• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 14 Наурыз, 2023

IT-саладағы арулар

323 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Astana Hub халықаралық технопаркінде 1 043 IT-компания тіркелген, оның 179-ын әйелдер басқарады. Сондай-ақ кейінгі кездері ІТ-мамандыққа оқығысы келетін қыздардың саны артып келе жатқандығы байқалады.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, Tech Orda ІТ-ма­ман­­дыққа оқыту бағ­дар­ла­масы аясында бөлінген ­­­­­­3 ­­­067­ грант­тың 39 пайы­зын әйелдер ие­ленген.

– Біздің технопарк ұжымындағы қыздардың үлесі 61 пайызға тең. оның ішінде 63 пайызы – басшылық қыз­метте. Яғни қазіргі уақытта ең­бек нары­ғындағы гендерлік тең­дік өзгеріп жатыр. Бірнеше жыл бұрын IT-сектор ер ­адамдарға ар­нал­ған деп есептелсе, қазіргі жағ­дай­да оның гендерге бағын­бай­ты­нын көріп отырмыз, – дейді ол.

Astana Hub экожүйесіндегі әйел­дер бас­қаратын IT-стартап­тар­дың басым­ бөлігі әлеуметтік және EdTech саласын дамытуға бағытталған. Мә­се­лен, Әсем Тәжиева негізін қалаған Ozim Platform әлеуметтік стартабы ерекше күтімді қажет ететін балалары бар отбасыларға мобильді қосымша, YouTube арнасы және әлеуметтік желілер арқылы білім беріп, ақпараттық қолдау көрсетеді.

SmarTestPrep халықаралық емти­ханға дайындық және ұсыныстар жө­ніндегі платформасының бас ди­рек­торы Лаура Вайгорова қолда­ну­шыларға Spotify немесе Netflix сияқты ең қолайлы университет пен бағ­дарламаны ұсынатын 50 мың уни­вер­ситет пен стипендиялар тізі­мі­не негізделген жүйені сәтті дамытып отыр.

Qonzhyq App жобасының бас дирек­торы Әйгерім Исатаева фольклорды жаңғыртуға және қазақ ті­лін дамытуға арналған мобильді қосымшаны іске қосқан. Мақсаты – жас ұрпақтың қазақ ұлттық музы­касына, әдебиетіне, мәдениетіне, салт-дәстүріне, тіліне деген қызығу­шы­лығын ояту.

Сондай-ақ әйелдер негізін қалаған IT-жобалар жылдам дамып, шетелдік нарыққа да шығып жатқан көрінеді. Яна Шойбекова басқаратын ең ірі DOOH смартборд желісін – Citix ақпараттық-на­вигациялық жүйесін Түркия мен БАӘ тұрғындары қол­данып отыр. Citix компаниясы Ұлттық тех­нологиялық даму агент­ті­гінің «Қазақстандағы үздік 10 инно­ва­­циялық жоба» рейтингіне енгенін айта кетейік.

– Көптеген компанияның тәжі­ри­­­­бесіне қарасақ, қызмет­кер­лер­дің ген­дерлік тепе-теңдігін сақ­тай­тын­ бизнес табыстырақ болады. Әйел­дер IT-саласын дамы­ту­ға белсенді қатысса, сала жыл­да­мырақ дамиды деп ойлаймын. Эко­но­ми­ка­ны жаңа деңгейге көтеру үшін қоғамның әлеуетін дамы­тып, стереотиптерден арылып, әйелдерді ақпараттық технологиялар саласына көбірек оқытып, ынталандыру және жалақыны арттыру маңызды, – дейді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.

Қазақстанда жыл сайын ақпарат­тық-коммуникациялық технология саласына 30 мың маман қажет. Қазір еліміздегі IT-мамандардың 31 пайызы –әйелдер. Astana Hub қа­ты­су­шылары арулардың ұжымды бас­қа­руға барынша қабілетті, ақ­парат­тық және әлеуметтік тұрғыда тиім­ді және орта деңгейдегі лауазымдағы әйелдерге жақсы үлгі екенін алға тартып отыр.