• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 27 Наурыз, 2023

Данияға дес бермеді

233 рет
көрсетілді

Биыл қазақ футболының құрылғанына 110 жыл толды. Осы уақыт аралығында ел футболында ауыз толтырып айтарлықтай жарқын жеңістер, қуанышты сәттер мүлдем болған жоқ дей алмасақ керек. Ұлттық құрама өкілдері жыл сайын болмаса да, кей кездері жанкүйерлерін күтпеген жеңістерімен қуантып жүр. Клубтық деңгейдегі жарыстарда да дәл солай. Қайбір жылдары «Астана» клубы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткенде, қуанбаған қазақ жанкүйері қалмаған шығар.

Өткен жексенбі күні отан­дық футбол жанкүйерлері ел тари­хында жиі қайталана бер­мейтін тағы бір сенсациялық же­ңістің куәсі болды. Еуро-2024 турнирінің ірік­теу кезеңі ая­сындағы екінші тур ойынын «Астана Аренада» өткізген Қа­зақ­станның ұлттық құ­рамасы 1992 жылғы Еуропа чем­пионы, кәрі құрлықтың екі дүркін қола жүлдегері (1984, 2020) даңқты Дания құрамасын 3:2 есе­бімен тізе бүктіріп, әлем фут­бо­лын­дағы ең ірі сен­сация­ның бірін жасады.

Бір қызығы, Қазақстан футболшылары тарихи жеңістерінің көбіне наурыз айында қол жет­кізіп жүр. Мәселен, осыдан 16 жыл бұрын, яғни 2007 жылдың 24 наурызында Еуро-2008 тур­нирі аясында Нидерланд өкілі Арно Пайперс жаттықтырған Қа­зақ­стан ұлттық құрамасы Ал­ма­тыда Сербия футболшыларынан 2:1 есебімен басым түскен бол­са, 2018 жылдың 24 наурызында сырт алаңда Мажарстан құ­ра­масын дәл кешегідей есеппен сү­ріндірген еді – 3:2. Бұл матч жолдастық кездесу аясында өткенін айта кетейік.

Ал 2019 жылдың 21 нау­рызында Еуро-2020 іріктеу ке­зеңінде Шотландия құрамасын 3:0 есебімен қапы қалдырып, қазақтың жаңа жылын жарқын жеңіспен бастаған еді. Әрине, күні кешеге дейін қазақ фут­болындағы ең айтулы жеңіс ре­тінде 2007 жылғы Сербиямен өт­кен ойын айтылатын. Өйткені Қазақ­стан құрамасы басым түс­кен өзге елдердің атақ-даңқы Сербиядан жоғары емес еді. 2007 жылғы ФИФА рейтингіне көз жүгіртер болсақ, сол кезде Сер­бия құрамасы әлемдік рейтинг­те 28-орында тұрған екен. Енді қазақ футболындағы тарихи же­ңістер айтылғанда, бірінші Дания құрамасы тұратыны сөзсіз. Өйт­кені Данияның атақ-дә­ре­­жесі де, деңгейі де Сербия, Шот­лан­­­­диядан әлдеқайда жо­ғары. «Дат ди­­намиті» дәл қазіргі таң­да ФИФА рей­тингінде 12-орын­ға жай­­ғасқан.

Жалпы, қазақы ұғымда наурыз айы – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы деп жатады ғой. Қазақ футболында да наурыз айы тарихи жеңістердің, жаңа белестердің бастауы ретінде ел жадында сақталмақ.

Жанкүйерлердің есінде болса, Қазақстан мен Дания құрамалары бүгінге дейін жасыл алаңда төрт мәрте кездесіп, соның төртеуінде де еуропалықтар жеңіске жеткен. 1992 жылғы Еуропа чемпиондары Қазақстан құрамасын жай жеңіп қана қомай, үш рет ірі есеппен тізе бүктірген. Бір мәрте Алматыда өткен ойында 2:1 есебі тіркелсе, оның алдындағы ойындарда скандинавиялықтар 3:0, 4:1 және 3:1 нәтижесімен басым түскен болатын.

