Қарағанды облысындағы 654 сайлау учаскесі таңғы жетіде ашылып, дауыс беру тәртіпке сай уақтылы басталды. Аймақта 700 мыңнан астам сайлаушы бар. Оның арасында, бірінші рет дауыс беруге келген жастың саны – 13 мыңға жуық.
Аймақ тұрғындары бұл сайлауда да белсенді болғанын айта кеткен жөн. 102 жастағы кейуананың сайлау учаскесіне келіп дауыс беруі – соның бір айғағы. Абай ауданының Құлайғыр ауылында №442 сайлау учаскесінде 102 жастағы тыл еңбеккері Сәбилә Орманбаева дауыс берді. Ғұмыр бойы сауыншы боп еңбек еткен әже әр адам жасына қарамастан дауыс беруден қалмауға тиіс деген пікірде. «Себебі ел болашағы үшін бұл жауапты қадам», дейді әже.
Құдай қосқан қосағынан жастай жесір қалып, тоғыз баласын жалғыз өзі тәрбиелеп, ер жеткізген қайратты жан осы күні 25 немере мен 6 шөбере сүйіп отыр.
– Жасына қарамастан әркім дауыс беруі керек деп санаймын. Елдің болашағы бізге байланысты. Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құруына тілектеспін, – дейді кейуана.
Некелерін қиып жатқан жас жұбайлар да бұл саяси оқиғаға салғырт қарамай сенім артқан үміткерлеріне таңдау жасады. Жас жұбайлар Серғазы Рахымжан мен Марал Ерболатова Қарағандының №62 сайлау учаскесінде дауыс берді.
– Бүгін бізге қос мереке қатар келген күн болды. Азаматтық борышымызды өтеу үшін сайлау учаскесіне келдік. Өйткені бүгінгі саяси оқиға еліміз, болашағымыз үшін маңызды, – дейді жас жұбайлар.
Байқаушылар тарапынан да сайлауға шағым түскен жоқ. Олар да халықтың белсенділігін ерекше атап отыр.
– Сайлаушылар тарапынан еш шағым жоқ. Бірінші дауыс бергендердің арасында аға буын өкілдері көп, жастар да аз емес, – деп атап өтті Қарағанды қаласының №31 сайлау учаскесінде кезекшілік ететін Қазақстан Халық партиясының байқаушысы Қайырлы Қазыкен.
Қарағанды облысы