Қыс көрпесін серпіп, күнжүзді шуағымен келген наурыз айы жанға қуат сеуіп, тіршілікке тыныс берері айқын. Кісінің жас шағындай жайраңдаған мезгілде жер масаты көйлегін жамылып, ағаштар гүлін тағынады. Жаратушының шеберлігі әр тұстан көрініп, көңілде шаттық пен ерке наз ойнайды.
Наурыз жайлы жырлар легі ерте кезден-ақ қазақ ішінде қараңдап, бой көрсеткен. Татулық пен бірлік, махаббат пен мейірім айын жырға арқау етпеген ақын кемде-кем. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз тілегі» атты өлеңінде келісті айдың көркем суретін салады.
Біреуім екеу болып, мал қосылды,
Қорама жүз-жүз лақ, қозы толды.
Ызғарлы, қыс-зымыстан, суық кетіп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай енді.
Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,
Сай-сала күрілдесіп, суға толар!
Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Міне, біреуі екеу болып, аспанға шырайы енген қазақ даласының суреті, тынысы. Ақын жаны ел тынысын сезініп, емірене жырға қосады. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы мереке қарсаңындағы ұлттың ұлағатын, ұлыстың ұлы күніне деген ел сүйіспеншілігін паш етеді.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.
Жаңа жылдың басы саналып, халық қастер тұтқан наурыз жайлы Шығыс ақындары көл-көсір жыр тиегін ағытқан. Бір ғана Омар Хайямның «Наурызнамасы» тереңнен сыр тартқан іргелі еңбек. Ал түркімен жырының дүлдүлі Мақтымқұлы әз наурыздың «жоқ нәрсені бар қылар» қасиетке ие екенін айғақтайды.
Жеткен кезде наурызымыз
жапан біткен жаңғырар,
Тұман орнап, тау басын аспан
үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп,
әуен билеп маңды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап,
мерейін бір қандырар.
Күнге тосып арқасын
жан-жануар албырар,
Аунап-қунап барлығы
жерге түгін қалдырар.
Келе сала наурызым
жоқ нәрсені бар қылар!
Самарқанның көк тасы еріп, сайын даланы қуанышты әуезге ораған ұлыс күні қай жүрекке шоқ тастамасын, қай сезім пернесін дөп баспасын? Күн мен түн, жарлы мен кедей, биік пен аласа теңелер айбынды мерзімнің қасиеті биік, құдіреті орасан.
Наурыз мерекесі «ислам дінінің қалдығы» саналып, тойлануға тыйым салынған сәттер де өтті. Қазақ халқы ел бірлігінің таңбасындай көрген төл мейрамсыз 62 жылдай уақытты бастан кешірді. Алайда айды алақанмен жабу мүмкін емес еді. Құрсауда қалған әз наурыз құтты тұғырына қонып, қазақ рухы сілкінді, жанына қан жүгірді. Осы тұста ақын Мұхтар Шахановтың ақтарыла жырлаған жыр шумақтары жарық көрген болатын.
Қанша ғасыр сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.
Сен ең көне жырысың санамыздың,
Рухи шаттығымсың тасып толған.
Сені тойлап, бабасы бабамыздың
Әжемнің әжесіне ғашық болған.
Иә, бабамыздың бабасынан мирас болып қалған ұлыс күні Алаш жұртымен бірге алға адымдай бермек. Наурыз – татулық нышаны, ұлт бедері жаңарған күн, жанымыз түлеп, елдік қуатымыз артқан күн. Бойына ізгілік пен салтанаттың моншағын таққан алып мереке ақындар жырына арқау болып әуелей берері талассыз ақиқат.