Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) әлем чемпионатының топтық кезеңінде Италия командасының қорғаушысы Джорджио Кьеллиниді тістеп алған Уругвай құрамасының шабуылшысы Луис Суарестің әрекетіне қатысты шешім шығарды.
Өткен аптадағы кездесу кезінде Кьеллинидің сол жақ иығын тістеп алған Суареске ФИФА-ның тәртіптік комитеті ұлттық құраманың 9 ресми кездесуіне және 4 ай көлемінде кез келген матчтарға қатыспау туралы жаза қолданылды. Сондай-ақ, «Ливерпульдің» шабуылшысы 100 мың швейцариялық франк айыппұл төлейтін болады. Басына қара бұлт үйірілген уругвайлыққа тіпті, кез келген ресми матчтарды тамашалауға да тыйым салынды. Бірақ Уругвайдың футбол Ассоциациясы ФИФА-ның бұл шешіміне келіспейтінін, алдағы уақытта істі қайта қарауға шағымданатынын айтыпты.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін де уругвайлық шабуылшы өз қарсыластарына бірнеше рет «тіс батырып» көрген. Ол 2010 жылы Голландияның «Аякс» командасында ойнап жүрген кезінде ПСВ «Эйндховеннің» ойыншысы Отман Баккалды тістесе, Англия чемпионатында 2013 жылы «Челсидің» қорғаушысы Бранислав Ивановичтің иығынан қыршып алған болатын.