Әлемнің дамыған елдерінде қоқыстың түрлерін бөліп жинау мәдениеті әбден қалыптасқан. Оған қатысты сұрақ туындай бермейді. Өйткені тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу – үлкен табыс көзі. Біздің елде биліктен бастап, әртүрлі ұйым, жекелеген экобелсенділер қарапайым тұрмыста ғана емес, ірі және орта бизнеске қоқысты бөлек жинау мәдениетін енгізуге тырысып жатса да, нәтижесі әлі көңіл көншітпейді.
Үкімет «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын қабылдап, соған сәйкес 2030 жылға қарай тұрғындардан тұрмыстық қатты қалдықтарды 100 пайыз жинап әкетуге тиіс. Қазірге бұл тек Алматы қаласында іске асып отыр. Ал тұжырымдамадан басқа негізгі заңнамалық құжат – Экология кодексі. Бұл да бүкіл ел аумағындағы қалдықтарды міндетті түрде әрқайсысын бөлек жинауды енгізуді көздейді. Бір сөзбен айтқанда, бірінші қадам іс жүзінде орындалып жатыр. Тек өкініштісі, елімізде заңдар қабылданады да, тиісті деңгейде орындала бермейді.
Сол сияқты көзделген мақсаттың әлсіз тұсы да – инфрақұрылымдар. Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалардың өзінде де бөлек қоқыс жинауға арналған инфрақұрылым жоқ. Әрине, бірқатар тұрғын үй кешендерінде қағаз, шыны, тамақ қалдықтары үшін бөлек қоқыс жәшіктері бұрыннан бар. Бірақ айналып келгенде сұрыпталған қоқыстардың барлығы қоқыс таситын машинаға бірге тиеледі де, қоқысты сұрыптау осы жерден қайта тежеледі.
Осындай мәселелер жинақтала келе, елімізде пластикалық қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындар желісін құруға жетелеп отыр. «PlastNet» атауына ие кәсіпорындар желісі коммерциялық емес және қалдықтарды өндірушілер, пластмасса қалдықтарын жинау және қайта өңдеумен айналысатын мамандандырылған компанияларды біріктіреді. Үлкен қаражат пен қажырды керек ететін мұндай жобаларды қарапайым адамдар іске асыра алмайтындықтан, бұл бастамаға 2019 жылы «The Coca-Cola Foundation» халықаралық қайырымдылық қоры үн қатып, оны қаржылай қолдауымен «Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» де» жобасы аясында құрылған еді.
Бүгінде аталған желі еліміздің 18 қаласында 103 компанияның басын қосып отыр. Оның ішінде 63 компания – сауда және бизнес-орталықтар, кеңселер, оқу орындары сияқты орындардан қалдықтарды шығарса, 40 компания – қайталама шикізатты жинаушылар мен қайта өңдеушілер. Олардың ішінде пластик қалдықтарын жинаумен және өңдеумен айналысатын «Green Technology Industries» ЖШС, «Qazaq Recycling» ЖШС, «Спецмашин» ЖШС, «Taza Qala – Taza El», «LS Kokshetau» ЖШС, «Вторсырье Караганда» ЖК сияқты ірі мамандандырылған компаниялар бар. Қалдықтарды өндірушілерден «Mega Park» СОО, Danone, Herbalife Nutrition компанияларының кеңселерін атап өтуге болады.
Шын мәнінде, PlastNet қалдықтарды шығарушылар мен пластмасса қалдықтарын жинау және қайта өңдеуде мамандандырылған кәсіпорындар арасындағы көпір десек те болады. Бірақ бұл желінің басты мақсаты – тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, өңдеу ғана емес, экомәдениетті қалыптастыруды, осыған халықты үйретуді көздейді.
Желі құрылғалы бері елімізде 18-ден аса эконауқан, 19 экосенбілік өткізіп, қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптаудың маңыздылығы туралы бейнеролик дайындап келеді. Жыл сайын PlastNet желісінің хатшылығы мамандандырылған компанияларының арасында пластик қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу көлемінің есебін жүргізеді. Мәселен, 2022 жылы желі мүшелері 18,5 мың тоннадан аса пластик қалдықтарын жинап, 15 мың тоннасын қайта кәдеге жаратқан.
