Бразилиялық студент жүлделі орыннан табылмағанның өзінде, үлкен спортта тәжірибе жинақтап, атлеттік әлеуетін арттырудың өзін де олжа санайтынын айтады.
Бразилиялық спортшы Қазақстан туралы мейлінше ақпарат жинағаны байқалады. Шаңғышы «Медеу» мұз айдынын көруді және Алматының атақты апортының дәмін татып көруді армандайды екен.
Брунаның бапкері Чао Сикуэра: «Бруна бір жыл бойы Бразилияда роликтік шаңғымен (rollerskis) дайындалып, жүгіру, велосипед секілді міндетті даярлықтан өтті. Шілдеде біз Аргентинадағы «Серо-Кастор-Ушуайя» тау-шаңғы шипажайында жаттығып, желтоқсаннан бастап Еуропада шыңдалып жатырмыз» дейді.
Бруна Моураның айтуына қарағанда, ол соңғы жаттығу жылында үлкен дайындықтан өткен. «Мен толығымен оқу мен жаттығуларға ден қою үшін басқа қалаға көштім. Спортпен кәсіби деңгейде шұғылдана бастадым. Алматыдағы қысқы Универсиадаға жақсы даярлықпен барып, қысқы спорт түрлерінде Бразилияның намысын лайықты деңгейде қорғау мақсатында түрлі еуропалық жарыстарға белсенді қатыстым», – дейді Бруна.
Шаңғышы қыз Қазақстанда жақсы ойын көрсету үшін бүкіл күшін салмақ. Ол спорттың басқа түрлерінен өтетін басқа жарыстарға барып, «олимпиадалық» көңіл-күйді сезінсем, сондай-ақ, Алматының спорт нысандарын көріп қайтсам деп отыр. «Конькимен жүгіру спортында аса атақты айдынның бірі саналатын «Медеу» туралы көп естігенмін. Дәл сол кешенде көптеген әлемдік рекордтар орнатылғанын да білемін. Республика елордасы – Астана, ал Алматы өзінің алмасымен танымал екенін оқып білдім. Сондықтан, Универсиадаға барғанда сол алмалардың дәмін татып көрсем деймін», – дейді бразилиялық спортшы.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