Nazarbayev University-де жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры Гүлнәр Омарбекованың «Қазіргі қазақ мақал-мәтелдерін зерттеу: цифрлық, танымдық, әдеби және экологиялық бағыттар» атты кітабының таныстырылымы өтті. Зерттеу жинағы Питер Ланг (Нью-Йорк) баспасынан былтыр жарық көрді.
Мазмұнды іс-шараға Nazarbayev University-дің академиялық істер жөніндегі вице-провосты Лоретта О’Доннелл және кітапхана бас сарапшысы Петр Михайлович Лапо қатысты. Олар аталған еңбекті қазақ мақал-мәтелдерінің құрылымы, семантикасы, когнитивті, лингвомәдени ерекшеліктері, прагматикасы және БАҚ беттерінде трансформациялануы мен цифрлануы сияқты өзекті тұстарын тереңдете зерттеген ғылыми жұмыс деп бағалады.
Сондай-ақ таныстырылымда сөз алған басқа да ғалымдар қазақ мақал-мәтелдерінің ұлттық табиғатын сипаттайтын жинақ отандық және Батыс әдістемесін біріктіріп, қазақ ғалымының бірегей зерттеуін әлемге танытатын алғашқы еңбек екенін жеткізді. Аталған кітап биыл Scopus дерекқорына енген.
Сонымен қатар іс-шара барысында ән айтылып, күй шертілді. Әсіресе Жанар Әбдіғапарова шырқаған халық әндері келген қонақтарды жылы әсерге бөледі.