Зұлмат соғыстың тигізген зардабы орасан екені даусыз. Миллиондаған адамның өмірін жалмайтынына да көне тарих куә. Бүгінгі қоғамның сол соғыстағы Түркістан легионына деген көзқарасы әлі күнге екіұдай күйде қалып отыр. Соғыс жылдарында Түркістан легионында қызмет еткен қазақтар жөнінде мәліметтер әлі толық зерттелген жоқ.
«Өз адамдарымызға оқ атпаймыз»
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жиырма жылдан кейін республикалық «Казахстанская правда» газетінің 1965 жылдың 25 шілде күнгі санында әділет генерал-майоры Б.Викторовтың «Архивтегі іс» атты мақаласы жарияланды. Мақалада сол кезеңдегі жабық тақырыптардың бірі Түркістан легионы қатарында болған жауынгер Бақыт Байжанов хақында баяндалған. Автор мақаласында қазақ жауынгерінің толық өмірбаяны, оның туған жері, ата-анасы, туған-туыстары да әзірше белгісіз деп атап өтеді.
Сұрапыл соғысты Бақыт Байжанов елдің батысындағы шекара заставасынан қарсы алады. Соғыстың алғашқы күндерінің бірінде шекарашы Бақыт күші басым жау қолына тұтқынға түскен. Қолға түскен әскери тұтқындармен бірге лагерьден лагерьге ауысады. Ал 1941 жылдың күзінде Варшавадан 12 шақырым жердегі Легионово әскери тұтқындар лагеріне әкелінеді. Осы лагерьде ол Түркістан легионы қатарында кіші командирлер даярлайтын курстан өтеді. Содан соң взвод командирі болып тағайындалады.
1942 жылдың желтоқсанында оңтүстік-батыс майдан шебінен Қызыл әскер құрамына Түркістан легионы қатарында еріксіз қызмет еткен қазақ әскери тұтқындарының үлкен бір тобы өтеді. