• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 14 Наурыз, 2023

«QJ League»: Футболды дамытуға қауқары жете ме?

385 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына қадам бассақ та, әлі күнге дейін спорт саласында күрмеуі шешілмеген мәселелер шашетектен. Әсіресе, футбол саласында. Миллиондар ойыны аталып кектен футбол елімізде бұқаралық сипатқа ие болғанымен, әзірге спорт ретінде дами қойған жоқ. Себебі, артта қалған 30 жылдың ішінде еліміздің футболына жауапты мамандар қазақ футболын дамыту үшін бірнеше реформа жасап, түрлі бағдарламаларды қолға алғанымен, оның ешқайсысынан нәтиже шығар емес.

Тіпті, қайбір жылдары жас футболшыларымызды Пеленің отанында оқытсақ, ел футболы қарыштап дамып кететіндей көріп, жүздеген баланы «Оле Бразил» жобасы арқылы да футболдың қыр-сырына меңгерттік. Өкінішке қарай, бұл жоба да ел футболының дамуына серпін бере алған жоқ. Бразилияда білім алған жүзден аса футболшының қазір қайда жүргенін ешкім білмейді. Бірер жыл бұрын үш-төрт футболшының Премьер-лигада доп теуіп жүргенін көргенбіз. Қазір жоғары лигада олардың бірде-біреуі қалмады.

Жуырда Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы және «Freedom Holding Corp» бала­лар-жасөспірімдер футболын дамыту мақ­сатында тағы бір жобаны қолға алды. Яғни аталған үштік жас ойыншылар арасында «QJ League» (Қазақстан жас­өспірімдер лигасы) құрылғанын мәлім­деді. Жоба авторларының айтуынша, жаңа лига – ел футболының дамуы та­рихындағы маңызды кезеңнің бірі болмақ.

Қазіргі таңда елімізде футбол чемпио­наты бойынша үш лига ойындары бар екені белгілі. Атап айтқанда, командалар Премьер-лига, Бірінші және Екінші лигаларда доп тебеді. Бұл лигаларға кәсіби және жекелеген командалар қатыса алады. Ал «QJ League»-сында кәсіпқой футбол коман­даларының футбол орталықтарында тәр­биеленетін 18 жасқа дейінгі 12 команда бақ сынайды.

Бұған дейін елімізде жасөспірімдер командалары бірнеше айда бір рет бас қосып, өзара кім мықтыны анықтайтыны болмаса, тұрақты ойын тәжірибесі бол­маған. Енді жасөспірім футболшылар да кә­сіпқой футболшылар сияқты апта сайын жасыл алаңда (үйдегі, сырттағы матчтар форматында) ойнайды. Әрине, бұл – жас футболшыларға кәсіби футбол талап­тарына бейімделе беруіне үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жасөспірімдер арасындағы жарыстың мұндай форматы Еуропаның барлық дамыған елдерінде қолданылатынын айта кеткен жөн.

Қазақстан футбол федерациясының пре­зиденті Әділет Барменқұловтың ай­туынша, «QJ League»-ның мақсаты – осы арқылы ұлттық құрамаға сапалы резерв даярлау. «Бұл – футболды дамыту стратегиясындағы балалар фут­болын ілге­­рілетудегі негізгі жо­ба­ларымыздың бір бөлігі. Осы жоба арқылы біз дарын­ды бала­ларды жоғары ли­га­ларға даярлауға көп көмегін тигі­зетін жарыс жүйесін құрамыз. Бұл біз­дің жас жі­гіттер үшін олар­дың кә­сіби фут­бол­дағы алғашқы қа­дамы болады», дейді ҚФФ басшысы.

Жасөспірімдер лигасының биылғы маусымында «Ақсу» (Павлодар облысы), «Ақ­төбе», «Астана», «Атырау», «Жас Қы­ран» (Алматы), «Қайрат» (Алматы), «Қай­сар» (Қызылорда), «Каспий» (Ақтау), «Оңтүстік» (Шымкент), «Ордабасы» (Шым­кент), «Тараз» (Жамбыл облысы) және «Шахтер» (Қарағанды) командалары өнер көрсетеді. Ал 2025 жылға қарай «QJ» лигасына қатысатын командалар саны артып, ұлдар үшін алты лига (үш жас са­натына орай екі лига), сондай-ақ қыздар үшін бір лига болады деп жоспарлануда. Жалпы, жарысқа 70-тен астам команда мен 3000 спортшы қатысады.

Турнир барысында барлық матч­ты еліміздің кәсіби білікті төрешілері өт­кізеді. Бір айта кетерлігі, клубтардың көш­­пелі матчтары кезінде жол жүру, қонақ­үйлерде тұру, үш мезгіл тамақ, бір сөзбен айтқанда, жасөспірімдер лига­сының бар­лық шығынын лиганың бас се­ріктесі – «Freedom Holding Corp» өз мойнына алып отыр.

– «QJ League» – бұл ҚФФ және ҚКФЛ бізбен тығыз ынтымақтастықта жү­зеге асыратын үлкен әлеуметтік жоба. Біз­дің ортақ мақсатымыз – Қазақ­стан футболын және жас футболшылар­ды дамыту. Біз тек футболшыларды ғана емес, жат­тықтырушылар, төрешілер, менеджерлер және спорт индус­трия­сын­дағы басқа да сұранысқа ие маман­дарды да оқытамыз және оларға да қол­дау көрсетеміз. Қазақстанда, әсіре­се өңір­лерде футболға деген әлеу­мет­тік сұраныс өте жоғары. Қазірше жас­өс­пірімдер лигасын 12 командамен бастаймыз. Кейіннен бірте-бірте бар­лық аймақты қамтимыз. Өздеріңіз біле­сіздер, футбол бір жылда жемісін беріп, аз ғана уақытта үлкен биіктерді бағын­дыратын спорт түрі емес. Футболда айтулы жеңіске қол жеткізу үшін ұзақмер­зімді жоспар болу керек. Біз сол ірі же­ңістердің іргетасын енді қа­лап жатырмыз», дейді «Freedom Holding Corp»-ның бас атқарушы директоры, «QJ League» қам­қоршылар кеңесінің төрағасы Тимур Тур­лов.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мен «QJ» лигасының президенті Рохус Шох елімізде дарынды футболшылар өте көп екенін, бірақ оларда өзін көрсетуге толық мүмкіндік бола бермейтінін айтады. «QJ» лигасын құру арқылы біз жас футболшыларға өз мықтылығын дәлелдеуге және әрі қарай дамуына мүм­кіндік береміз, дейді ол.

– Балалар футболының дамуына жүйелі түрде көңіл бөліп отырмаса, оң нәти­жеге жету қиын. «QJ League» жобасы Қазақстан футболындағы революция деп айтсақ болатын шығар. Өйткені енді біздің жас жеткіншектер 100% кәсіби деңгейде ұйымдастырылатын футбол турниріне қатысады. Біз матчтарды тек ұйымдастырумен ғана шектелмейміз. Сонымен қатар барлық үдерісті цифр­ландыру, жаттықтырушылар мен менед­жерлерді оқытумен де айналысамыз. «QJ League» футболдың дамуына, ұлттық құрамаға сапалы резерв дайын­дауға көп көмегін тигізетініне сенім­дімін, – дейді ҚКФЛ басшысы.

Дегенмен, елордадағы «Арландар» балалар футбол командасының негізін қалаушы Фазылбек Әбсаттарұлы жас­өспірімдер лигасы алдағы уақытта футболдың көсегесін көгертеді дегенге сенбейтінін көлденең тартады.

«Кез келген жобаны бастағанда, оның даму жоспары, алдағы бірнеше жылға дайындаған бағдарламасы, ба­ғыты, мақ­саты деген сияқты сараптамадан өткен нұс­қаулығы болуы керек. Өкінішке қарай, Қазақстан футбол федерация­сы мен Қазақстан кәсіпқой футбол ли­гасы аталған жобаның ешқандай нұсқау­лығымен таныстырған жоқ. Тек баспасөз арқылы жаңа лиганың құрылғанын ғана жариялады. Әрине, жасөспірім футболшыларға бөлек лига ашып, оларға ойнау мүмкіндігін бергендері құптарлық іс. Бірақ бұл ар­қылы футболды дамытамыз, ұлттық құрамаға резерв дайындаймыз дегенге өз басым сенбеймін. Біз бала­лар футболын дамытқымыз келсе, алды­мен инфрақұ­рылымды ретке келтіріп алуымыз керек. Елде сапалы стадион бол­май, жиыр­ма жерден лига ашсаңыз да футболды дамыта алмайсыз», дейді Фазылбек Әб­саттарұлы.

Осы орайда әлемдік футбол тарихында инфрақұрылым мен балалар футболына көңіл бөліп, 10-15 жылда жетістікке жеткен құрамалар туралы аз-кем айтып өтсек. Балалар футболына көңіл бөліп, ел футболын дамытқан мемлекеттің бірі – Бельгия. Бельгия футболының басына бақ құсын қондырған құраманың техникалық директоры Мишель Саблон жасөспірімдер және жастар құрамаларын жаттықтыратын Боб Бровайспен бірге 2000 жылдардың басында елдегі футболды дамытудың ұзақ­мерзімді жоспарын жасап шығады.

Олар алдымен көршілес Нидерланд пен Испания футболының жаттықтыру тәсілдері мен философиясын зерттеуге кірісіп, «Аякс» және «Барселона» клуб­та­рының «шеберханасынан» өткен. Зерттеу және тәжірибе алмасу нәтижесінен кейін олар бірінші кезекте нәтиже маңызды емес екенін ұғынып, Бельгияда алғашқы революциялық қадамдар жасады. Яғни жасөспірімдер арасындағы чемпионаттардан турнир кестесі мен ойын нәти­жесін алып тастады. Сондай-ақ бала­лар алаңда өздерін еркін сезінуі үшін 2х2, 5х5, 8х8 форматындағы кіші алаңдарда ойнауға мүмкіндік берді. Сол арқылы дриблинг пен допты диагоналды асыруға шыңдады. Бельгия сапында жасындай жарқылдаған Тибо Куртуа, Кевин Де Брёйне, Азар секілді даңқты футболшылардың барлығы осындай мектептерде дайындалған еді.

Сонымен қатар әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген не командасы, не құра­масы жоқ Қатар футболы да нақты реформаның арқасында кейінгі жылдары Азияның үздік құрамаларының біріне айналды. Мемлекеттің футболға деген көзқарасының арқасында Қатар осыдан біраз жыл бұрын Азия кубогін жеңіп алып, былтырғы әлем чемпионатын өз елінде өткізуге мүмкіндік алды. Бұл оқиғалар ел­дегі футболдың дамуына одан әрі сеп­тігін тигізгені анық.

Қатар футболы қалай дамыды? Осы­дан 15-20 жыл бұрын олар да балалар фут­болына қатты көңіл бөле бастады. Осы мақсатпен олар испаниялық бапкер Феликс Санчес Басты шақырып, 2006 жылдан бастап Аспира академиясында қатар­лық балаларды «Барселона» жүйесі негізінде жаттықтырды. Балақайлар ержеткен кезде Санчес оларды жасөспірімдер құрамасының бапкері ретінде баулуын жалғастырды. Нәтижесінде, испан маманының басшылығымен 19 жасқа дейінгі құрама 2014 жылы Азия чемпио­на­тында топ жарса, араға 5 жыл салып сол құрам Санчестің баптауымен өз тарихында тұңғыш рет Азия кубогінің бас жүл­десін олжалады.

Міне, бұл – небәрі екі мемлекеттік футболды дамытуда ұстанған бағыты. Бәлкім, бізге де алдағы уақытта осы екі мемлекет таңдаған жолдың біреуімен жүріп, балалар футболын қолға алу керек шығар. Бірақ бізге алдымен доп тебуге болатын сапалы стадиондар мен қысы қатты солтүстік өңірлерге футбол манеждерін салып, спорттық инфрақұрылымды дамыту керек екені анық.