«Біздің компания PlastNet-ке 2020 жылдың желтоқсанында қосылып, келесі жылдың басында дәмханалар, мейрамханалар мен сауда орталықтарының аумағында орнатылған 20 торлы контейнер алдық. Оған қоса PlastNet Алматыда алғашқы фандоматтарды орнатуға көмектесті. 2022 жылы қаламыздың тұрғын үй кешендерімен және жоғары оқу орындарымен белсенді бірлескен жұмыс басталды. PlastNet халықты оқыту, ақпараттық материалдарды тарату және хабардар етудің ұйымдастыру жұмыстарын өз мойнына алды», дейді «Taza Qala» директоры Аңсар Смағұлов.
Әлі де болса, PlastNet елімізде қалдықты бөлек жинау инфрақұрылымы әлі де жетілмегенін мойындайды. Сондықтан «Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» де» жобасы аясында 120 торлы контейнер мен төрт бірлік пресс-жабдықты ақысыз негізде қамтамасыз етті. Барлық жабдыққа желінің өңірлік мүшелері қызмет көрсетеді.
Желі қызметін жергілікті атқарушы органдар қолдап отырғандықтан, PlastNet желісі құрылғаннан бері «Өңірлерде бөлек жинау мәдениетін және жүйесін жетілдіру» тақырыбында 10-нан аса өңірлік дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Осындай дөңгелек үстелге қатысушылар өңірлерде қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамыту ісіне мемлекеттік органдардың да назарын аудару туралы шешім қабылдады. Мұндай ынтымақтастықтың нәтижесінде контейнерлер мен қайталама шикізат қабылдау пункттерін орнату үшін мамандандырылған компанияларға жер учаскелерін беру мәселелері жылдам шешімін тапқан.
Ал енді инфрақұрылымды дамытудан басқа, пластмасса қалдықтарын жинау мен шығаруды қамтамасыз етуде халықтың хабардарлығын арттыру да өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан 2022 жылы «Қалдықтарды сұрыптаңыз – бізде басқа жер жоқ» жобасын іске асыру шеңберінде PlastNet желісі Алматы технологиялық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізді.
«Жобаға «Экология» мамандығы бар жоғары оқу орындары қызығушылық танытты. Әкімшілік пен студенттердің өздері біздің экологиямызға алаңдайды және қалдықтарды бөлек жинау жүйесін сәтті енгізуге мүдделі. Табиғи ресурстарды сақтаудың маңыздылығы туралы олардан артық кім біледі», дейді жоба жетекшісі Әсем Бодауова.
Аталған университеттердің аумағында қайталама шикізатты (пластик, шыны, алюминий және макулатура) және қайта өңделмейтін қалдықтарды жинау үшін 300 арнайы экобокс орнатылды. Жыл соңына қарай бұл бастамаға «Астана» халықаралық университеті қосылып, оған да экобокстар берілді. Университет студенттері осы экологиялық жобаға қуана қатысқанын атап кеткен жөн. Бір ерекшелігі, жастарымыз қалдықтарды бөлек жинау жүйесіне үлкен қызығушылық танытып отыр, қаптамадағы таңбалауды зерттейді, қалдықтарды желі хатшылығы берген нұсқауларға сәйкес сұрыптайды.
Қорыта айтқанда, қысқа мерзімде PlastNet желісі Қазақстанның түкпір-түкпірінен 8 миллионнан аса адамды экомәдениет негіздеріне баулып, әр өңірдегі оқу орындарында, ірі компанияларда, сауда және бизнес-орталықтарда қалдықтарды бөлек жинауды дәйекті түрде ұйымдастырып келеді. Осы жылы желі еліміздің тағы үш қаласында кеңсе ашып, өз қызметін айтарлықтай күшейтуге ниетті.
АЛМАТЫ