• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Наурыз, 2023

Есірткі өндірісімен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

149 рет
көрсетілді

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті ауқымды арнайы операция барысында интернет-ресурстардың көмегімен синтетикалық есірткі өндірісін және оларды Қазақстан аумағында өткізуді ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың қызметін жойды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz. сайтына  сілтеме  жасап.

Өткен жылдың аяғында Алматы облысындағы ведомствоның жедел қызметкерлері жедел шаралар жүргізді. Шара барысында өңір аумағында үш жасырын зертханада синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған сегіз шетел азаматы анықталып, ұсталған еді.

Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қосымша осы қылмыстық топты қаржыландыруға, сондай-ақ прекурсорларды (есірткі өндіруге арналған химиялық заттарды) және зертханалық жабдықтарды шетелден Қазақстанға жеткізуге жауапты екі шетелдікті, яғни негізгі ұйымдастырушыларды анықтаған.   «Прекурсорларды жеткізуді, сақтауды және өткізуді ұйымдастырған ұйымдастырушылардың бірі Алматы қаласында ұсталды. Тінту барысында ол жалға алған алты қоймадан есірткі дайындауға арналған сегіз «реактор» деп аталатын арнайы зертханалық жабдық және 13 тонна прекурсорлар тәркіленді», делінген хабарламада.

Осылайша, елімізде екі тонна синтетикалық есірткі өндіруге (4 миллион доза) және сегіз ірі есірткі зертханасын құруға жол берілмеді. Сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіруге арналған 30-дан аса басқа жабдық, оның ішінде вакуумдық сүзгілер, терморегуляторлар, сорғылар тәркіленген.