгілі бір жағдайға тап болған кезде ытқып шығып мінезде көрінеді. Әсіресе өмірлік жар таңдауда түйсігінде қайта түлеп, түр­лі психологиялық кедергілерге ұшы­ратады. Мысалы, жаңадан танысып, сөйлесіп жүрген қыз бен жігіттің қа­рым-қатынасында қыздың көке­йін­де бірінші сұрақ – «Ертең осы адамға күйеуге шықсам, әкем анамды ұрғандай, маған да қол жұмсайтын болар» деген күдікті оймен тұйықталып, тұрмысқа шыққысы келмейді.

Кей жағдайда ұрыс-керіс көріп өскен қыз тұрмысқа шыққанда жігі­ті­не, не күйеуіне сол қылықты өзі арандатып, отбасындағы жағдайды тағы да енді өз басынан өткізіп көргісі келеді. Бірақ қыз ол қылығын әдейі жасамайды. Жан жүйесінде жазылып қалған жарақатын қайталайды екен. Күйеуінің, енесінің қылықтарына тура өз отбасында көргендей қылықпен, агрессиямен жауап қатуы мүмкін. Мұн­дай отбасылық қарым-қатынас алысқа бармайтыны белгілі. Қазіргі кезде ерлі-зайыптылардың ажырасуына отбасындағы жетіспеушілік пен баспанасыздық сияқты материалдық қажет­тіліктерден басқа, қыздың ба­сы­нан кешкен депрессиясы мен жа­зыл­маған жан жарақаты мәселесі де жанама салдары болуы ықтимал. Ал енді әкесінің аялы алақанын сезініп, әке тәрбиесін көрген, онымен сырласып, ой бөлісіп өскен бойжеткен жар таңдағанда дұрыс таңдау жасай алады екен. Мұндай қыздар ерлі-зайыптылық ғұмырда қиындықтарға төзімді, басалқылы, ұрыс-керіске бой алдырмай тығырықтан шыға алатын өзіне сенімді қабілетке ие болады. Себебі қыз өзінің артында әкесі тұрғанын сезінеді. Тірегі, сесі әкесі ғой! Әке – қыздың психологиялық демеу­шісі.

Қ. есімді жап-жас қыз келін болып түскеніне екі жыл өткеннен кейін анасына келіп, «Анашым, әкем ішкіш болса да, мен үшін шыдамадың ба?» дегенді айтыпты. Қайын атасының үйінде не жағдай болғанын білмеймін, бірақ анасына «неге ажырастың?» деп, әкесіне айта алмай қорланып, етегі жасқа толып, анасы екеуі еңкілдеп жылағанын көргенде жүрегім езілген еді.

Қоғамда мұндай тағдырды басынан кешіп отырған қыздар аз емес. Оған кімді кінәлаймыз? Ұлтымызда кеңес өкі­меті орнағанға дейін, қазақ қызына көрсететін құрмет пен тәрбие астарында көңіліне дық түсірмей өсіру мақсаты қыз бағы мен жолы ашық болсын деген ізгі ниеті еді. Қасиетті Құран кітабында қыз баланы қадірлеу туралы жаратқаннан аян түскен. Болашақта өзге әулеттің, жалпы адамзаттың ұр­па­ғын жалғастыратын қыз баланың мінез-құлқы, жүйкесінің қалыпты дамуын меңзеген. Ата-бабамыздың, «Қыз тәрбиелегенің – ұлтыңды тәрбие­ле­генің» деп өсиет қалдыруы осыдан ғой.

Мысалы, қазақ қоғамында ке­ңес өкіметі орнағанға дейін ерлі-зайып­­тылардың ажырасуы ұшы­рас­па­ған екен. Тек, әйел­дер қо­ғам­дық жұмысқа күштеп тартыл­ған­нан кейін, 1950 жылы республика бойынша қазақ ерлі-за­йып­тылардың 100 отбасы ажырасқан. 1980 жылы әр төртінші, 1990 жылы әр үшінші қазақ отбасы ажырасқан екен. Ағылшын тарихшысы Джеймс Бейкер қазақ әулетінің ене, келін, қыз немере арасындағы байланысты зерттеуінде «Қазақ отбасында ене – үлкен әулеттің тұтқасы, ке­лінге көмекші әрі қамшы. Қыз – не­ме­реге ұлағатты ұстаз. Әулетте мұ­сылман шарттарының орындауын қа­дағалап отырушы, бақылаушысы» деген. Бірақ бұл асыл қасиеттер кеңес өкіметінің сұрқия саясатының кесі­рі­нен ұлтымыздың кешегісімен уақыт еншісінде кетті. Ұлтымызда ата-анасы ажырасып, отбасында әкесіз өскен қызды келіндікке алып, әулетінің ұрпағын өрбіткізбеген дәстүр бар. Оны кейбір отбасылар сирек те болса, әлі күнге ұстанғысы келеді. Бірақ ол қазір мүмкін емес. Оның әлеуметтік мәртебеге байланысты себептерімен бірге, қыз кезінде жаны күйзелген қыздың баласы да күйзеліспен туа­ды деуінен болса керек. Қазақтың қалыптасқан отбасылық дәстүрлі өмір сүру салтында немерелердің тәрбиесі ата-әжесінің бақылауында болған. Сол кездерде қазіргі психологтердің жұмысын әжесі атқарғанын көреміз. Қыз жаратылысы мен жан дүниесінің нә­зіктігін білген ата-бабаларымыз оның толыққанды берік отбасында дүниеге келіп, жан жарақатын алмай өсіп-жетілуін салтқа айналдырып, ұлт санасына сіңірген. Қызды жастайынан құрметтеу мен қадірлеудің, жанын жаралап алмау астарында ұрпақ саулығы, ұлт байлығы деген ұлт мүддесі тұрды.

 

Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,

журналист