Парламент сайлауы жақындаған сайын саяси бәсеке қыза түсті. Биыл Мәжілістен 7 партия үмітті. Төменгі палатаға ілігуді көздейтіндердің көптігі, елде саяси плюрализмнің қалыптасып келе жатқанын айғақтайды. Осы орайда, көппартиялы жүйенің артықшылығы мен кемшілігіне көз жүгіртіп көрген едік.
Көппартиялық жүйе өрге сүйрей ме?
Жалпы, көппартиялық – мемлекеттің демократияның даңғыл жолына түскенін дәлелдейтін негізгі өлшемнің бірі. Сондықтан төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде азаматтық қоғамы саяси тұрғыда белсенді, дамыған елдердің көбінде осындай жүйе бар. Мәселен, Франция, Германия, Нидерланд секілді мемлекеттер парламентіне бірнеше партия енген. Кейде сайлауға түскен партиялар 50 пайыздық межеден аса алмай, коалиция құратынына талай мәрте куә болдық. Тіпті Италия, Израиль секілді кей елде коалиция құрудың өзі ұзаққа созылып, партиялар өзара тартысқа түседі.
Елімізде көппартиялық жүйенің алғашқы белгісі тәуелсіздік алғаннан кейін байқалған-ды. Кеңес одағы құлап, бір партиялық жүйе жойылды. Ата Заңымыз партиялар құруға рұқсат етті. Сөйтіп, көптеген саяси ұйым құрылды. Әрине, қиын-қыстау кезеңде оның бәрі халықтың қолдауына ие болмағаны белгілі. Кейінірек бір партия ғана басым түсіп, бертінге дейін соның ықпалында жүргеніміз де жасырын емес.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында айтқан сөзі еске түседі. Президент партиялар санын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, көппартиялы жүйенің артықшылығына тоқталған-ды.
«Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деген еді Қ.Тоқаев.
Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміз саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамытуға кіріскені белгілі. Былтыр Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттары енгізілді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Тіркеудің қажетті шегі төмендетілді.
Саясаттанушы, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елубаевтың айтуынша, саяси додадағы бәсеке біртіндеп артып келеді. Бұл ықпалды Парламент құру үрдісінде байқалады.
«Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылдан бері Парламентте негізгі доминантты партия болды. Кейінгі кезде бұл модельдің біртіндеп өзгергенін байқап отырмыз. Мысалға, 2012 жылдан бастап 3+1 формуласы негізінде Парламентке бірнеше партия өтті. Содан кейін соңғы 2021 жылғы электоралды сайлау кезінде алты партия қатысты. Биылғы сайлау қарсаңында партиялық саяси жүйе үлкен трансформацияны бастан кешіп жатыр. Яғни бұл – партиялы жүйе қайта құрылады деген сөз. Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында нақты құқықтық және саяси база қабылданды. Соның нәтижесінде көппартиялы жүйенің қалыптасуына, саяси плюрализмнің қалыптасуына алғышарттар жасалды», дейді Р.Елубаев.
Науқандық партиялар көбеймей ме?
Мұндай пікірмен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Қуаныш Сайлау да келіседі. Оның пайымдауынша, елімізде көппартиялы жүйе қалыптасуына алғышарттар бар. Биылғы Парламент сайлауының науқаны кешенді үдерістің бастамасы ғана.
«Сайлау заңына енгізілген өзгерістерден бөлек, партияларды құру бағытындағы реформалар да жемісін берді. Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Яғни 20 мың қол жинаудың орнына 5 мың қол жинау жеткілікті болды. Бастамашы топ мүшелерінің қажетті саны да 30 пайызға азайды. Партия құру талаптары жеңілдетілгеннен кейін екі жаңа партия сайлау басталмас бұрын тіркеліп үлгерді. Әділет министрлігі қазіргі таңда тағы бірнеше партияның тапсырған құжаттарын қарастырып жатыр. Демек сайлау өткен соң да жаңа партиялардың пайда болуы ықтимал», дейді ол.
