Шымкент қаласының жаңадан құрылған бесінші ауданы – Тұран аудан әкімінің аппараты 2023 жылғы қаңтар айынан бастап жұмысына кірісті. Осы үш айдың өзінде-ақ тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік мәселелері шешімін тауып үлгерді. Жұмысты оңтайландыру бағытында атқарылатын шаруалар әлі де көп. Жыл басында аудан аппаратындағы қызметкерлер штат кестесіне сай толық болмаса да жұмыс қарқыны одан бәсеңдеп қалған жоқ, тұрғындармен де байланыс үзілмеді. Ал қазір аудан әкімдігінде мамандар мен қызметкерлер саны толық жеткілікті.
Статистикалық мәлімет бойынша Тұран ауданының жер көлемі мегаполис аумағының 32 пайызын құрайды. Халқының саны 220 мыңнан асады. Аудан 21 елді мекен мен тұрғын алаптан және орталық аумақтардан тұрады. Сондай-ақ оған 84 балабақша, 41 мектеп, 9 колледж және 6 денсаулық мекемесі мен 12 мешіт қарайды.
Тұран ауданының әкімі Боранбай Булатбеков жаңа әкімшілік аймақтың бүгінгі жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы айта келе, қазіргі уақытта аудан аумағында орналасқан елді мекендер жүз пайызға жуық ауыз сумен қамтылғанын, ал бүгінгі күнге дейін кестемен ауыз су тұтынып келген Құрсай елді мекенінің ауыз су құрылысы толық аяқталғанын хабарлады.
Аталған елді мекенде ауыз су құрылысы біткен соң құбырлар жуып-шайылып, дезинфекцияланды, енді тұрғындарды ауыз суға қосу жұмыстары рет-ретімен атқарылып жатыр. Нәтижесінде, 2023 жылы аудандағы елді мекендер толық сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Сондай-ақ Тұран ауданындағы сапалы жарық тұтынатын елді мекендер саны да жүз пайызға жетейін деп қалды. Сол Құрсай елді мекенінің жаңақұрылыс аумағын сапалы электр қуатымен қамту үшін мамандар жобасын жасауға кірісті. Жоспарға сәйкес екі жыл көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылдан бастап аудан аумағындағы әрбір үй сапалы электр энергиясына қол жеткізеді.
Аудандағы табиғи газбен қамтылу көрсеткіші де жүз пайызға жетеқабыл. 2022 жылдың соңында Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамту бойынша құрылыс жұмыстары толық аяқталды. «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан газ құбыры жүйелерін сынамадан өткізу ғана қалды. Нәтижесінде, биыл жоғарыда аталған елді мекендер табиғи газбен толық қамтылатын болады. Сөйтіп, 2023 жылдың қорытындысымен, Тұран ауданының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жетеді.
Аумақтық әкімшілікте қазіргі таңда 41 мектеп бар. Оған қоса биылғы жылы Ақжар елді мекенінен 600 орындық мектеп салынайын деп отыр. Бұл білім ошағының құрылысы 2024 жылы аяқталады. Сонымен қатар келесі жылы Жаңаталап елді мекенінде 600 балаға арналған жайлы мектептің іргесі қаланып, ол арғы жылы пайдалануға беріледі. Ал емхана құрылысы бойынша айтсақ, Құрсай елді мекенінде жеке инвестор есебінен жаңадан 450 орындық емхана бой көтереді. Биылғы жылдың наурыз айында басталған оның құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспар құрып отыр.
Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Шымкент қаласы бойынша филиалы жаңадан құрылған бесінші аудан тұрғындарына ХҚО-да көрсетілетін мемлекеттік қызметтер толық көлемде қолжетімді екенін хабарлайды. Сондай-ақ Қаржы министлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы да өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан тіркелген салық органының коды берілді. Енді Тұран ауданының тұрғындары кез келген ХҚО-ға барып, барлық мемлекеттік қызметтерді кедергісіз ала алады.
Тұран ауданының әкімі бүгінге дейін бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесті. Сондай жүздесулердің бірі Құрсай елді мекенінде өтті. Оған аудан әкімі аппаратының сала мамандары, құзырлы орган мен коммуналдық мекеме басшылары қатысты. Жоғарыда айтылғандай, елді мекенде ауыз су құрылысы аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүріп жатыр. Өз кезегінде тұрғындарының өтінішіне қарай құбыр салу үшін қазылған көшелердің барлығы мердігер мекеме тарапынан қайта қалпына келтірілетін болады. Сонымен қатар 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 40 көшеге шағал тас төселеді. Жалпы, елді мекендегі инфрақұрылым мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді.
Аудан әкімі Жаңаталап елді мекенінің халқымен де кездесті. Тұрғындар өтінішіне орай мұнда халықты сапалы электр энергиясымен қамту мәселесі қолға алынды. Жауапты мекеме қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан құрылыс жұмыстары ұйымдастырылып, былтыр толық аяқталғанымен, мердігер компания кейін қосымша трансформаторлардың сақтандырғыш-изоляторларын ауыстырып берді. Жиында сөз болған мәселелердің бірі, биылғы жылдың жоспарына сәйкес, Әбдірайымов көшесі жарықтандырылатын болды.
«Кездесу барысында айтылған өзге де көшелердің қажеттілігін зерттеп, тиісті жұмыстар атқару бойынша тапсырма бердім. Бірінші кезекте шағын аудандардағы әлеуметтік нысандар орналасқан және қоғамдық көліктер қатынайтын орталық көшелер жарықтандырылады. Бұл бағытта Жаңаталап елді мекенінде атқарылатын жұмыс жоспары менің бақылауымда», деді Боранбай Булатбеков.
Сонымен бірге жуырда Тұран ауданы аумағындағы барлық елді мекендер мен шағын аудандарда сенбіліктер ұйымдастырылды. Аталған іс-шара барысында жұрт жаппай аулалар мен саябақтарға және көше бойларына тал-дарақтар екті, нәтижесінде 4 мың түп көшет отырғызылды. Осы ретте аудан басшысы сенбілік – қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып халықты ауызбіршілікке шақыратын игілікті іс екенін айтты. Сондықтан көгалдандыру, тазалықты сақтау жұмыстарын Тұран ауданы әкімдігі әрдайым басты назарда ұстамақ.
Бұдан бөлек жаңа әкімшілік аумақта жалпы саны 296 балалар ойын алаңшасы бар. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2023 жылы Тұран әкімдігі 10 балалар ойын алаңшасын салуды көздеп отыр. Мұнымен қоса жаңадан 4 ашық спорт алаңшасы да бой көтеретін болады.
ШЫМКЕНТ