• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 16 Наурыз, 2023

Мүгедектігі бар азаматтарға – кедергісіз орта

319 рет
көрсетілді

Мүгедектігі бар азаматтардың саяси және қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз ету. Оларды мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ретінде ұсыну. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайларын ескере отырып, сайлау алдындағы үгіт жүргізу мүмкіндігін қарастыру. Бұл – сайлау науқаны басталғалы бері Орталық сайлау комиссиясының ерекше назар қойып келе жатқан басты сұрақтардың бір парасы. Комиссия мүшесі Анастасия Щегорцованың төрағалығымен өткен Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысында да бұл мәселелер кеңінен сөз болды.

Отырыс жұмысына мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары мәсе­лелеріне жетекшілік ететін жұмыс тобы, аумақтық сайлау комиссияларының мү­шелері, жергілікті атқарушы орган­дар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл офисі, саяси партиялардың өкіл­дері, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД мис­сия­ларының байқаушылары қатысты.

Жұмыс тобының отырысында ерекше қажеттіліктері бар сайлаушыларды сайлауға дайындық барысы, сондай-ақ Брайль шрифтімен трафареттер жасау мәселесі, сайлау учаскелерінде дауыс беру үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелері қаралды.

Отырыста жеті саяси партияның өкілдері Орталық сайлау комиссиясының ұсы­нымдарын іске асыру бойынша қабыл­данған шаралар туралы ақпарат берді. Мәселен, «Amanat» партиясы Орталық аппаратының өкілі Марат Сыдықов сайлау науқаны шеңберінде партияның сайлауалды штабы мүгедек­тігі бар адамдардың үгіт материалдарымен танысуына ерекше назар аударғанын атап өтті.

«Буклеттерді дайындау кезінде арнайы бедерлі-нүктелі тактильді қаріп (Брайль қарпі) пайдаланылып, нашар көретіндердің қажеттіліктеріне бейімделген партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат орналастыру үшін ақпараттық сайт әзірленді. Партиядан ұсынылған респуб­лика мәслихаттарына депутаттыққа кандидаттардың шамамен 2 пайыздан астамы немесе 56 адамның мүгедектігі бар», деді партия өкілі.

«Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының өкілі Абай Табысбаев демократиялық партия сайлау заңының талаптарын сақтау мақсатында мүгедектігі бар адамдар арасынан облыстық мәслихаттардың партиялық тізіміне 13 кандидат ұсынғанын атап өтті. А.Табысбаевтың мәлімдеуінше, сайлаушылармен кездесулер кезінде де жүріп-тұруында қиындықтары бар кандидаттар арнайы көлік құралдары және жеке көмекшілермен қамтамасыз етілген.

Ал «Ауыл» ХДПП хатшысы Қуаныш Сейітжанов саяси дода кезінде өңірлерде инклюзивті қоғам өкілдерімен үгіт-насихат іс-шаралары, мысалы, «Инклюзивті қоғамға – лайықты назар» республикалық іс-шара, «Инклюзияның қоғамдағы рөлі» тақырыбында подкаст, мүгедектердің бірқатар қоғамдық бірлестігімен, көпбалалы аналармен және олардың отбасыларымен, мүгедектігі бар сайлаушылармен кездесулер өткізілгенін атап өтті. Жалпы, сайлау науқаны кезінде ауылдықтар партиядан барлық деңгейдегі мәслихаттарға мүмкіндігі шектеулі 6 үміткер ұсынғанын айта кеткен жөн.

Қазақстан Халық партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Ислам Сұңқар барлық үгіт шаралары партия іс-шараларының тікелей қатысушылары болып саналатын мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдай ескеріле отырып жүргізіліп жатқанын айтты. «Кезектен тыс сайлау кезінде түрлі деңгейдегі мәслихаттарға Жам­был, Павлодар, Абай, Ұлытау облыс­тары және Алматы қаласында 5 мүгедектігі бар адам ұсынылды», деп атап өтті ол.

«Байтақ» Жасылдар партиясының Республикалық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Ермек Рахимовтің мәлімдеуінше, Алматы және Жамбыл облыстарында мүгедектігі бар адамдардың қатысуымен үгіт жұмыстары белсенді жүргізілген.

«Жалпыұлттық социал-демокра­тиялық партия» орталық аппаратының басшысы Талғат Омаров та бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Respublica» партиясының өкілі Нұрлан Джаменков партиядан Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат болып, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыра отырып, Алматы қаласы бойынша сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізетін, әрқайсысының мүмкіндіктері тең болатын инклюзивті қоғам құру бөлігінде көру қабілеті нашар адам ұсынылатынын хабарлады.

Шыны керек, елімізде бұрын-соңды өткізілген сайлау науқандарында мүге­дектігі бар сайлаушылардың қажет­ті­ліктерін ескере отырып, кандидаттардың үгіт материалдарын дайындау тәжірибесі болмаған еді. Сондықтан жұмыс тобы­ның мүшелері осы бағытта белгілі бір жетістікке жеткенін атап өткен жөн.

Бұдан әрі отырыс барысында бірқатар жергілікті атқарушы орган мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін учаскелерде ерекше жағдайларды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың адам құқықтарын қорғау бөлімінің меңгерушісі Жанар Бигалиева отырыс­қа қатысушыларды мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін учаске­лердің қолжетімділігін тексеру нәтижелері туралы хабардар етті.

Сайлау алдында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдеріне аталған саладағы заңнаманың сақ­талуына барлық сайлау учаскелеріне мони­торинг жүргізу, сол арқылы мүге­дектігі бар адамдардың сайлау құқы­ғына қол жеткізуін қамтамасыз ету тап­сырылған еді. Сондай-ақ 2022 жыл­ғы президенттік сайлауда алғаш рет шығарылған Брайль шрифтінің көмегімен трафаретті дайындау да жеке мәселе ретінде қарастырылды. Бұл бас­таманы сарапшылар да, көру қабілеті нашар сайлаушылар да оң бағалады.

Мәселен, ағымдағы саяси науқан кезінде дауыс беру үшін Брайль шрифтін пайдалана отырып трафарет дайындалды. Сараптаманы «Қазақ зағиптар қоғамы» және «Еркіндік қанаты» ҚБ ұйымдары жүргізді.

Бүгінгі күні аумақтық сайлау ко­мис­сияларының ақпаратына сәйкес Парламент Мәжілісінің бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөніндегі бюллетеньдерге трафареттер мен аудионұсқалары дайындалды, оларды тыңдағаннан кейін мүмкіндігі шектеулі жандар бюл­летеньдерді өз бетінше толтыра алады.

Сондай-ақ сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде жаднама дайындалды. Дайындық кезінде жұмыс тобы мүшелерінің – «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» және «Еркіндік қанаты» ҚБ өкілдерінің ұсыныс-тілектері ескерілді.

Отырыс соңында Анастасия Щегорцова сайлау науқаны шеңберінде барлық мүдделі тараптардың, атап айтқанда, саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктер, кандидаттар, мемлекеттік органдар, сайлау комиссиялары мүшелерінің мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.