Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасындағы қызметкерлердің жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілерге қызметкердің еңбек өтіліне қарай еңбек шартын жалғастыру немесе жалғастырмау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік берілді. Көптеген жұмыс берушілер мұндай жұмысшыларды бұрынғы қызметінде сол жалақымен қалдырады», деді Тамара Дүйсенова Сенат отырысында.
Оның айтуынша, Еңбек министрлігі мұндай мүмкіндікке кедергі келтірмейді.
«Сонымен қатар олар республикалық бюджеттен қарастырылған зейнетақы төлемдерін алатын болады. Иә, кей жағдайларда бұл отбасылық бюджетке қажет болғандықтан жұмысын жалғастырғысы келетін адамдар болуы мүмкін. Бұл адамның өз таңдауы», дейді Тамара Дүйсенова.
Бұл ретте тілшілер министрге «Зейнет жасына жеткенде жұмысыңызды жалғастырасыз ба?» деген сұрақ қойды.
«Егер менің тәжірибем қажет болса, мен жұмысты жалғастырар едім. Тәжірибем қажет болмаса, әрине, мен де зейнеткерлікке шығамын. Зейнетақы төлемдерін аламын», деп жауап берді Т.Дүйсенова.