• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үміт 21 Наурыз, 2023

Жердің тоңы жібігенде, елдің өңін жылыттық...

244 рет
көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлан-асыр мерекелік шаралармен қатар, сауабы мол сан алуан қайырымды істердің көрініс беріп жатқаны көңіл қуантады. Халқымыздың көнеден үзілмеген озық дәстүрін, қанға сіңді қасиетін жаңғыртып жүрген қайырымды жандардың қатарында ірі кәсіп­кер­лер, мемлекеттік мекеме ұжымдары мен табысты спортшылар, тіпті, күнделікті қол еңбегімен нәпақа тауып жүрген қарапайым жандар да бар.

Мәселен, «Тобыл» футбол клубы наурыз басталғалы Қостанай, Тобыл, Рудный, Лисаков қалалары мен Қоста­най ауданында тұрып жатқан көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға әлеуметтік азық-түлік қоржындарын таратып, қаржылай демеу жасап жатыр.

– Бүгінге дейін 20 шақты отбасына бардық. Олардың ішінде 4 отбасы белгілі бір себептермен мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмегін ала алмай отыр. Біз алдын ала хабарласып, не қажет екенін біліп алғаннан кейін барамыз. 70-80 мың теңгеге азық-түлік қоржынын, тұрмысқа қажет заттарды апарып беріп жатырмыз. Мұның сыртында, әр отбасына 30-40 мың теңгеден қаржылай көмек көрсеттік. Бұл игі іске клуб қызметкерлері, бапкерлер, футболшылар атсалысып жатыр. Наурыз айын бекерге таңдап алған жоқпыз. Халқымыз Наурыз – жаңарудың, жақсы­лықтың басы деп ырымдайды. Әу баста бұл туралы футбол клубымыздың спорт директоры Нұрбол Жұмасқалиев ой тастады. Ол кісі мұқтаж жандарды өзі іздеп тауып, үнемі көмек беріп жүретін. Қандай отбасыларға бару керек екенін әлеуметтік қорғау мекемелері арқылы алдын-ала біліп алдық. Бұл асып-тасып бара жатқан соң қолға алынған шара емес, нұр шашқан Наурыз мерекесінің озық дәстүрлерін жаңғырту арқылы жалпы жұртты жақсылыққа, ізгілікке үндеуді көздедік. Бұл енді біздің жыл сайын өтіп отыратын дәстүрлі шарамыз болады, – дейді «Тобыл» ФК-ның қызметкері Қасқырбай Қойшыманов.

Футболшылар өздері аралап шыққан үйлердің ішінен 5 отбасын таңдап алып, тұрақты түрде қамқорлыққа алған. Мәсе­­лен, Рудныйға Өзбекстаннан кө­шіп келген Тұрсағұловтар отбасы 7 бала тәрбиелеп отыр. Жеті баланың екеуі ДЦП-мен ауырады.

– Сол екі баланың еміне көмектесе­міз. Мұның сыртында, жақын арада пәтер алып беруге жәрдем береміз деген шешім қабылдадық. Қостанай ауданында тұратын бір отбасына бардық. Үш баласы бар. Екі баласы – кемтар. Жас ана соған қарамастан, «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, үйінде тоқаш, торт, бәліш тәрізді жылы-жұмсақ тәттілер пісіріп, онысын әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, тұрақты тұтынушыларына сатып, табыс тауып отыр. Ол кісіге өте риза болдық. «Құлыншақтарым күлген сайын күш-қуат алам, көңіл-күйім көтеріліп, шарша­ғанымды ұмытып кетем» дейді. Осы наурыз айының соңына дейін 100 үйге көмектесеміз деп жоспарлап қойдық. Тіпті, шалғай ауылдарға дейін барып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, бір ауық болса да, көңілдерін аулап қуантып кетуді ойластырып отырмыз, – дейді Қасқырбай Қойшыманов.

