Жуырда алматылық музыкант әрі шебер қазақтың құлағына әбден сіңген ән «Қамажай» орындалатын музыкалық қорапша жасап шығарды. Ағаштан жонылған алақандай туынды сиқырын бүккен сандықтай сүйкімді көрінеді. Шетіндегі ілгегін сәл бұрасаңыз болды, көңіл тербейтін ескі әуен әуелей жөнеледі. Сол-ақ екен, «басында Қамажайдың бір тал үкі...Ахау хайлилайым, лилилайым...» деп еріксіз күбірлеп жүргеніңіз.
Әкелі-балалы Константин мен Илья Мордовецтердің шығармашылығы өзіндік стилімен, талғамымен, тың көзқарасымен ерекше. Қолдан өнер жасау бұл отбасына ортақ дарыған. Олар негізінен халыққа бейтаныс аспаптар жасаумен айналысады. Мәселен, елімізде жапырақ типтес тональды барабан – глюкофонды солар ғана жасайды. Сызбасын өздері сызады, өздері дайындайды және соған кез келген әуенді салып орындайды. Үйренемін деушілерге де өздері көрсетеді. Ешкімге ұқсағысы келмейтін һәм бәрі істеген дүниені қайталағысы келмейтін талаптарына қайран қаласың.
Хангтар мен глюкофондардың, варгандардың, тибеттік ән салатын тостағандардың, сондай-ақ қоңырау атаулының барлық түрінің ғарыштық әсердегі дыбыстары таңғалдырады, бір сәт санаңды мүлдем басқа ғасырға алып ұшып, енді бір сәт іштегі тыншып жатқан бір рухты оятқандай болады. Тыңнан түрен салған дыбыстар делебеңді қоздыра түседі. Тыңдап отырып, жапырақ-барабанды ұрғылағың-ақ келеді. Әрине, ең бастысы – әр соққыдан шығатын дыбысты сезіну, әсерін, тынысын өлшеу. Байқасақ, әкесі мен баласының жасап жатқан аспаптарының бәрі дерлік мистикалық сарынға толы. Әр дыбыс сиқырымен баурап алатындай күшпен шығады. Кейде тіпті көк түріктің рухын сездіретіндей ме, қалай?!
Айта кетейік, бұл глюкофон дегеніңіз 2005 жылы ғана пайда болған жаңа аспап. Әйгілі перкуссионист Felle Vega оны кәдімгі газ баллонынан жасап, интернетке бейне-жазбасын жариялаған. Глюкофонның дыбысы көпшілікті қызықтырғаны соншалық, аспапты әлемнің әр түкпірінде жасай бастады. Газ баллондарын кесіп, дәнекерлеп, дыбысын қойып, осынау белгісіз туындыға Мордовецтердің де аңсары ауды. Осыдан соң алматылық жұрт оларды шеберлердің түрлі жәрмеңкелерінде жиі көріп жүрді. Ал Илья «Алакөл қанаттары» республикалық экофестивалінің амбассадоры болды. Дәл осы фестивальда «Қамажай» әні ханг пен глюкофонда алғаш рет ойналған еді. Илья Мордовец халық әуенін «Фонограф» тобымен бірге орындады. Кейін «Қамажайды» KITF халықаралық туристік көрмесінің қонақтары да тыңдады. Бұл жолы Илья әнді индонезиялық музыканттармен бірге хангта тосыннан ойнады. Бірақ ханг, біле білсеңіз, арнайы орынды қажет ететін көлемді аспап. Ал глюкофон кішігірім әрі алып жүруге де ыңғайлы.
Жақында пайда болған қорапшаның жөні тіптен бөлек. Әуені естілісімен-ақ биге икемделіп, денең еріксіз ырғала жөнелетін әнді енді сөмкеге салып жүруге де болады. Алақаныңызға қойып, әлемнің кез келген нүктесінде «Қамажайды» тыңдай аласыз. Бір сәт туған жердің топырағы мен дарқан көңілін елестетіп, жан сарайыңыз жылып сала береді.
Шағын формасынан бөлек қазақтың мәдениеті мен өнерін танытатын қорапшаның рухани маңызы да үлкен. Яғни сан қырлы салт-дәстүрге бай Қазақстанның бір белгісіндей рөл атқарады. Әрі бұйым, әрі сыйлық – туристер үшін де таптырмас зат.