Тағы бір айта кетерлігі, екі елдің футболшылары алғаш рет 2005 жылдың 26 наурызын­да кездесіп, даниялықтар 3:0 есе­бімен жеңіске жеткен-ді. Ара­да тұп-тура 18 жыл өткенде Қа­зақ­стан құрамасы Астанада Дания құ­­ра­масын 3:2 есебімен тізе бүк­тірді.

Енді қазақ жанкүйерлерінің мерейін асырып, даниялық­тар­дың көңілін күпті еткен сол тарихи матчқа аз-кем тоқталып өтсек. Могамед Адиев шәкірттері алғашқы турда Словения құра­масына жол бергеннен кейін Даниямен болатын ойында Қа­зақстан құрамасынан ешкім жеңіс күткен жоқ. Тіпті аузы дуалы деген футбол мамандарының өзі бұл ойында Қазақстан құрамасы үш ұпайдан үміттенбей-ақ қойса да болады деген сарында пікір айтқан болатын. Бірақ «үмітсіз – шайтан» демекші, Қазақстан құрамасының футболшылары мен бапкерлерінің жеңіске деген үміт жібі соңғы сәтке дейін үзілген жоқ.

Жеребеден кейін «H» то­бы­ның сөзсіз фавориті деп са­налған Дания алғашқы ойында Фин­ляндияны 3:1 есебімен жеңген соң, Қазақстанға бұл құраманы да «қал­пақпен ұрып аламыз» деген оймен келгені анық. «Астана Аре­надағы» матчтың алғашқы минуттарында даниялықтардың алаңдағы қимылы, допты ұс­тауы өздерінің жеңісіне деген сенімділігін анық байқатты. Нә­тижесінде, бірінші таймда қонақ­тар екі гол соғып, есепте ай­қын ба­сымдықпен алға шығып алды. Екі голды да Финляндия қақ­пасына хет-трик жасаған Расмус Хойлунд соқты.

Екінші тайм дәл Қазақстан – Словения матчының сценарийі­мен басталды. Қонақтар Қазақ­стан құрамасы секілді екін­ші таймды өте сылбыр бастаса, жер­лес­теріміз Словения футболшы­ларына ұқсап белсенді болды. Әрине, біздің жігіттерге екінші тайм бастала са­ла гол соғу бақыты бұйырған жоқ. Дегенмен 73-минутта Бақ­тиер Зайнутдиновтің пенальтиден соққан голы футболшылардың кеу­­­десіндегі үміт отын жағып берді. Ал 86-минутта Асхат Та­ғы­­бер­ген алыстан қақырата теуіп, Кас­­пер Шмейхельдің қақ­па­сы­нан са­ңылау тапқан соң, біз­дің жігіттерде жеңіске деген жі­гер, сенім пайда болды. Сол се­німмен алға қарай ұмтылған Қазақстан құрамасының футболшылары 89-минутта тағы бір гол салып, оп-оңай үш ұпай­­ды олжалаймыз деп келген қар­сыластарының жігерін құм қыл­ды. Ян Вороговскийдің әуе­лете берген пасынан кейін Абат Айым­бетов баспен гол со­ғып, Қа­зақстан құрамасына тарихи же­ңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 3:2.

Қазақстан құрамасы бұл жеңі­сінен кейін «H» тобында үш ұпаймен үшінші орынға көте­ріліп алды. Екі ойында алты ұпай жинаған Словения көш бастаса, Қазақстанмен бірдей ұпайы бар Дания тек доп айырмасы бо­йынша екінші орында тұр. Сондай-ақ екі ойында үш ұпайға қол жеткізген Финляндия мен Солтүстік Ирландия құрамалары төртінші және бесінші орындарға жайғасқан. Ал соқыр ұпайы да жоқ Сан-Марино соңғы орында келеді. Қазақстан құрамасы келесі тур ойынын сырт алаңда дәл осы Сан-Мариномен өткізеді. Матч 16 маусымға жоспарланған.