Спортшылар алдағы уақытта «Аула спортынан – ауыл спортына» деп ата­латын тағы бір әлеуметтік жобаны қолға алмақ. Мұндағы мақсат – ауыл-ауылды аралап, спортқа талабы бар балғындарға өңірге белгілі футбол­шылардың қолтаңбасымен доп, теннис үстелі, спорт киімдері сияқты тарту-таралғылар сыйлау. Бұл ауыл балалары үшін естен кетпес өнегесі мол үлкен оқиға болатыны анық. Үлкен спортшылармен әңгімелесіп, олардың қолынан сыйлық алу, атақты футболшымен бірге суретке түсу деген қай балаға да үлкен қуаныш.

Жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ. Жердің тоңын жібіте алмағанымен, елдің өңін жылытып, Тобыл өңірін­дегі кеңпейіл көптің көңіліне көктем қонақтатқан Наурыз мерекесі қарсаңын­да әркім қолынан келгенше ізгілік жасауға ұмтылатынын көрдік. Мәселен, жалғыз көлігімен нәпақа тауып жүрген қарапайым такси жүргізуші Оралбай Жұмашев наурыз айы басталғалы күніне екі жолаушыны баратын жеріне тегін апарып жүр.

– Негізі жоғарғы білімім бар. Лайық­ты жұмыс болмаған соң, осыдан он шақ­ты жыл бұрын таксиге шықтым. Қазір әбден үйреніп алдым. Наурыз адамды жақсылыққа жетелейтін қасиетті ай ғой. Сондықтан таңертең бірінші жолаушыны, кешкілік ең соңғы жолаушыны тегін апарып жүрмін. Ақшадан гөрі ақжарма көңілден шыққан шынайы алғыс қымбат. Жолаушыны қойып, өзіме-өзім риза болып, үйге көтеріңкі көңіл-күймен қайтып жүрмін. Тегін апарғаннан табысым кеміп жатқан жоқ, – дейді такси жүргізуші.

Қостанай облысындағы этномәдени бірлестіктер де «Наурыз – достық пен ізгіліктің мерекесі» атты қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр. Ізгі шаралар барысында тәжік, өзбек, қырғыз ағайындар облыс орталығындағы «Жанұя» балалар үйіне барып, түскі асқа палау басып, балаларға мерекелік тарту-таралғыларын үлестірді. Ал «Эребуни» атты армян ұлттық бірлестігінің өкілдері кәмелетке толмаған жасөспірімдерге арналған бейімдеу орталығында жатқан балаларға тәтті тағамдар мен киім-кешек апарып берді. Наурыз қарсаңындағы қайырымдылық шараларынан өзге ұлттық бірлестіктер де қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, «Асар» деп аталатын беларусь этномәдени бірлестігі қан орталығына барып, «Мен – донормын» акциясын ұйымдастырды.

Наурыз мерекесі қарсаңында «Beef Export Group» ет өңдеу комбинатының өкілдері де бірнеше балалар үйіне барып, мерекелік Наурыз-қоржындарын үлестірді. Аталған комбинат – ет өнім­дерін қалдықсыз өңдеумен айналысатын еліміздегі ең ірі кәсіпорынның бірі. «Beef Export Group» өнімінің 97%-ы ішкі нарықта судаланса, 3% пайызы сыртқа экспортталады.

– Наурыз мерекесі қарсаңында облыс­тық кәсіпкерлер палатасы бірта­лай игі шараларды ұйымдастырып, жақсы істерге мұрындық болып отыр. Атап айтар болсақ, 14 наурыз – Көрі­су күнінен бері өңірдегі он шақты кәсіп­орынмен бірлесіп, «Наурыз қор­жын» қайырымдылық акциясын өткізіп жатырмыз. Бүгін «Beef Export Group» комбинатының өкілдері бірнеше балалар үйіне арнайы барып, мерекелік дастарқан жайып, балаларға компьютер, теледидар, велосипед, тағы басқа да бағалы сыйлықтар тарту етті, – дейді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палата­сының өкілі Елена Кашарина.

          

Қостанай облысы