Биыл көктемгі егіс маусымында шаһарда 27 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, егінмен бірге мал шаруашылығында да жетістіктер баршылық. Мегаполис шаруалары 8,9 мың тонна ет, 51,4 мың тонна сүт және 142 млн дана жұмыртқа өндіріпті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 46 млрд теңгеге жетті. Агросаламен қоса, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 15,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Фермерлер былтыр 148,3 млн доллардың өнімін өндірген.
Шаһарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі артып отыр. Импортқа тәуелділікті төмендету үшін 15 млрд теңге тұратын 14 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 298 адам жұмыс тапты. Жаңадан құс фермалары, сүт өндіретін және өңдейтін, балық өсіретін, мал бордақылайтын, мал азығын дайындайтын шаруашылықтар мен жылыжай кешендері ашылды.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының аясында биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 48,7 млрд теңгеге, экспортты 331,8 млн теңгеге, дайын тауар үлесінің өсімін 80 пайызға және негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 15,4 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отыр.
Мегаполисте егістік пен жайылымды жерлердің қысқарғанына қарамастан агросаладағы жобаларды жүзеге асыру тоқтамайды. Сондықтан сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара басын көбейту мақсаты тұр. Қазіргі таңда шаруаларда мыңнан аса асыл тұқымды ірі қара бар. Биыл мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Оның 185,1 млн теңгесі жем-шөп әзірлеуге беріледі. Жоспарға сәйкес биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154 млн дана жұмыртқа өндірілмек.
Сүт өндірісінің жылдан-жылға артуы сүт өнімдеріне сұраныстың өсуінен туындап отыр. Сондықтан асыл тұқымды сүтті сиырлардың санын көбейтуге басымдық берілген.
М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұрлыбай Егемқұловтың айтуынша, мегаполисте мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік толық жетеді.
Шеткі елді мекендерде мал бағып, қосалқы шаруашылықпен айналысып отырған отбасылар көп. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек арқылы жергілікті шаруа қожалықтары қала халқын ағарғанмен толық қамтамасыз ете алады, деді ғалым.
Қала әкімдігі малдың жем-шөбін дайындауға мән бере бастады. Бұл бастама тегін емес. Өйткені «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, жоғары өнім алу құнарлы мал азығына байланысты. Малдың бір күндік азығының жартысына жуығын құрама жем құрауы керек. Сондықтан алдағы уақытта мал азығын әзірлейтін жаңа цехтар бой көтереді.
Кәдімгі сиырлар тәулігіне 7-10 литрден сүт берсе, асыл тұқымдыдан 30-40 литр сүт алынады. Асыл тұқымды мал санын көбейтуге назар аударудың мәні де осында. «Қара ала», «Әулиеата», «Голштино-фриз», «Симентал» секілді ірі қаралар сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналып шығарылған тұқымдар. Оларды шаруаларға көбейтіп берумен және тұқымын сақтап қалумен шаһардағы «Селекциялық орталық» мекемесі айналысады.
«ШҚ Эгамназаров» шаруа қожалығының басшысы Каримжан Ибрагимұлы сиырды сонау Голландиядан сатып әкелген. Ол жақтың мамандары еліміздің оңтүстік аймағын шөбі шүйгін, мал бағуға қолайлы деп мақтапты.
«Асыл тұқымды сүтті сиырды сатып алу үшін Германияға да бардым. Неміс фермерлері Қазақстанның күнгей өлкесін мақтай жөнелді. «Голштино-фриз» сиырлары Германияда тәулігіне 35-40 литр сүт берсе, біздегі аймақта бабын келтірсе, 50 литрге дейін сүт алуға болатынын айтты неміс шаруалары. Солардың болжамы дәл келді. Сиырлар оңтүстіктің климатына тез үйреніп кетті. Өнімді де молынан беріп жатыр», деді шаруа.
Кәсіпкердің бизнес бастамасына қолдау білдірген ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы құжат рәсімдеу жағына да көмек көрсеткен. Сонымен бірге шетелден әкелінген асыл тұқымды әр малдың басына 400 мың теңгеден субсидия төленді. Оған қосымша жем-шөпке деп әр ірі қараға 70 мың теңгеден, сүттің литріне 20 теңгеден ақша берілді. Малды ұрықтандыруға да бөлек субсидия қаралған. Шаруа қожалығының Алматы қаласындағы селекциялық мекемемен келісімі де бар екен.
Голландиядан әкелінетін «Голштино-фриз» сиырларының елге жеткізу шығыны 1,3 млн теңге. Сондықтан субсидия осындай шаруашылықтарға аяққа тұрып кетуге үлкен жәрдемін тигізеді.
Аталған қожалық жуырда Ресейден «Қызылдалалық» асыл тұқымды сүтті сиырларды да әкелген. Олардың бір ерекшелігі ауруға төзімді келеді және «Голштино-фризға» қарағанда ветеринардың көмегінсіз өздері төлдей береді.
«ШҚ Эгамназаров» шаруашылығында 300-ден астам сүтті сиыр бар. Қала бойынша ең майлы сүт осы фермада өндіріледі: 4,5-4,8 пайыз. Сондай-ақ тәулігіне 2 тоннадай автоматтандырылған сауу аппараттарымен сүт сауылады. Алынған өнім ағарғаннан түрлі дайын өнімдер шығаратын «Алтын дән» компаниясына жіберіледі. Кәсіпорын сүтті 270 теңгеден сатып алады. Енді шаруаның мақсаты мал азығының бір түрі сүрлем дайындау. Ол үшін қалалық әкімдіктің қолдауымен егістік жерді жалға алмақшы.
Шаруа айтқандай, сүт сапасы оның қорегіне байланысты. Сондықтан малдың азығының рационында шүйгін шөп, қатқыл пішен, соя және құрама жем болуы керек. Сонда бір айда 7-10 тоннаға дейін сүт өндіруге болады. Сондықтан соңғы жылдары мегаполистің егістік даласында мал азығына қажетті дақылдардың үлесі арта бастады.