Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында 2023 жылға арналған бюджетке өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ бірқатар заң жобасы қаралды.
Өңірлерді қолдауға мән беріледі
Атап айтқанда, сенаторлар «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжат бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Бауыржан Омарбековтің айтуынша, халықаралық қаржы ұйымдары биыл әлемдік экономика 1,7-2,9 пайыз арасында өседі деп болжаған. Осыған сәйкес, 2023 жылға арналған Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 87,3 доллар көлемінде болуға тиіс.
«Жедел деректер бойынша 2022 жылы ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,2 пайызды құрады. Салалық министрліктердің бағалауы бойынша 2023 жылы экономиканың секторларында бұрын мақұлданған мәндерде оң серпін күтіледі. Осыған байланысты 2022 жылғы ішкі жалпы өнім бойынша жедел деректерге, 2023 жылға арналған әлемдік экономиканың өсуіне және экспорттық тауарлардың бағалары бойынша жаңартылған болжамдарға сүйене отырып, елдің макроэкономикалық көрсеткіштері бұрын мақұлданған деңгейде сақталды. Яғни ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 4 пайыз деңгейінде, мұнай бағасы – барреліне 85 доллар, мұнай өндіру көлемі – 92,6 млн тонна болады», деді Б.Омарбеков.
Ұлттық экономика вице-министрі келтірген деректерге сүйенсек, экспорт көлемі 80,9 млрд доллар, импорт көлемі 45,7 млрд доллар көлемінде сақталды. Сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен қыркүйек айындағы Жолдауын қамтамасыз ету бойынша Үкімет алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін 2023 жылға арналған бюджет параметрлері нақтыланған. Мәселен, 2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсуге тис. Сөйтіп, ішкі жалпы өнімнің 12,1 пайызын немесе 14,6 трлн теңге деңгейге жетеді деп болжанып отыр.
«Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі. Мәселен, осы жылы бюджет кірістерінің біржолғы түсімдер есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге ұлғаяды деп есептейміз. Сонымен қатар ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылады. 2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге көлемінде немесе ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайыз деңгейінде сақтау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн теңгені құрайды», деді Б.Омарбеков.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биыл бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн теңгеге жетуі қажет. Қосымша 2,2 трлн теңге шығыс бірқатар бағытқа жұмсалмақ.
«Мемлекет басшысының Жолдауы мен Сайлауалды бағдарламасы шеңберінде айтылған бастамаларды, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінеді. Бұл – өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына көзделген шығыстар. Сондай-ақ бұл бағыт аясында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға – 144 млрд теңге, қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға – 126 млрд теңге, тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақылар беруге 92 млрд теңге қарастырылған», деді Е.Жамаубаев.
Сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды міндеттемені іске асыруға 186 млрд теңге бағытталмақ. Министрдің сөзіне сүйенсек, бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілген. Бұл шығыстардың құрылымының өзгеруінен байқалады.
«Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге көзделген. Тиісінше, шығыстардың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3 пайызға ұлғайды. Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыстар 3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 15,6 пайыз мөлшерінде жоспарланып отыр. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Әлеуметтік саланың шығыстары 298 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8,5 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 37,5 пайызын құрап отыр. Қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендияларын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың мөлшерлерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталады. Күш құрылымы шығыстары 317 млрд теңгеге өсіп, 2,5 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Нақтылау кезінде ағымдағы жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 32 пайызы бағытталады», деді Е.Жамаубаев.
Ал Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, елде іскерлік белсенділік арта бастаған. «2023 жылдың қаңтар айында іскерлік белсенділік индексі өсу аймағына өтіп, 50,7-ні көрсетті. Ақпан айында индикатор 50-ді құрап, өзгеріс болмағанын аңғартты. Барлық секторда тауар жеткізу мерзімінің ұзақтығы іскерлік белсенділікті тежейтін фактор болып қалып отыр», деді Ұлттық банк басшысы.
