40 жылдық тарихы бар америкалық «Silicon Valley Bank»-тің (SVB) жабылуы әлемді елеңдетіп қойған тақырыпқа айналды. АҚШ тарихындағы ірі банктердің бірі саналатын SVB-ның құлдырауы өз басына ғана емес, бірнеше өңірлік банкке қатер төндіріп тұр. Қаржы ұйымы шаңырағының ортасына түсуіне басты себеп – кірістің төмендеп кетуі. SVB акциялары 9 наурыз күні 60 пайызға дейін құлдырап кетті. Бұл – 2016 жылдан бері тіркеліп отырған ең төменгі көрсеткіш.
SVB Силикон алқабындағы алғашқы кеңсесін 1983 жылы ашып, ә дегеннен венчурлық қаржы мен стартаптармен жұмыс істеу бағытын таңдап алған. Банк стратегиясы сәтті жүзеге асып, алқаптағы өзге қаржы ұйымдарымен үзеңгі қағыстырып, қатар дамиды. Ал 2015 жылы Құрама штаттардағы стартаптардың 65 пайызы осы банктің клиенті атанып шыға келді. 2020-2021 жылдары ақшасын SVB-да орналастырған стартаптарға инвесторлар белсенді түрде қаржы құйды. Соның нәтижесінде сақталу мерзімі көрсетілмеген салым көлемі үш есе өсіп, 128 млрд долларға жетті. Банк осы қаржының бір бөлігін ұзақмерзімді мемлекеттік қағаздар мен кірістілігі төмен ипотекалық қағаздарға салып жіберген. Биыл жыл басында Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені көтеріп жіберген мезетте SVB-ның инвестициялық портфелінің құны күрт төмендейді. Бұл кезде венчурлық индустрия да құлдырауды бастан кешіп жатты. Стартаптар инвесторлар қаражатына аз ие болып, депозиттерін шешіп алуға көшті. 2023 жылдың 8 наурызында банк өзінің ұзақмерзімді, төмен кірісті облигацияларының бір бөлігін 2 млрд доллар шығынға сатуға мәжбүр болғанын жариялады. Осыдан бастап банк котировкасы тек төмен қарай құлдилай берді. Осыншама стартаптардың сенімі мен миллиардтаған долларға иелік етіп отырған қаржы ұйымы екі-ақ күнде құлады.
«Market Watch»-тың жазуынша, әдетте IT-компаниялар кірістілігі азайған кезде салымшы қаржысын шығарып, шығынды өтеуге тырысады. Өз кезегінде SVB кеткен депозиттің орнын толтыру үшін портфельдегі құнды қағаздарын шұғыл сатылымға шығарған. Наурыздың басында банк «өз балансын нығайту үшін» 1,75 млрд доллардың акциясына қосымша эмиссия жүргізген және 1,8 млрд доллар көлемінде шығындарды өтеген. Сол үшін актив портфелінің бір бөлігін сатқан. Сондай-ақ олар 2,25 млрд долларға жаңа акциялар орналастырғысы келген. Алайда бұл венчурлық инвесторлардың қаупін күшейткен. Сөйтіп олар өз клиенттеріне банктегі қаражатын алуға кеңес бере бастаған. Банк шығарылып жатқан ақша ағынымен күресіп, капитал тартуға тырысып баққан, алайда бұл әрекеттерінен нәтиже болмады.
Инвесторлар капиталдың орны толарына үлкен күмәнмен қарап (себебі банк несиелеген көптеген технологиялық стартаптың жағдайы нашарлаған), «JPMorgan Chase», «Bank of America», «Citigroup» және «Wells Fargo» акцияларын сата бастаған. Өйткені бұл қаржы ұйымдарының да инвестициялық портфелі SVB-ға өте-мөте ұқсас болған, яғни олар да негізінен стартаптарды қаржыландырумен айналысқан.
Осыдан кейін Депозиттерді сақтандыру бойынша федералды корпорация несие ұйымына жеке конкурстық басқарушыны тағайындау туралы шешім қабылдады. АҚШ Қаржы министрі Джанет Йелленнің айтуынша, осы жағдайға қарамастан АҚШ-тың банк жүйесі орнықты болып қала береді. Қазір ел үкіметі банкті немесе оның бір бөлігін сату туралы ойластырып жатыр. «Bloomberg» ақпараты бойынша, банктің бас директоры Грек Беккер банкрот болғанға дейін екі апта бұрын компанияның 3,6 млн доллар көлеміндегі акциясын сатып жіберген.
Калифорния қаржылық қорғау және инновация департаменті 10 наурыз күні SVB-ні жауып, оны басқару міндетін депозиттерді сақтандыру бойынша федералды корпорацияға (FDIC) тапсырған. Салымшылардың қаржысын сақтап қалу үшін FDIC «Deposit Insurance National Bank of Santa Clara» (DINB) құрып, банктің барлық сақтандырылған қаржысын сонда аударған. Мұндағы қаржыға салымшылар қолжетімділікті 13 наурыздан ала бастайды. Ал сақтандырылмаған салымдар бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін «Silicon Valley Bank» активтері сатылымға шығарылады. SVB-нің Калифорния мен Массачусетсте 17 бөлімшесі болған.
