2017 жылғы жаңа жыл мерекесін әріптесіміз, облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай айрықша қуанышпен қарсы алды. Сол жылдары өңірді басқарған Кәрім Көкірекбаев салтанатты іс-шарада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек атқарып келе жатқан әріптесімізге қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Облыс әкімі әріптесімізге пәтердің кілтін тапсыруын тапсырғанымен, жаңа үйді заңдастырып бере алмады. Анығырақ айтар болсақ, облыс әкімі ауысып кетті де, пәтердің мәселесін шешуге тиіс азаматтар түлкібұлаңға салды. Журналистер бұл мәселені сан мәрте көтергенімен Кәрім Көкірекбаевтан кейін өңір басшысы болған Бердібек Сапарбаев та, Асқар Мырзахметов те төрт қызды тәрбиелеп отырған әріптесіміздің мәселесін біржақты ете алған жоқ.
«Ер кезегі – үшке дейін». Кәрім Көкірекбавтан кейін өңір тізгінін қолға алған үшінші әкім Нұржан Нұржігітов Алтынбек Қартабайдың алты жыл бойы асыға күткен арманын орындап, орталықтағы жаңа үйден алған пәтерін заңдастырып беріп, көпбалалы әкенің алғысын арқалады. Осылайша, 2017 жылдың жаңа жылында жаңа пәтерге кірген әріптесіміз 2023 жылдың Наурыз мерекесінде оның заңды иесі атанды.
Облыстық «Арай» жастар газеті ашылғалы бері тынымсыз еңбек еткен Алтынбектің еңбегі расымен де зор. Жастар басылымы жарық көрмей тұрып, бас редактор Болат Бекжанов орталық алаңда жиналыс өткізіп тұратын. Газетті көшеде жоспарлаған ұжымның ішінде Алтекең де бар. Ешкім тапсырма бермесе де, Алтекең газетке керекті суреттерді өзі түсіріп келеді екен. Ал басылым ресми түрде оқырман олжасына айналғаннан кейін де Алтынбек Қартабай біраз уақыт тегін еңбек еткен.
«Соңғы бірнеше жылдың бедерінде бас ауруыма айналған пәтер мәселесіне нүкте қойылып, төбем көкке жеткендей күйде жүрмін. Естеріңізде болса, 2017 жылы, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында маған үш бөлмелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда тапсырылған еді. Баспаналы болғаныммен басшылар ауысып кетіп, пәтер толық заңдастырылмай қалды. Осы күнге дейін пәтер тұрғынүйді салған құрылыс компаниясының меншігінде тұрды.
«Күндердің күнінде пәтерді босат десе қайтемін?» деген сары уайыммен талай таңды атырып, талай кешті батырдым. Осы мәселемен қаншама кісілерден көмек сұрағанымды санай алмаспын. Қақпаған есігім қалмады. Амалым таусылғандай күйде жүрдім. Тіпті бұл мәселе жақын арада шешіледі дегенге сенім де буалдырлана бастады.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тікелей тапсырмасымен бұл мәселе оңынан шешілді. Тиісті құжатты қолымызға алып, қуаныштан көкке ұшып кетердей күйде жүрміз. Өңірдің ақпарат саласындағы азды-көпті еңбегімізді бағалап, азаматтық танытқан Нұржан Молдиярұлына айтар алғысым шексіз», дейді Алтынбек Қартабай.
Өңірде бірнеше мәрте фотокөрмесі ұйымдастырылған Алтынбек Қартабай талай мәрте халықаралық байқауларда жеңістің биік тұғырынан көрінген болатын. Жиырма жылға жуық уақыт тынымсыз еңбек етіп келе жатқан әріптесіміздің мәселесін өңір басшысы назардан тыс қалдырмай оңынан шешкені расында да құптарлық іс.
ТАРАЗ