• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 20 Наурыз, 2023

Азаматтық ұстаным нақтыланған күн

174 рет
көрсетілді

Ұлытау облысында Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізуге 134 сайлау учаскесі жұмылды. Жалпы, облыста 140 мың сайлаушы тіркелген. Оның шамамен 40 пайызы облыс орталығы Жезқазғанда тұрады.

Ал Жезқазғандағы сайлау учас­кесінің саны – 33. Өңірде де сайлау учаскелері таңғы жетіде жұмысын бас­­тады. Аймақта дауыс беру құ­қығын енді иеленген жастар да, неке қиған жас жұбайлар да, елге үлгі-өнеге болып жүрген қариялар да сайлауға бейжай қараған жоқ. Мысты шаһар­да да халық белсенділік танытты. Тіпті ұлттық киім киіп келіп, да­уыс бергендердің қарасы көп болды. Айталық, Жезқазғанда он сегізге толған 209 жас тұңғыш рет сайлауға қатысты. 100 жастан асқан 3 қарияның да дауысы есепке алынды. Соның бірі – ғасыр жасаған Айтқұрман Құрманбаев ақсақал. Айтқұрман қария – 8 баласынан 35 немере, 40 шөбере, 10 шөпшек сүйген абыз.

«Мен балаларға, ағайын-туысқа хабарласып, дауыс беру қажеттігін ескерттім. Мемлекетімізді биікке көтеру үшін үлес қосыңдар деп айтып жатырмын. Еліміздің беделі артып, бүкіл әлемге таныла түсуін қалаймын. Бар тілеуім сол», деді Айтқұрман Құрманбаев.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы да Жезқазғандағы №24 жалпы білім беретін мектептің ғимаратында орналасқан №213 сайлау учаскесінде дауыс берді. Өңір басшысы бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, азаматтық ұстанымын белсенді көрсеткені үшін облыс тұрғындарына алғысын білдірді.

Ал Сәтбаев қаласындағы №286 сайлау учаскесінде дауыс берген қала тұрғыны Ғалым Тоғанов дауыс беру әр азаматтың ел алдындағы міндеті дейді.

– Бүгін жұбайымыз екеуміз келіп дауыс бердік. Сайлауға әрбір азамат жауапкершілікпен қарауға тиіс. Бұл еліміздің дамуына қосқан үлес болмақ. Еліміз өркендей берсін. Дауыс берген үміткерге зор сенім артамыз, – дейді Ғалым Тоғанов.

Жаңадан шаңырақ көтерген Бейбарыс Арыстанбеков пен Аружан Аманбекова да №302 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.

– Бүгін – еліміз үшін ең маңызды күн. Шаңырағымыздың осы саяси атаулы күнмен тұспа-тұс келіп, көтерілгеніне қуаныштымыз. Әр азаматтың сайлауға қатысып, дауыс беруі – азаматтық борышы. Сондықтан да қазір тойымыз болатынына қарамастан дауыс беруге арнайы келдік, – дейді жас жұбайлар.

Айтпақшы, Ұлытау облысында сайлау күні 10 нәресте дүние есігін ашты. Олардың бесеуі – ұл, бесеуі – қыз. Нәрестелердің 9-ы – Жезқазғанда, 1-еуі Сәтбаев қаласында өмірге келген.

 

Ұлытау облысы