Кірістен шығыс көп
Сұрақ қою рәсімінде сенаторлар Үкімет мүшелеріне сауалдарын қарша боратты. Мәселен, Серік Өтешов маңызды әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарының үзілу қаупі артып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бюджеттен қаржыландырылатын 230 нысанда құрылыс жұмыстарының мерзімі ұзартылды. Ұзартудың бір себебі – құрылыс құнының қымбаттауы. Депутаттың деректеріне сүйенсек, 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда құрылыстағы бағаның өсуі 3,4 пайызды құраса, басқа жұмыстар мен құрылыстағы шығындардың қымбаттауы 7,7 пайызға жеткен.
Оның үстіне мұндай қымбаттауды заң бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландыру керек. Қымбаттап жатқан құрылыс нысандарын аяқтау үшін облыстарда немесе аудандарда қаржы жеткіліксіз болуы мүмкін екені анық, яғни жобалардың ұзақ мерзімді құрылысқа түсу, тіпті мүлдем тоқтап қалу қаупі бар. Сенатор өз сөзінде, осының кесірінен бюджеттен бөлінген қаржы игерілмей, құрылыс аяқталмай, бюджеттің мұндай шығынынан халық пайда көрмей отырғанын тілге тиек етті.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі сұрақтар туындайды: Үкімет көрсетілген жағдайды қалай шешуді жоспарлап отыр? Қазір Үкімет әзірлеп жатқан жаңа Бюджет кодексінде жергілікті және республикалық бюджеттен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жобаларының қымбаттауын қоса қаржыландыру мүмкіндігін көздеуге бола ма?», деді сенатор Үкімет өкілдеріне қарата қойған сұрағында.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов Қазақстанның мемлекеттік қарызы бір жыл ішінде 15 пайызға өскеніне алаңдаулы. Оның айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік қарыз мөлшері 21,9 трлн теңгені құрады, ал бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 25,3 трлн теңгеге дейін өсті. «Бізде ішкі қаржыландыру көздері бар – зейнетақы қорында шамамен 15 трлн теңге, екінші деңгейдегі банктерде 14 трлн теңге, сондай-ақ Ұлттық қордың қаржысы бар. Негізінен ішкі көздерден қарыз алғанына қарамастан, қарыздарды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге арналған шығыстардың 1,5 есе өскені байқалады, олар 2023 жылы жалпы шығыстар көлемінің 20,5 пайызын құрап отыр», деді Ш.Бұқтұғұтов.
Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік қарыз мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында. Ведомство басшысы әлемде инфляцияның деңгейі өте жоғары екеніне байланысты базалық ставка да өскенін алға тартты.
«Сырттан қаражат тарту немесе бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін іштен қарыз алу қымбатқа түседі. Әрине, инфляция деңгейі төмендесе, базалық ставка азайса, бұл жүктеме біршама жеңілдейді. Екіншіден, еліміздегі бюджет тапшылығын біртіндеп азайтамыз. Оның деңгейін биыл 2,7 пайыз шамасында қалдырдық, себебі оны өсіруге болмайды. Осы орайда оның сомасы 3,2 трлн теңгені құрады. Биылғы нақтылаудан кейін бюджеттің кіріс көзі тағы да 42 пайызға өседі. Бұл тұрғыда салық әрі кедендік әкімшілендіру есебінен 720 млрд теңге қосымша қарастырып отырмыз», деді Е.Жамаубаев.
Сондай-ақ талқылау барысында Сенат спикері М.Әшімбаев та пікірін білдірді. Мәселен, кейінгі 5 жылда бюджет кірісі трансферттерді есептемегенде шамамен 66 пайызға өскен. Алайда осы уақыт аралығында шығындар 120 пайызға ұлғайған. Сенат төрағасы республикалық бюджетті қарау кезінде осы мәселеге назар аударды. Мәулен Әшімбаев аталған проблеманы шешу үшін министрлерді қаржы тәртібін сақтауға және қаражатты үнемдеуге шақырды.
«Бізде кірістерге қарағанда шығыстардың екі есе ұлғайғаны байқалып отыр. Бұл ретте Үкімет ол ақшаны Ұлттық қордан немесе бюджет тапшылығын арттыру арқылы алатыны түсінікті. Әлде салық базасын ұлғайту керек. Осыған байланысты бәріміз қаржы тәртібін сақтап, Ұлттық қор қаржысын тек стратегиялық мақсаттарға жұмсауымыз қажет. Сондай-ақ бізге Ұлттық қордың активтерін ұлғайтудың нақты стратегиясы керек», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы Ұлттық қордың базалық инфрақұрылымдық және басқа да стратегиялық шығыстарды қаржыландыруын қолдайтынын, сонымен бірге Мемлекет басшысының Ұлттық қорды 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау қажеттігін атап өтті.
