Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын жариялағалы бір жыл өтті. Маңызды құжатта «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты» деген Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында аса маңызға ие Семей аймағынан Абай, бұрынғы Жезқазған облысының аумағынан Ұлытау облысын құруды, сондай-ақ Алматы облысының екіге бөлініп, Жетісу облысының құрылуына қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының ерекше мәні бар. Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атаулары, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс-пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын», деп тапсырманы пысықтаған еді.
Іргесі қаланғанына жарты ғасырдан асқан Қапшағай қаласына Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру қажеттігі де халықтың көкейінде жүрген мәселе болғандықтан, бірауыздан қолдау тапты. Содан бері облыс орталығы болған Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму барысында толайым істер атқарылуда. Қала көріктеніп, көркейіп келеді. Облыс орталығы мәртебесіне ие қаланың инфрақұрылымын дамытып, сән-салтанаты келіскен әсем қалаға айналдыру бойынша қарқынды қадамдар жасалып, жүйелі жоспарлар әзірленді.
Бұл орайда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әлемге танымал суретшілер мен кәсіби шебер архитекторлармен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асуда. Ақпан айында Қонаев қаласына арнайы ат басын бұрған «Urban Living» жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілі Рикардо Марини өзі қызмет ететін компания Түркістан қаласын дамыту жобасын жасағанын, урбанистік және қала құрылысы жобаларын әзірлеуге маманданған консалтингтік компанияның басты бағыты – «плейс-мейкинг», яғни адамдардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалған, көрнекі нысандардың сызбасын жасау арқылы қала құрылысына атсалысып, туризмді дамыту екендігін айрықша атады. Сондай-ақ кәсіби архитекторлар Қапшағай су қоймасының жағалауында ірі нысандар тұрғызбас үшін алдымен топотүсірілім керектігін, жағажай мен ғимараттар аралығының әр адымы пайдалы болуын ескеру керектігіне кеңес берген.
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының алпыс екі тамырына қан жүгіріп, жедел даму жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық беталысы мен Қонаев қаласының өркендеуінің өзектілігін басты назарға алған министрлер де ат ізін жиілетті. Осыдан ай бұрын арнайы іссапармен келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров облыстың тыныс-тіршілігімен танысқан еді. Өңірдегі отандық өнім өндіруші зауыттарды аралап, олардың еселі еңбектеріне оң баға берді. Олардың көшбасынан көрінетін «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытының өнім шығарудағы жылдық қуаты 85 мың тонна болса, балық шаруашылығымен айналысатын «Оспанова Девелопмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 10 мың тоннаға дейін балықтың ерекше түрін өсіріп, өндіруді жолға қойған. Мақсаты айқын серіктестіктердің кем-кетігін бүтіндеуде Ұлттық қордан қаржы бөлініп, қолдау көрсетілсе, өнім көлемі бұдан да еселене түсетіндігі тілге тиек болды.
Бүгінде Алматы облысында дамудың жаңа бағдары белгіленген. Облыс орталығы Қонаев қаласы үшін инфрақұрылымның кең ауқымды моделі дайындалып, соған сәйкес заманауи сапа стандарттарына сай жаңа ғимараттардың, тұрғын үйлердің, әлеуметтік және мәдени-демалыс нысандарының құрылысын бастау көзделген. Осы күні қаланың бас жоспары дайын болғанымен, құрылыс құрылымдарын қаржыландырудың бағдарламалық құжаттары әзірленіп жатыр. Іссапар барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың назарына әкімдік қызметкерлері арнайы әзірленген слайд арқылы Қонаев қаласының толық картасын көрсетіп, тіпті бас жоспар макетін де таныстырған. Кешенді жоспардың тыңғылықты дайындығына министр тарапынан оң баға берілген.
Қонаев қаласына мемлекеттік органдардың көшірілуіне байланысты әкімшілік ғимараттары мен тұрғын үйлерді салу өңірдің өзекті мәселесіне айналған. Бұл мақсатта ірі мегаполис Алматы мен Қонаев қалалары аралығында бой көтеретін «G 4 City» қалашығының болашағы зор болмақ. Облыс жұртшылығын тұрақты жұмыспен қамтуда, индустриялық аймақ құруда да басымдық бар. Ерекше маңызға ие индустриялық аймақты облыс орталығында құру жоспарланған. Оның аумағында ілеспе объектілері бар академиялық қалашық орналасады. Халықаралық университеттерді академқалашық аумағына тарту мақсатында импорттық жабдықты сатып алу үшін оларды қосымша құн салығын төлеуден босату қажеттігі ұсынылып отыр. Сонда инвесторлардың қызығушылығы арта түспек.
Жақында Қонаев қаласына іссапармен келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те түрлі сала қызметкерлерімен өткізген алқалы жиынның күн тәртібінде академиялық қалашық құру жайын талқылаған еді. Аймақта академиялық қалашық құрудағы басты мақсат – облыс аумағында орналасқан кәсіпорындар мен шаруашылықтарға қажетті білікті мамандарды шет мемлекеттерден алдырмай, өз елімізде, жерімізде даярлау. Осы мақсатта академқалашықта 1200 орынды политехникалық колледж салу ұсынылып, бұл бастама Премьер-министр Әлихан Смайыловтан қолдау тапқан.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласынан академиялық қалашық салу жоспарланған. Ол үшін облыс әкімдігімен келісе отырып, 100 гектар жер бөлінген. Біз келешекте шетелдің дамыған университеттерімен келіссөз жүргізу арқылы осы маңда жоғары оқу орындарын ашуды көздеудеміз. Жоспар бойынша «G 4 City»-де ірі индустриялық, өнеркәсіптік кластер орналаспақ. Жаңадан қалыптасып жатқан өндірістік аймаққа қажетті мамандардың тізімін жасақтап, кадрлық тапшылықты айқындау керек, – деген еді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 790,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл жылдық жоспардың 105,7 пайызын құрайды. Жалпы алғанда 2118 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 2021 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді іске қосу жоспары 104 пайызға орындалған. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын салуға 8,8 млрд теңге бөлінген. 47 жобаның 15-і аяқталғаны туралы аймаққа ат басын бұрған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың қатысуымен өткен жиында да айтылды.
Білім беру саласы бойынша былтырғы жылы 20 нысан салуға 35,9 млрд теңге бөлініп, қаржы 99 пайызға игерілген. Осы 4 нысан пайдалануға беріліп, биылғы жылға 16 нысан қалдырылған. Денсаулық сақтау саласы бойынша да 8 нысанның құрылысы жүргізіліп, 4-еуі қолданысқа берілген.
Десе де, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор Алматы облысында атқарылар қыруар жоспарлы жұмыс бар. Атап айтқанда аймақта бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, өңірлерге инвесторлар тарту, кәсіпкерлікті, туризмді дамыту, жұмыссыздықты түбегейлі жою, ауыл шаруашылығы саласын жандандыру, сапалы өнім көлемін арттыру сынды халықтың хал-ахуалын жақсартып, тұрмыс-тіршілігін түрлендіруге бағытталған іс-шаралар жібін үзбей жалғаса бермек.
Ұлбосын ИСАБЕК,
журналист
Алматы облысы