Дегенмен сарапшы партиялар тарапынан саяси үдерістерге қатысудың кешенді стратегиясы әрі ұзақмерзімді жоспары қажет екенін алға тартады. Оның пікіріне сүйенсек, бір сайлау науқанына қатысып, содан кейін жоғалатын партиялардың көбеюі саяси өмірге теріс әсер етеді. Сондықтан партия құрудан үмітті ұйымдар мен азаматтар халықтың жаппай қолдауын иеленген соң ғана тіркелуі қажет деп есептейді.
Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады. Әлбетте, мұның бәрі саяси партиялардың санын арттырып, саяси бәсекені күшейтетіні, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Сарапшы Қ.Сайлаудың айтуынша, кез келген саяси жүйенің мақсаты – тежеу мен тепе-теңдік механизмін орнату. Сондықтан көппартиялы жүйе бұған оң әсерін тигізеді деп есептейді. «Саяси аренада партияаралы бәсеке жеткілікті деңгейде орнықса, жеңістен үмітті партия жеңу стратегиясын табуға бет бұрады. Ал барынша көп дауысқа ие болудың бірден-бір жолы – сайлаушылардың, яғни халықтың сұранысына құлақ асу. Парламент ішінде де партиялар арасындағы бәсеке осы органның басты функциясына – заң шығаруға оң әсер етеді. Биліктегі партия немесе партия блогі, бір заң жобасын дайындағанда парламенттік оппозиция ол жобаны сынап, балама ұсыныс жасап, нәтижесінде, жетік заң шығаруға мүмкіндік жасалады», дейді Қ.Сайлау.
Саяси плюрализмнің келесі қадамы ретінде Парламентке аралас жүйенің енгізілгенін атап өткен жөн. Мұндай пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатыны анық. Соған сай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Партиялар тізім арқылы сайланудан бөлек, бір мандатты округтер арқылы да үміткерлерін Парламентке үкілеп жібере алады. Демек халықтың мұң-мұқтажын айтып жүргендердің төменгі Палатаға өту ықтималдылығы жоғары.
Саясаттанушы Риззат Елубаев ықпалды Парламент көппартиялы жүйе арқылы ғана қалыптасатынын алға тартады. Өйткені заң шығарушы органның ой мен ұсынысы әр алуан болуы керек. Саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар бойынша түрлі тараптың тікелей қатысуы арқылы ортақ шешім қабылдағанда ғана үлкен нәтижеге қол жететініне назар аударады.
«Көппартиялы жүйені одан әрі дамитын үрдіс ретінде қабылдауымыз керек. Бұған негізі себеп болатын мәселелер бар. Қазіргі таңда сайлау жүйесі мен партиялық заңнаманың либеризациясы орын алды. Сайлау жүйесі толыққанды өзгерді. Сондай-ақ биліктің партиялармен бірігу үрдісіне де тыйым салына бастады. Яғни Президент партиядан шықты, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқаруына рұқсат етілмейді. Мұның бәрі – қалыптасқан партиялық жүйенің қайта жанданғанының белгісі. Оған қоса, «Ел тағдыры», «Ұрпақ жалғастығы», «Ынтымақ», «Қазақстан халық конгресі» партиялары тіркеуден өтіп жатыр. Мысалға, 2019 жылдан бері 18-ге жуық партия тіркеуге өтініш берген. Қазіргі таңда соның шамамен 10 партиясы бұл жұмысты нақты жалғастырып келеді. Сондықтан алдағы уақытта азаматтар көппартиялы жүйеге дайын болуы керек», дейді Р.Елубаев.
«Дюверже заңы» және Қазақ елі
Айтпақшы, ғылыми ортада мажоритарлы жүйенің басты кемшілігі ретінде «Дюверже заңын» атап көрсетеді. Мұндай феноменді франциялық әлеуметтанушы Морис Дюверже анықтаған. Соған сәйкес бір мандатты округтердегі мажоритарлы сайлау екіпартиялы жүйенің қалыптасуына жол ашатын көрінеді. Мысалы, көптеген шағын партия осы тәсіл арқылы Парламентке өткенімен, онда үлкен күш иеленбейді. Соның салдарынан үлкен партиялар бәрібір басым түсіп, Үкіметті құрайды. Ғалымдар кейінгі кездері мұндай феноменді Жапония мен Италиядан байқаған.
