Қазақстанның теннисшісі Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте өтіп жатқан жүлде қоры 8 800 000 АҚШ долларын құрайтын WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.
Бұған дейінгі бәсекелерде америкалық София Кенин мен испаниялық Паула Бадосадан басым түскен отандасымыз 1/8 финалда ресейлік Варвара Грачевамен шеберлік байқасты. Әлемдік рейтингте 66-орында тұрған 22 жастағы Ресей ойыншысының бағындырған пәлендей белестері жоқ. «Үлкен дулыға» додасында ол үшінші кезеңнен аса алмаған. Десек те дәл осы турнирде Варвара өзінің жерлесі, WTA тізімінде сегізінші сатыда тұрған Дария Касаткинаны қапы қалдырып, көпшілік назарын өзіне аударды. Бірақ біздің Еленаға оның әлі жетпеді. 1 сағат 21 минутқа созылған бәсекеде жерлесіміз айқын басымдық танытты – 6:3, 6:0.
Ширек финалда Елена Рыбакина Каролина Муховамен күш сынасады. 26 жастағы Чехияның теннисшісі әлемдік рейтингте 76-орынды иеленуде. 2021 жылы ол Уимблдонда үздік төрт ойыншының қатарынан көрініп, Аустралияның ашық біріншілігінде жартылай финалға дейін жетті.