2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша банк активтерінің құны – 209 млрд доллар болған, ал депозиттің жиынтық көлемі – 175,4 млрд долларға жуықтайды. FDIC 250 мың долларға дейінгі сомадағы депозитті сақтандырмақ.
«Silicon Valley Bank» – АҚШ-тағы ірілігі бойынша алтыншы қаржы институты. Клиенттерінің басым бөлігін стартаптар құраған. Бұл банктің құлдырауы 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезіндегі «Washington Mutual Inc.» банкінің банкрот болуынан кейінгі аса ірі коллапс болып саналады.
Бір банктің шайқалуы нарықта алапат жел тұрғызып, басқаларды да сүйкеп өтетін сыңайлы. «Financial Times» дерегіне сүйенсек, «Silicon Valley Bank» оқиғасынан кейін активтер көлемі бойынша аса ірі саналатын төрт америкалық банк бір күнде 52,4 млрд доллар нарықтық құнынан айырылған.
АҚШ-тағы банк дағдарысына байланысты арнайы мәлімдеме жасаған Президент Джо Байден салымшылардың бүкіл қаржысының қайтарылатынын айтты. Оның сөзінше, SVB және «Signature Bank» (айтпақшы бұл банк те жабылып қалды) басшылары қызметінен қуылады, олардың инвесторларын ешкім де құтқармайды.
Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың айтуынша, SVB банкроттығының басты себебі – ФРЖ тарапынан пайыздық мөлшерлемелердің күрт көтеріліп кеткендігінде.
«Банк пайыздық мөлшерлемелерді көтергеннен кейін құнсызданып кеткен бағалы қағаздарда өз активтерін ұстап отырған. Банкроттықтың себебі осында жатыр. Қысқа депозиттер есебінен ұзақмерзімді бағалы қағаздар сатып алынды. Банктер бағалы қағаздарды өтеуге дейін ұстамайтындықтан, олар нарыққа сәйкес қайта бағаланады және сәйкесінше шығын ағымдағы кезеңде капитал шоттары арқылы танылады. Мысалы, банк өтеу мерзімі 5 жыл болатын облигацияны жылдық 2 пайызбен сатып алса, ал жыл бойында кірістілік жылдық 6 пайызға дейін артса, онда банк 4 пайыз * 5 = 20 пайыз деп, 100 млрд доллар үшін шығын 20 млрд-ты құрайды деп есептейді. Әрі қарай, бұл қағаз бухгалтерлік есепте 6 пайыз кірістілікпен танылады, ал егер сіз қағазды сатпасаңыз, онда шығыныңыз жылына 4 миллиард қосымша пайыздық кіріс есебінен өтеледі. SVB кассалық айырманы жабу үшін ұзақмерзімді бағалы қағаздарын дисконтпен сата бастады. Олар қағаздардың бір бөлігін өтеуге дейін ұстап қалған сияқты, сондықтан сату кезінде шығынға батқандарын мойындады. АҚШ-та банкроттық санаулы күндер ішінде тәмам болады және депозиторлар өз салымдарын жоғалтпайды. Қаржылық реттеуші барлық салымшының ақша алатынын мәлімдеді. Тек акционерлер мен облигация ұстаушылар алмайды», дейді қаржыгер.
SVB банкроттығынан кейін бірқатар америкалық және еуропалық банк акцияларының котировкасы құлдырай бастады. «First Republic Bank» қағаздары Нью-Йорктегі алдын-ала сауда кезінде өз құнының 65 пайызын жоғалтса, PacWest Bancorp, Western Alliance Bancorp сияқты өңірлік банктер 40 және 53 пайызынан айырылған. Bank of America Corp. қағаздары 3,9 пайызға арзандапты. Акциясы арзандап сала берген компаниялар қатарында JPMorgan Chase & Co. (1,2 пайызға), Wells Fargo & Co. (3,4 пайызға) да бар. Еуропада Credit Suisse Group AG бірден 11 пайызға құлдыраса, HSBC қағаздары өз құнының 3,3 пайызын жоғалтқан.
Бұл жағдай біздің қаржы секторына тікелей әсер ете қоймайды. Дегенмен «сақтансаң – сақтаймын» дегенді естен шығармаған абзал. Сарапшылар, әсіресе ірі банктердің сауда-саттықта аса мұқият болуы керектігін айтады. Бұл ретте банк меншік капиталының, өтімділік қорының жеткілікті болуы, салымшылар қаражатын пайдалануда дұрыс стратегия таңдай білуі, инвесторлардың үрейін ұшырып алмайтындай нұсқаға қарай қадам басуы да өте маңызды. Өйткені қандай да бір қатер төне қалса, онда салымшылар алдындағы міндеттемесін толығымен орындауға тура келмек.