Бельгияның Ломмел қаласында таэквондодан халықаралық «Belgian Open G2» турнирі аяқталды. Бұл бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 2 алтын, 3 қола медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, отандастарымыздан Рита Бакишева (46 кг) мен Руслан Жапаров (+87 кг) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақса, Нұрбек Газез (63 кг), Мақсат Орынбасар (68 кг), Айдана Құмартаева (46 кг) қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, енді Қазақстан ерлер құрамасы Парижде Франция құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Ал әйелдер құрамасы 20-27 наурыз аралығында Нюрнбергте Германия құрамасымен бірге шеберлігін шыңдайды. Бұл жиыннан кейін жерлестеріміз 1-4 сәуір аралығында Аустрияның Инсбург қаласындағы халықаралық турнирде бақ сынамақ.