Кеше Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өткені белгілі. Оған түсіп жатқан партиялар басшылары да өз таңдауларын жасады.
«Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан №110 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Ол тек демократиялық әділ сайлау нәтижесінде және жастардың саяси аренаға еркін, кедергісіз келуі арқылы ғана кемел қоғам қалыптасатынын атап өтті.
«Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Халық өте белсенді. Біз үгіт-насихат науқаны аясында еліміздің барлық өңірін аралап, азаматтардың саяси өмірге араласуға деген қызығушылығы артқанына көз жеткіздік. Бүгінде әркімнің өз таңдауын жасап, ел болашағы үшін дауыс бергені маңызды», деді Ерлан Қошанов журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев елорданың №113 сайлау учаскесінде дауыс берді. Партия жетекшісі сайлауға отбасымен бірге келді.
Ал «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Астанадағы №393 сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Бұл сайлау біз үшін бенефис деуге болады. Біз еліміздің, ұрпағымыздың тағдыры мен өмірін қолға алдық. Бұл сайлау тек партия үшін емес, біздің ұрпақ үшін маңызды. Бұл сайлаудан күтетін өзгерістерге келсек, бюджеттің әділ бөлінуіне, халықты шын мәнінде алаңдататын заңдардың қабылдануына әсер еткіміз келеді. Мысалы, Қазақстанда мың бір мәселе бар, бірақ біз мың бірінші мәселені талқылауға аламыз. Түкіру туралы заңды алайық. Бұл заңнан бірде-бір қазақстандық бақытты және табысты болып кетпеді, бірақ неге екені белгісіз, уақытты босқа өткізіп жатырмыз. Уақытымыз өте аз. 30-50 жылға ғана жететін мұнай қалды, осы жылдар ішінде біз балаларымыз бен немерелеріміз мұнай мен газдан тәуелсіз, гүлденген елде өмір сүруі үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұрынғы Парламент мүшелерінің көпшілігі 30-50 жылдан кейін болмайтынын түсінеміз, бірақ біз бұған мүдделіміз», деді А.Қожаназаров.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев елордадағы №122 сайлау учаскесінде дауыс берді. «Сайлаудан Әділетті Қазақстанды күтеміз. Менің ойымша, 20 жыл бойы мұндай ашық әрі ауқымды сайлау науқаны болмаған шығар. Егер біздің қоғам мен мемлекет бұл қарқынды бәсеңдетпей, ашық диалогті жалғастыра берсе, онда шынымен де біздің өміріміз жақсарады, Сонымен қатар бұл қадамдар әділдікке бағытталған өзгерістердің басы болмақ», деді А.Перуашев.
«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Астанадағы №92 мектеп-лицейінде орналасқан №52 учаскеде өз таңдауын жасады. «Таңнан бері халықтың белсенділігі байқалады. Бұл – жақсы үрдіс. Бұл сайлау әділ өтетініне сенімдімін. Бұл жерде ең басты мәселе – халықтың сенімі. Халық кімге сенім артса, солар депутат болып, мемлекет игілігіне жұмыс істейді», деді А.Әміртаев.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасы Асхат Рахымжанов Астана қаласындағы №158 сайлау учаскесіне келді. «Бүгін мен өзімнің сайлау учаскеме келіп, қарапайым ел азаматы ретінде таңдауымды жасадым. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы референдум өтті. Оның нәтижесінде сайлау жүйесіне және депутаттар корпусын қалыптастыру үдерісіне өзгерістер енгізілді. Бұл өз кезегінде еліміздегі саяси жүйенің өзгеруіне әсер етеді», деді А.Рахымжанов.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев елордадағы М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайында орналасқан №137 сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Қазіргі сайлау – бұрынғыдан өзгерек. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет мажоритарлық жүйеге 30 пайыз берілді. Бұл – қоғамның сұранысы. Себебі отандастарымыздың басым көпшілігі партия құрамында жоқ. Оң өзгеріс нәтижесінде қоғамдық көшбасшылар да додаға түсіп, бақ сынады. Бұл ел тәуелсіздігінің 30 жылдан астам тарихындағы ең қызықты, мазмұнды және бәсекеге толы сайлау болды. Бұл – халықтың жеңісі. Біз саяси сауатты мемлекетке айналдық», деді Е.Ертісбаев.