«Қамажайдың» тарихы сонау ежелден тамыр тартады. Тіпті әннің әуеніне қазақтың ұлттық биін билеу де дәстүрге айналып кеткен. Бұл би халқымыздың бес мың жыл бұрынғы тарихи болмысын бейнелейді. Жалпы, қазақ билері секілді ол да ежелгі жылан культіне негізделген. Бишінің дене қозғалысы, іс-әрекеті жыланның қозғалысын имитациялайды. «Қамажай» сөзінің этимологиясын жылан культі тарапынан қарастырсақ, «қам» сөзінің түбірі бақсылыққа қатысы бар, ал «ажа» – жылан, баба. «Қама» – көне түркі дәстүріндегі бақсының атауы. Махмұт Қашқари сөздігінде «қам» сөзі «балгер, емші, шаман» деп аударылады.
Ал ән әу бастан «халық әні» делінеді. Авторының кім екені зерттеліп, анықталған жоқ. Бәлки, оған тиісті мәліметтердің қолға тимеуі себеп болар. Дегенмен «Қамажай» әнінің алғашқы атауы «Әуез-ай» болғаны ол Құлеке батырдың әні екені жөнінде сөз бар. Сондай-ақ қазіргі айтылып жүрген сөзі автордың өзінікі емесдеген де пікір айтылып жүр. Құлеке батырдың «Қамажай» әні бір уақытта Ақтоғай, Балқаш өңіріне кеңінен тараған ән болған деседі. Бірақ ән тарихы туралы еш жерде ештеңе жарияланбаған. Ән авторының есімінің аталмай, халық жадынан ұмыттырылуына алғашында «Әуез-ай» деген атпен танымал болған ән авторы Құлеке Қармысұлы батырдың Кенесары көтерілісіне қатысуы және патшалық Ресейдің саясатына қарсы шыққан қауіпті саяси тұлға ретінде есімін атауға, ол туралы жазуға тыйым салынуы себеп болған. Әннің атын «Қамажай» деп өзгерткен, қалыңдығына өлең жазып, осы әннің әуеніне салып, оны қалыңдығы Қамилаға шырқатқызған Қызылбай Жандеркеұлының аты-жөні де ашық айтылмады. Өйткені ол Алашорда қайраткері Жақып Ақбаевтың әкесімен бірге туған ағайыны болатын. Жергілікті халық ән авторларын білсе де, осындай себептермен олардың аттарын айта алмай, құпияда сақтады. Қауаз Мұқажанұлының әнге қатысты қолжазбасындағы деректерге сүйенсек те осы ойға бекиміз. Яғни әннің бұрынғы аты – «Әуез-ай, әнім менің», сөзі де, әні де Құлеке батырдікі, қалыңдығы Ташкент жақтағы Арғын-Алтайдың қызы екен, сол кісіге арнап шығарған екен. Кейін елге келгенде Досымбектің Қамиласы үйреніп, айтып жүретін болыпты. Бұл әнді атастырған күйеу жігіті Жандеркенің Қызылбайы қатты ұнатып, оқуында жүріп Қамажайына өлеңмен хат жазғанда, өлеңнің аты «Қамажай» аталып, тарап кетіпті. Сөйтіп, бұрынғы сөзі де, Құлекенің аты да, Қызылбайдың аты да ұмытылыпты деседі. Әлқисса.
Аталған музыкалық қорапшаның авторы Илья Мордовец бұл идеяға қалай келгенін айтты. «Шетелді көп араладым. Сонда байқағаным, қаланың, елдің аттарымен осындай қорапшалар көп. Бірақ сол ұлттың мәдениетінен хабар беретін, жалпы халықтың бойына сіңген ән жоқ. Көбісі Гарри Поттер, «Битлздің» сынды белгілі кинолар мен топтардың әуендерін ғана ойнайды. Сосын қазақтың өнерінен бір үзік ретінде жалпақ жұртқа танымал халық әнін қорапшада ойнату ойыма келді. Көп іздендім. «Қамажайды» алғаш тыңдағанда қазақтың тіршілігін, тұрмыс-салтын, табиғатын көрсететін ноталарды бірден таныдым. Әннің әуезі де көңілді ғой», дейді шебер.
Сондай-ақ ол қорапшаның идеясы мен сызбасы, дизайны ғана өздерінікі екенін атап өтті. Ал тауар Қытайда жасалған. Бүгінгі таңда «Қамажай» түрлі жәрмеңкелерде сатылымда тұр. «Енді тағы қазақ даласына әйдік ән тауып, музыкалық қорапшаның механизміне салуым керек», дейді Илья.