«Еңбек – адамның екінші анасы» дейміз. Тәрбиелік мәні терең бұл тәмсілдің мағынасын «Адамды адам еткен – еңбек» деген тағы бір дана сөз аша түседі. Яғни еңбек адамды өсіреді, өмірден өз орныңды тауып, тұлға болып қалыптасуыңа бастайды, қатарға қосады. Өкініштісі, қазіргі кезде осынау құндылықты құнттамайтын, еңбек етуге, ізденуге құлықсыз, ынта-жігері жоқ жастар да арамызда жүр. Бұл ретте мұндай сипатқа ие NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуға мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдығының бірі ретінде ерекше мән беріліп келеді.
Бүгінгі таңда елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,3%-ды, яғни 235,7 мың жасты құрап отыр. Көрсеткіш бұдан бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22,4 мың адамға азайған. Бұл – Ұлттық статистика бюросының 2022 жылдың төртінші тоқсанында шығарған соңғы дерегі. Бұған қарап, кейінгі бес жылда аталған көрсеткіштің едәуір жақсарғанын байқаймыз. Осынау уақыт аралығында оқуға, жұмыс істеуге ниетсіз жастар тобы 1%-ға азайыпты. Ендігі міндет – ендігі бес жылда осы еріншек жастардың қатарын екі есеге дейін, дәлірек айтқанда, 3,5%-ға дейін төмендету. Бұл жөнінде өткен аптадағы Үкімет отырысында Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру туралы баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кеңінен айтып берді.
«Бүгінде жастардың 43,7%-ы ауылда тұрады. Тұжырымдамада ауыл жастарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аударылады. Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі. Жоғарыда аталған шаралар аясында 2029 жылға дейін 1 млн ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 млн жастың цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 млн жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген. Бұған қоса қалалардағы жұмыссыз жастармен (NEET санаты) жұмыс жалғасады. Олардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Жастардың осы санаты үшін жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту, кәсіптік бағдар беру, бизнес-бастамаларды қаржылық тұрғыда қолдау және басқа да шаралар арқылы нәтижелі жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 3,5%-ға дейін төмендейді. Сондай-ақ 2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа жеңілдетілген несие беріледі. Пысықтау нәтижесінде қосылған индикаторлардың бірі – жастарды жұмыспен және жоғары біліммен қамту. Нақтырақ айтқанда, 2,3 млн жасты жұмыспен, 2,8 млн жасты жоғары біліммен қамту көзделіп отыр», деді министр.
Аталған тұжырымдама бойынша, NEET жастарды еңбекке тарту бағытында әр өңірдегі салалық жұмыстардың ерекшелігі ескерілмек. Осы орайда елімізде Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында NEET жастардың көрсеткіштері ең жоғары екенін атап өткен жөн.
NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу барысында олардың не ойлайтынын, бостан-бос сенделіп жүруіне қандай себептер ықпал ететінін, мінез-құлқын, көңіл күйін, бәрін жан-жақты зерттеу де маңызды. Бұл ретте «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жыл сайын әлеуметтік зерттеу жүргізіп отырады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әзірленген «Қазақстандағы NEET жастардың әлеуметтік ұстанымдары» атты зерттеу жұмысы биыл 22 ақпанда жарияланды.
Бұл әлеуметтік сауалдамаға 14-28 аралығындағы жастар қатысқан. Респонденттердің сипатына қарай, NEET жастардың әлеуметтік бейнесі де көрінеді деуге болады. Мысалы, жастардың 74,1%-ы ата-анасымен, туыстарымен, 13,6%-ы жалдамалы пәтерде, 12,2%-ы өз үйінде тұрады. Сондай-ақ олардың басым бөлігі – 66,1%-ы өз отбасын құрмаған, 73,8%-ының балалары жоқ. Ал білім деңгейіне келсек, респонденттердің 11,9%-ы ғана жоғары білім алған, 0,4%-ының магистр дәрежесі, 0,1%-ының ғылыми дәрежесі бар. Бұған қоса NEET жастардың 53,8%-ын ата-анасы қамтамасыз етсе, 19,7%-ы жұбайының табысына кіріптар, ал 24,7%-ының арагідік пайда табатын тұрақсыз табысы бар.
NEET санатындағы жастардың қандай құндылықты алдыңғы орынға қоятынына мән берсек, басым бөлігі – 47,1%-ы берік және тату отбасын құруды көздейді. Қалған құндылықтарға көбіне материалдық сипаттағы мақсаттар кірді: көп ақша табу – 37,9%, өз үйің, пәтерің болуы – 36,2%, жақсы, қызықты жұмысқа тұру – 32,6%. Сонымен қатар денсаулықты 36,5% респондент маңызды санап, үздік бес құндылықтың қатарынан табылды. Ал материалдық емес мақсаттардың екінші тобында жақсы білім алу (30,1%), адал достардың болуы (22,4%), адамдарға көмектесу (12,7%) және өзін-өзі іске асыру (11,6%) таңдалды.
Бір қызығы, әлеуметтік көңіл күйі мәз болмағанымен, NEET жастардың 79,3%-ы қазіргі өміріне қанағаттанады екен. Тек 3,1%-ы өзінің өмір сүру салтына мүлдем көңілі толмайды. Сауалдама нәтижесі көрсеткендей, ауылдық жерлерде тұратын NEET санатындағы жастардың (83,4%) көп жағдайда қалада тұратындарға (76%) қарағанда өз өміріне қанағаттанады.
