Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабы – XX ғасырдағы ұлт әнші-сазгерлерінің бет-бедерін айқындар бірегей туынды. Ресейде оқып, шұңғыма білім алған Жұбанов әр өнерпазға тереңнен баға беріп, тебірене сыр шертеді. Әсіресе Әміреге келгенде кітаптың көрігі қызып, оқырманды қоңырсалқын ұйығына тарта түседі.
Жасынан кедейліктің зардабын тартып, жоқшылық қамытын жамылған Әміре жылқы бағып жүріп әртүрлі әнге салады. Тума таланттың дауысы алты қырдан арыға жетіп, жақын ауылдардан тыңдаушылар легі қараңдай бастайды. «Қашаубайдың «жаман баласы» бүкіл қаланы аузына қаратуға айналды. Мұның бәрі де Исабек байға ұнамай, ол қалай да Әміренің, мына бір кедейге «келіспейтін» қылығын тоқтатқысы келді. Бірінші шара есебінде ол Әмірені жәмшік айдағанда қаланы аралап, көзге түседі, қалаға танысады, құлағын түріп, оның әнін тындайтындар көбейеді, сондықтан бір жерге қадап қою мақсатымен, Әмірені тері күзеттіріп қойды. Ондағысы Әміренің жолын кесіп тастау, әншіні сүйген халықтан айыру еді. Бірақ ол мақсатына Исабек жете алмады. Әміренің дауысы түнгі Семейді тегіс аралап, көше бойы қыдырып, сайрандаған жастар, терезесін ашып қойған әнқұмар үлкендер құлақтарын тосып тыңдап ләззат алды. Жаратылыстан күшті дауыс кешқұрым салқынмен бұрынғыдан да дүрілдеп, «мына байлаудан құтқар, еркіндікке жібер, қанатымды бір қарыштайын, аспанға бір шырқайын» деген сияқты болып, Әміренің дауысы өзінен бұрын Исабектің сасық иісті тері қоймасынан іргені аулақ салуды сұрап тұрғандай Арқаның жазығына, Ертістің еркін ағысына шыққысы келгендей кейіп білдіретін...»
Бұл талант дегенді қойсаңшы, ол қай қапастан шыға алмас, қай торды бұза алмас? Гейзер суындай күйбең ғұмыр құрсауын тас-талқан еткен Достоевскийдің қуаты, Бетховеннің ханға сәлем бермес паң болмысы сөзімізге айғақ емес пе? «Мыңмен жалғыз алысар» алып күшті арқалаған Абай, бір өзі толағай теңізге қарсы аққан Халлаж Мансұр сипатына не дейміз? Міне, дарын дабылы, талант тұғыры.
Өнерін шыңдауға жан сала кіріскен Әміренің атағы алыстарға жетіп, Мәскеуден хат алады. Парижде өтер салтанатты кешке шақырту алған әнші елден тысқарыға жолға шығады. «Париж халқы неше түрлі өсек есітетін совет елі туралы мәліметтерінің үстіне өнер өкілдерін көретініне қуанады. Көздерімен көріп, есіткеннің жаңсақ жерлерін түзетіп алғысы келеді. Сонымен қатар олар бұл келе жатқан совет елін жайлайтын халықтың бірқатарының ғана өкілдері екенін жайылған жарнамалардан есітеді. Совет өнершілері Париждің залдарында 11 концерт береді. Сол концерттерде Әміре өзінің сүйікті әндері: «Ағашаяқ», «Үш дос», «Екі жирен», «Дудар», «Қос барабан», «Қызыл бидай», тағы басқаларын айтады», дейді Ахмет Жұбанов.
Әміре әндері тыңдаушыларды тебіреніске түсіріп, шеңберге сыймас «оғаш» дауысы француз зерттеушілерінің қызығушылығын туғызады. «Айтушылар Әміре «Ағашаяқтың» басындағы жоғарғы нотасын шырқап алғанда, партердің алдыңғы қатарында отырған бір әйел: «Мынау не деген күшті дауыс!» – деп, шошып кетіпті деседі».
Ахмет Жұбанов Париждегі дүбірлі концерт жайлы маңызды деректер бере келе, біршама жайттарды қамтып өтеді. «Француздың белгілі музыка зерттеуші ғалымы «Ле Мюзикаль» журналында Әміренің сирек кездесетін музыкалық көрініс екенін жазды. Сорбонн университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында қазақтың бірнеше әндерін жазып алды. Бір айта кететін жай, біз осы күнге дейін Әміренің сол фонографқа түскен әндерін шетелмен байланысты мекемелер арқылы қанша талаптансақ та, ала алмай жүрміз». Солайша жан дүниесі қазақ халқына ұқсас бауырмашыл, еркін де сезімшіл француз жұрты шын дарынға үн қосып, бауырына тартады, бағасын береді.
Бір өзі бүкіл ұлттың мұратын, тағдырын, тарихын әнмен толғаған ер Әміре ел даңқын шарықтатты. Жұртымызға оралған соң әртүрлі қызмет атқарып, қазақ өнерінің ілгерілеуіне ат салысады. Жеке болмысы қарапайымдылық, әдептілік, ақжүректілік сынды биік қасиеттерге суарылған Әміре жырға арқау, шығармаға тақырыпқа айналды. Әсіресе Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі нағыз өнерпаздың даралығын ашқан көркем туынды, кесек дүние. Иә, Әміре – дара, Әміре – феномен. Ахмет Жұбанов тілімен кестелесек, «Әміре – ұлы әнші, азамат. Оның өмірі мен қимылы әлі де зерттеле түседі. Ол жөнінде талай кітаптар, дастандар жазылмақ. Оның аты ән-би мектебінде мәңгі қалды».