• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Наурыз, 2023

Тумысынан жүрмеген қызды аяғына тұрғызды

712 рет
көрсетілді

Елордада Н.Ж.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми трав­матология және ортопедия орталығының дәрі­гер­лері бала кезінен ауырған, туа бітті остеогенезі же­­тілмеген, екі аяғының деформациясы бар 25 жас­та­­ғы қыз баланы аяғынан тұрғызды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қалалық филиалының хабарлауынша, аталған орталық дәрі­герлері көптеген клиникалық талдау жүргізе келе, науқастың оң жамбасының остеотомиясын түзетіп, блокаторлық пластинкамен синтез жасауға, екі жіліншігінің сүйектерінің остеотомиясын түзетуге, құрсаулайтын өзекшемен остео­синтездеуге шешім қабылдады. Ұзақ оңалтудан кейін ол аяғынан тұрды. Емдеу МӘМС жүйесі аясында жүргізілді.

Қызылордалық 25 жастағы науқастың екі аяғының ауыру тарихы бала кезінен басталған екен. Ол өз аяғымен жүргісі келетінін айтып, көмек сұрап 2014 жылы алғаш рет елордадағы травматология және ортопедия орталығына келген. Оған бұл жерде консервативті ем жүргізілген.

№2 ортопедия бөлімшесінің емдеуші дәрігері Әсет Нұрахметовтің айтуынша, тексеру кезінде науқас мүгедектер арбасының көмегімен қозғалатын. Екі жіліншіктің және оң жамбастың пішіні өрескел өзгергені, көп жазықты деформациясы, екі аяқтың бұлшық еттерінің гипотрофиясы байқалатын еді.

«Науқас бала кезінен бастап туабітті остеогенез кемістігімен, екі аяқтың көп жазықты деформациясымен ауырған. Патологиялық сырқат салдарынан аяқтары бірнеше рет сынған. Орталық дәрігерлері пациенттің жағдайын егжей-тегжей тексере келе қабылдаған емшараның нәтижесінде, ұзақ оңалтудан кейін ол өз аяғына тұрды», деп түсіндірді Әсет Асқарұлы.

Өз кезегінде дертіне дауа тапқан науқас жоғары білікті дәрігердің еңбегін ерекше бағалап, зор алғысын жаудырды.

«Академик Н.Ж.Батпенов атындағы орталық дәрігерлерінің арқасында, МӘМС септігімен жылдар бойы оңалтудан өтіп, қазір өз аяғыммен жүремін. Мені аяғыма тұрғызғаны үшін өмір бойы алғыс айтамын. Қазір белсенді өмір салтын ұстанамын, би билеп, тіпті сахнада ән айтамын», деп қуанышымен бөлісті қызылордалық азамат.

Қазіргі таңда ол тұрғылықты жері бойынша емханадағы травматолог дәрігердің бақылауына ауысқан.

Бұл ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық қызмет көрсетуге қомақты қаражат бөлінетінін айта кеткен жөн. Жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен травматология, нейрохирургия, кардиохирургия, урология, онкология және басқа да салалар бойынша жүздеген қымбат операция жасалады. Мысалы, 2022 жылы елордада жоғары технологиялық медицина көмегімен 7 885 операция жасалды. Осындай бір ғана күрделі операцияның құны орта есеппен бірнеше миллион тұруы мүмкін.

Сонымен қатар МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтердің ішіндегі басым бағыттардың бірі – оңалту шаралары. Жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік мекемелердің үлесі артып жатыр. Медициналық аппараттар саны, емдеу тәсілдері көбеюде. Астанада 2022 жылы оңалту көмегіне 7,7 млрд теңге жұмсалды. Ал 2023 жылы оңалту қызметіне бөлінген қаржы 9,2 млрд теңгені құрайды.

Орайы келгенде айта кету керек, аталған қор сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық көмек алу жөнінде кеңес береді, қажет болған жағдайда мәселені шешу үшін медициналық ұйымның мамандарын жұмылдырады.