Оқуға, жұмыс істеуге талаптанбау, құлықсыздық таныту – NEET санатындағы жастардың ең негізгі сипаты. Өкініштісі, бұлардың көбінің әлі де еңбек етуге аса ниеті болмай отыр. Аталмыш зерттеуде NEET жастардың 58,3%-ы мүлдем жұмыс іздемейді екен. Ал жұмыс істеуге аздап талаптанатындар бірқатар кедергіге тап келетінін алға тартады, атап айтқанда, төмен жалақы (51,6%) мен тәжірибенің жоқтығы (44,7%). Сонымен қатар дипломның болмауы (18,5%) және қажетті дағдылардың жетіспеушілігі (27,5%) жұмысқа орналасуға қолбайлау болады-мыс.
Әлеуметтік зерттеу нәтижесі NEET жастардың мәселелерін жан-жақты анықтап, оларды еңбекке тартуда нақты бағыттарды нығайтуға мүмкіндік береді. Яғни олардың өмірге белсенді араласуына жағдай жасау қай кезде де назардағы басым бағыт болып қала береді. Бұл ретте «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіпкерлік білім саласының маманы Мақсұтбек Айтмағанбет жастарды еңбекқорлыққа баулуда кәсіптік бағдарлаудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Жастарға байланысты қолданатын NEET термині 1998 жылғы дүниежүзілік экономикалық дағдарыстан кейін пайда болған. Бұндай сипатқа ие болу факторлары әртүрлі. Мысалға, мектеп бітіріп, әрі қарай не оқитынын, не жұмыс істейтінін білмейтін жастар бар. Оның себебі – жоғарғы сыныпта оқушыларға дұрыс кәсіптік бағдар берілмеуі, психологиялық дайындықтың осалдығы. Жоғары оқу орнына түссе де, ынтасыз оқып, диплом үшін жүрген жастар бар. Оқу орнын бітіргенімен, мамандық иесі бола алмай, жұмыс істемей жүргендері де қаншама? Бұған қоса мектепте алған білімі жеткіліксіз болып, тегін оқуға түсе алмай, ақылы оқуға мүмкіндігі жоқтары да бар. Бұл жағдай, әсіресе, ауылды жерлердегі мектептерге тән. NEET жастардың пайда болу себептері әр мемлекетте әртүрлі. Мұндай жағдайда Қазақстанның өзінде аймақтық айырмашылықтары бар. Жалпы айтатын болсақ, Қазақстанда статистиканың мәселесі бар екені баршаға белгілі. Ұлттық статистика бюросы мен тәуелсіз зерттеу институттарының мәлімдемесіне сенсек, NEET санатына жататындардың саны – 6,5% бен 10,5% арасында. Әрине, бұл көрсеткіш әдіснамаға да байланысты. Нақты сандарды көру үшін статистика саласын тезірек цифрландыруымыз қажет. Сонда ғана шындыққа жанасатын мәліметтерге қол жеткізе алады», дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол қабылданып жатқан мемлекеттік шараларды жаман емес, бағыты дұрыс деп бағалады.
«Тек қабылданған бағдарламалардың тиянақты орындалуын қамтамасыз ету қажет. Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуы маңызды. Әсіресе, жастарды кәсіпкерлікке баулу жолдарын мейлінше қадағалау қажет. Тек ақшалай қаражат бермей, аяққа тұрған кәсіпкерлердің сол жастармен 24/7 жұмыс істеп, мықты етіп шығару керек. Өкінішке қарай, басын жақсы бастап, өсіп келе жатқан жас кәсіпкерлер орта жолдан тастап кетіп жатады. Негізінде нағыз көмек орта буындағы шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерге берілу керек. Өйткені олар өздерін асырап үйренді, енді 20-30 жаңа кәсіпкерді қанатының астына алып, бірлесіп өсуді көздеуі керек. Түркияда, Кореяда, Малайзияда кәсіпкерлік осылай дамыды. Басында айтып өткенімдей, кәсіптік бағдарлаудың маңызы өте зор. Бұл мәселеге мұғалімдер де, ата-аналар да көңіл бөлуі керек. Бұған қоса айтарым, әр мектеп оқушысы орта білім ғана алмай, жоқ дегенде кішігірім екі-үш мамандықты үйреніп шығу керек. Мысалға, фотограф, видеограф, SMM маманы немесе фандрейзер сияқты. АҚШ, Сингапур, Германия мектептерінде осы бағытты ұстанып, балаларды оқи беруге емес, ертерек жұмыс нарығына кіруге ынталандырады. Әрине, бұл – мектептен шыға сала өмір бойы жұмыс істейді деген нәрсе емес, яғни оқу, жұмыс, оқу комбинациясы. Дүниенің экономикалық жағдайына байланысты оқитын кезде оқып, жұмыс істейтін кезде жұмыс істеу керек. Қазір Lifelong Learning концепциясының заманы. Өйткені алған білімің тез тозатын уақыт», деді М.Айтмағанбет.
«Жас келсе – іске» дегендей, жастардың бойкүйездіктен, болымсыз қасиеттерден арылуына ерте жастан мән беріп, болашаққа дұрыс бағыт сілтеу, жол көрсету – қоғамдық жауапкершілік. Сөз басында айтқанымыздай, «екінші ана» – еңбектің қадірін біліп өскен жастармен еліміздің көркейе түсетіні сөзсіз.