«Қазір Ұлттық қордың қаржысы азайып барады. Кейінгі 8 жылда қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеген. Ал алдымызда оны 100 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Сондықтан Ұлттық қордың активтерін ұлғайту қажет. Соған байланысты одан түсетін табыс балаларға көбірек бағытталады», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ талқылау барысында инфляцияға қарсы шаралар және оның өсуіне әсер ететін факторлар талқыланды. Сенат спикерінің айтуынша, соңғы уақытта Қытай тарапындағы әріптестер саясатты ырықтандырса да, кәсіпкерлер шекарада көліктердің өте ұзақ тұрып қалатыны жөнінде жиі шағымданады.
«Бізге көп тауар Қытайдан келеді. Кептеліс, кезек сияқты қиын жағдай көп болған сайын делдалдар, сыбайлас жемқорлық, алымдар да соғұрлым арта түсетіні белгілі. Ал оның барлық ауыртпалығын халық тартады. Сондықтан шекарадағы жағдайды заң арқылы түзеп, кейбір кедергілер мен делдалдарды, сыбайлас жемқорлықтан қалыптасқан жолдарды жойып, соның теріс әсерінен пайда болған қымбат бағаның төмендеуіне ықпал етуіміз керек», деді М.Әшімбаев.
Палата төрағасы Сенаттың тиісті комитеті депутаттары да бұл мәселемен белсенді айналысуға, тәртіп орнатуға, Қазақстан – Қытай шекарасы арқылы тауар тасымалының өзіндік құнын төмендету үшін барлық кедергіні алып тастауға дайын екенін жеткізді.
Әлеуметтің әлеуетін арттыратын кодекс
Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, аталған заң жобалары өкілеттіктерді ажыратудың бірқатар қағидаты негізінде дайындалған. Мәселен, Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға салалардағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады. Орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік саясатты жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдардың облыстық деңгейінен аудандық деңгейге халықтың тіршілік әрекетін қамтамасыз ету жөнінде өкілеттіктерді қайта бөледі.
«Ал Конституциялық заңның жобасында Премьер-министр кеңсесінің Үкімет аппаратына трансформациялауына, Мемлекет Ту мен Елтаңбаның эталондарына, инвестициялық саясат пен мәдениетті, білім беруді және басқа да салаларды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша Үкіметтің құзыретін алып тастауға қатысты өзгерістер енгізіледі. Екінші заң жобасы бойынша 167 заңнамалық актіге, оның ішінде 13 кодекске және 154 заңға түзетулер қарастырылған. Жалпы, 513 функцияны басқару деңгейлері арасында қайта бөлу көзделген», деді Б.Омарбеков.
Депутаттар әуелі Әлеуметтік кодекс жөніндегі заң жобасын ілеспе құжаттарымен бірге екінші оқылымда мақұлдады. Баяндамашы Ләззат Қалтаеваның айтуынша, Әлеуметтік кодексті әзірлеу – халықаралық стандарттарға сай келетін әлеуметтік қорғау жүйесін құру жөніндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызды шешімдері мен нәтижелерінің бірі.
«Әлеуметтік кодекс әртүрлі заңнамалық актілердің орнына әлеуметтік саясаттың құқықтық негізі болмақ, оның негізгі басымдығы халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі құрылады және әлеуметтік қамсыздандыруға жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінеді», деді Л.Қалтаева.
Сонымен қатар жалпы отырыста бірқатар заң жобасы ратификацияланды. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Еуразия Даму Банкінің төленген жарғылық капиталындағы Ресей Федерациясы үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Еуразиялық Даму Банкі қызметінің жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған. Ал «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» жобасы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялаудың құқықтық негіздерін халықаралық-құқықтық тұрғыдан бекітуге арналған.