• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Маусым, 2014

География саласына арналды

1456 рет
көрсетілді

Жуырда қазіргі Абай атын­­­­­­­да­ғы ҚазҰПУ-де Жара­ты­лыс­тану ­және география инсти­туты, Елтану және туризм ка­федрасының ұйым­дасты­руымен «Экология және өлкетану, ту­ризмнің географиялық проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны ұйымдастыруға Білім және ғылым министрлігінің география институты, Әзербайжан ұлттық ғылым академиясы академик Г.А.Алиев атындағы география институты, Лейпциг университетінің гео­графия институты үлес қосты. Конференция жұмысына Гер­мания, Венгрия, Италия, Бель­гия, Ресей, Әзербайжан Рес­публикасы, Украина мен Өзбек­стан ғалымдарының 150-ден астам ғылыми баяндамалары ұсы­нылды. Олар географиялық ғылымның даму ерекшеліктері мен еліміздегі туризмнің даму бағыттары және ғылымның осы салалары бойынша кәсіби білім берудің теориясы мен әдістемесін жетілдіруді анықтау тақырыбын өзек еткен. Қазақстандық қа­ты­сушылар қатарында еліміз­дегі 15-тен астам жетекші универ­ситеттердің, ғылыми мекеме­лердің ғалымдары мен қызмет­кер­лері, жас зерттеушілер бар. Конференцияны Абай атын­дағы ҚазҰПУ ғылыми істер жөніндегі проректоры Н.Косов құттықтау сөзбен ашып, қазір­гі географияның ғылыми және қолданбалы рөлі туралы айтып­ өтсе, белгілі ғалым-ұстаз, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, ака­­демик Ә.Бейсенова қазір­гі гео­­графиялық ғылымның да­му­ ба­­ғыт­тары туралы­ бола­­шақ ма­ман­дарға география ғылымының өзекті мәселелерін айқындап берді. Ал конференцияның арнайы қонағы, Германиядағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі болып есептелетін Лейпциг университетінің профессоры Бургхард Мейер қазіргі ланд­шафтық экологияның қолданбалы қырлары жайлы ой қозғады. Германиялық профессордың ойын Әзербайжан Республикасы география институтының директоры ғалым, профессор Р. Мамадов жалғастырып, қазіргі география ғылымындағы ландшафтық жоспарлау мәселелерінің қор­ғалатын аумақтарда қолданылу тәжірибесімен бөлісті. Қазақстандағы география ғылымының басты орталығы, көшбасшысы болып табылатын география институтының директоры, профессор А.Медеу қазақстандық ғалымдардың гео­графиялық ізденіс жұмыс­тарына жан-жақты тоқталып, еліміздегі география ғылы­мы­ның «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясының бағыттарына сәй­кес қазіргі даму бағыттары мен жетістіктері кешенді түрде қарастырылды. Сонымен қатар, венгриялық ғалым, профессор Дэвид Лорант экологиялық туризм мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Италиялық профессор Ренато Сала мен оның бельгиялық әріптесі Жан-Марк Деом табиғи ландшафтыларды игерудің археологиялық мәселелерін қарастыратын геоархеологиялық зерттеулерінің қорытындыларын талқыға салды. Конференция аясында­ «ҚР­ жоғары оқу орында­рын­­да­ ­география, туризм ма­ман­­дық­­­тары бойынша білім маз­мұ­нын жетілдіру мәселе­лері» тақы­рыбы бойынша Қазақ­стан­­ның бірқатар жоғары оқу орын­дарындағы география және туризм кафедралары меңгеру­шілерінің дөңгелек үс­телі де өте мазмұнды өтті. Онда шетелдік ғалымдар мен түрлі ЖОО кафедра меңгерушілері, білім беру саласында ұзақ уақыт қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі профессорлар көте­ріліп отырған мәселелердің өзектілігін айта келе, Елтану және туризм кафедрасы ұсын­ған География және туризм кафедраларының ассоциация­сын құру туралы жобаны бірауыздан қолдады. Дөңгелек үстелге қатысушылар География және туризм кафедраларының ассоциациясын құруды қолдап, география және туризм пәндері оқытушыларының біртұтас ақпараттық кеңістігін құру (сайт, жаңалықтар тарату, электронды және басқа да жарияланымдар, семинарлар мен мастер-кластар өткізу және т.б.), жұмыс берушілердің пікірін тыңдау, мамандықтар бойынша оқу бағдарламаларын ассоциация кеңесінде талқылау жөнінде ұсыныстар жасалды. Жалпы алғанда, конференция жұмысы географияның іргелі ба­ғыт­тарын дамытудың өзектілігі мен қолданбалы маңызы артып отыр­ғандығын көрсетті. Шолпан КӘРІБАЕВА, Абай атындағы ҚазҰПУ елтану және туризм кафедрасының доценті.