• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Наурыз, 2023

Саяси мәдениет қалыптастыру маңызды

377 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубының алаңында «Бақыла» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен күні кеше мәреге жеткен саяси науқанның барысы туралы баспасөз жиы­ны өтті.

Сайлауға дейін 5 мың байқаушыны дайындап оқытқан қозғалыстың аймақтарда 25 штабы жұмыс істеген. Дегенмен кешегі сайлауға «Бақыла» қозғалысының 3 800 өкілі байқаушы ретінде қатысыпты. Саясаттанушы Асхат Қасенғалидың сөзінше, бірқатар учаскіге байқаушыларды кіргізу тұрғысынан қиындықтар туындаған.

«Әсіресе Қарағанды қаласында, сондай-ақ басқа да кей аймақтарда мұндай жайлар болды. Атап айтқанда, байқаушыларға бөлінген орын бола тұра әрі олардың таңғы алтыдан сайлау учаскесіне келгеніне қарамастан тиісті орындарына отыра алмай 7-8 сағат аяқтарынан тік тұрып бақылауға тура келген. Бір кабинаға екі адамның бір мезетте кіруі, кешке қарай хаттаманы бермей қою сынды заңға томпақ келетін жайттар болғаны желіге тараған еді. Бұл мәселелермен алдағы уақытта заң мамандары айналысады. Біз 25 қаланы қамтыдық. Байқаушыларымыздың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында болды. Байқаушылардың басты мақсаты – сайлауда берілген дауыстың ұрланбай, хаттамаға тиісті дәрежеде түсуін қадағалау. Қалай дегенде де байқаушыларымыз өз міндеттерін абыроймен атқарды. Кезекті сайлау – биыл ең көп талқыланатын маңызды саяси оқиға. Қоғам мұны әлі де ұзақ талқылайтыны белгілі. Кез келген сайлаудың негізгі ұстыны байқаушылар жұмысы. Өйткені дауыстың қалай берілгені емес, дауыстың қалай саналғаны маңызды. Байқаушылар институтын қалыптастыру және оларды саяси науқанға мақшықтандырудың маңызы зор, – дейді Асхат Қасенғали.

Қоғамдық қозғалыс өкілі атап өткендей, ұйым негізінен ірі қалаларды қамтыған. Ал аудандар мен ауыл аймақтарды толық қамту мүмкін болмапты. Айтуларынша бұған үлкен ресурс қажет. «Ауқымды саяси науқандардың кедір-бұдырсыз өтпейтінін» алға тартқан саясаттанушы Эдуард Полетаев, бақылау жұмысына өз еркімен ынта білдірген жастардың басым болғанын айтады. «Біз өз жұмысымызды тиісті деңгейде атқардық. Алматының сайлау орындарында кемі 6-7 байқаушыдан отырды. Сайлау барысын бақылау барысында азаматтардың белсенділігін байқадық. Өз елінің болашағына немқұрайды қарай алмайтын жастардың жігері сүйсіндірді. Байқаушылар кейбір түсініксіз жайларды бейнебақылауға түсіріп алған. Қолымызда мұндай материалдар бар. Ал жалпы алып қарағанда, бұл жолғы сайлаудың ауқымы кең болды. Сайлау комиссиясы үшін де бұл шаруалардың оңайға соқпағанын мойындауымыз керек», деп атап өтті.

Саясаттанушы Мақсат Жақау сайлаудағы оң өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сая­си реформа енгізуге жасаған идеясының іс жүзінде алға басқанын көрсетті деп есептейді.

«Елде демократиялық жаңғыруға бағытталған саяси дода өтті. Сайлау соңғы 19 жылда болмаған тартысқа толы аралас сайлау жүйесі арқылы өрбігені мәлім. Бұл өз кезегінде елдегі демократияның кеңістігін кеңейтіп, жаңа сатыға көтеретін үлкен науқанның бастамасы деп атағанымыз жөн. Ел Президентінің саяси жаңғыруға бағытталған бастамасының жүйелі нәтижесі көрініп жатыр. 2004 жылы Парламент пен мәслихатқа 12 партия қатысқан еді. Дәл осы көрініс қайталана бастады. Алғашқы есептер бо­йынша 6 партия Парламентке өтуге мүмкіндік алды. Жеке мандат бойынша додаға түскен кандидаттар арасындағы тартыстарды сайлаудың қызықты өтуімен байланыстыруымыз қажет. Оны сынға алмаған дұрыс. Өйткені бұл фес­тиваль немесе конкурс емес, сондықтан үміткерлер әрбір дауыс үшін күресуі керек. Байқаушылар демократияның қолдаушысы әрі қорғаушысы деп қабылдауға тиіспіз. Саяси белсенді жастардың жаңа толқыны қалыптасып келе жатыр. Ел аумағы бойынша әртүрлі тәуелсіз ұйымдардың атынан 90 мыңға жуық байқаушы сайлауға қатысқан. Сең қозғалғаны, дұрыс бағытқа бет түзеп бара жатқанымыздың бір дәлелі осы», дейді Мақсат Жақау.

Ұйым өкілдері кейбір сайлау учаскелерінің төрағалары тарапынан байқаушыларға дөрекі сөйлеген жағдайлар болғанын айтады. «Саяси мәдениет қалыптастырамыз десек мұндайдан аулақ болғанымыз жөн», дейді олар. «Дегенмен байқаушылар да тым еркінсіп ойына келгенін істемеуі керек. Азаматтар сайлауға қатысты желідегі негатив пікірлердің бәрін құптай бермей, оларды да таразылай білгені жөн», дейді мамандар.

 

АЛМАТЫ