«Тарта жесең, тай қалады» дейді халық даналығы. Бұл, әрине, алғашқы кезекте қай нәрсенің де қадірін біліп, үнеммен жұмсауды мақсұт тұту жайындағы сөздің түп төркіні іспеттес. Олай болса, елімізде осы тұрғыда да бірқатар игілікті істер атқарылуда.
Соның бірі энергия үнемдеу болса, жуырда Астанада ел Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің арасында 21,7 миллион АҚШ доллар сомасына Қазақстанның энергетикалық тиімділігін арттыру жобасын жүзеге асыру туралы гранттық келісімге қол қойылды. Аталған келісімге Үкімет тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ал Дүниежүзілік банк жағынан ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Шебнем Аккая қол қойды.
Шара барысында Ә.Исекешев жобаны жүзеге асыру кезінде елдің барлық облыстарындағы мемлекеттік, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жаңғыртылуы жоспарланғанын және олардың ішінде мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен көше жарықтандыру жобалары да бар екенін айтып өтті. Сондай-ақ, қаражат институттық базаны жақсартуға және энергетика саласын қаржыландырудың тұрақты механизмдерін құруына бағытталмақ.
ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Ш.Аккая энергетикалық тиімділікті арттыру үшін қолайлы жағдайлар құрудағы Үкімет жетістіктерін айрықша атай келе, Дүниежүзілік банк өз серіктесін жобаны жүзеге асыру барысында әлемдегі ең жақсы тәжірибемен бөлісу, институттық әлеуетті дамыту арқылы қолдауға дайын екендігін жеткізді. Аталмыш жобаны іске асыру барысын бақылау мен үйлестіру Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жүктелмек.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарына сәйкес ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын тиісінше 10 және 25 пайыздарға төмендету қажет екен. Өйткені, Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында 2050 жылға дейін ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын екі есеге төмендету міндетін қойды.
Еліміздің энергия тұтыну құрылымын талдау үнемдеу саясатын іске асыру барысында экономиканың үш басты саласы – өнеркәсіп, энергетика, транспорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы секторына айрықша тірек істеу қажеттілігін көрсетеді. Қазірдің өзінде ҮИИДМБ аясындағы бұл бір міндет орындалды деп айтуға болады. 2008 жылға қарағанда ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 13,5 пайызға төмендеген.
Энергия тиімділігін арттыру бойынша 16 өңірлік және 5 салалық энергия үнемдеу кешендік жоспары іске асырылуда. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанында Электроэнергетика және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылып, энергия үнемдеудің 5 ғылыми орталықтары ашылған.
«Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда тоғыз бағыт бойынша энергия тиімділігін арттыру үшін негізгі іс-шаралар анықталған. МЭТ-тің 50 ірі субъектісінің тұтынуы 46 миллион шартты отын тоннасын құраса, ол елдің энергия тұтынуының 40,1 пайызын құрайтындығын атап өткен жөн. Дәл осы ірі кәсіпорындармен жұмыс энергия үнемдеудің маңызды тиімділігін қамтамасыз етеді. Аталған 50 кәсіпорынның энергия сыйымдылығын 25 пайызға төмендетуді қамтамасыз ету еліміздің ІЖӨ энергия сыйымдылығының 10 пайызға төмендеуіне әсер етпек. Өткен жылы елдің электр энергиясын тұтынуы 2 миллиард кВт сағатқа төмендеген. Экономиканың түрлі секторларында, әсіресе, өнеркәсіп секторында энергия үнемдеудің оң нәтижелері байқалған.
Энергетиканы үнемдеу барысындағы игі шаралар осылай жалғасуда.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».