Бірақ «Дюверже заңы» бүкіл елде жүзеге асады деуге келмейді. Әлемнің бірқатар елінде ол орындалған жоқ. Мәселен, Филиппинде мажоритарлы жүйе енгізілген 1987 жылдан бері бірде-бір партия Парламентте көп мандат алған емес. Сонымен қатар Үндістан, Канада, Шотландияда да осындай жағдай қайталанды. Осы орайда еліміздің толық мажоритарлы жүйеге ауыспағанын, Парламент депутаттары аралас жүйе арқылы сайланатынын ескерген жөн. Ендеше, «Дюверже заңының» әмірі Ұлы далаға жүрмейді деп айтуға толық негіз бар.
Саясаттанушы Р.Елубаев Парламенттегі партиялар санының жалпы қабылданған ортақ моделі жоқ екеніне екпін береді. Сондықтан заң шығарушы органға көп партияның енгені тиімді.
«Қалғаны партиялардың қаншалықты көпшілік мандатқа ие бола алатыны маңызды. Жалпы, 2023 жылы Еуропа мемлекеттерінде Парламент сайлауы өтеді. Соларға назар аударсақ, коалициялардың құрылу тренді байқалады. Көппартиялы жүйеде осындай коалициялар құрыла бастайды. Парламент құрамына ену бір бөлек, ал көпшілік мандат алу – екінші мәселе. Сондықтан бұл – бір-бірімен тікелей байланысты дүние. Алдағы уақытта мұның бәрі саяси бәсекенің күшейіп, партиялар ынтымақтастығын арттыруға жол ашады», дейді Р.Елубаев.
Алайда сарапшы Қ.Сайлау Парламентке енген партиялардың санынан бөлек, сапасына да мән беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, қысқамерзімді партиялардың көптігі саяси ахуалды тұрақсыздандыруы мүмкін. Сондықтан белгілі бір деңгейде халықтың қолдауын иеленуі қажет.
«Кез келген Парламентте партия санының балансы болады. Тым көп партияның енуі де – әдетте саяси тұрақсыздықтың белгісі. Мұндай жағдайда Парламентте әлсіз коалиция құрылып, партияаралық шиеленістер оны кез келген уақытта ыдыратуы мүмкін. Шетелдерде қалыптасқан тиімді модель – мықты 4-5 партияның Парламентке енуі. Биылдан бастап Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша жасақталады. Осындай жүйені қолданатын Германияда «Бундестагқа» 5 үлкен партия сайланды. Сөйтіп, «бағдаршам» коалициясы (қызыл SPD, сары FDP және жасылдар партиясы) үкімет құрды. Германия осындай тәсілдің табысты екенін көрсетіп отыр», дейді Қ.Сайлау.
Айтпақшы, 19 наурызда өтетін сайлауда дауыс берудің айтарлықтай ерекшелігі бар. Бұл жолы сайлау бюллетеньдері бірнеше түспен беріледі. Құдды жекпе-жек спортының белбеулері секілді. Олардың әрқайсы деңгейіне қарай түрлі бояумен көмкерілмек. Мәселен, Мәжіліске партиялық тізім бойынша сайланатын кандидаттарға көк түс бекітілген. Ал бір мандатты округтер бойынша үміткерлерді жасыл қағаздан таңдайсыз. Осы екі түс арқылы төменгі Палатаның депутаттары анықталады. Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарынан үміткерлерді қызыл күрең түсті бюллетеньнен белгілейсіз. Ал бір мандатты округтерден мәслихатқа кандидат атанғандардың тізімі қызғылт сары бланкіде беріледі. Соңғы бюллетеньнің түсі сұр. Сол арқылы облыстық маңызы бар қалалар, аудандар мәслихаттарының бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінен үміткерлерді таңдайсыз. Осылайша, 17 облыстың аумағында орналасқан әрбір сайлау учаскесінде бюллетеньдердің 5 түрі, ал 3 мегаполисте 4 бюллетень беріледі.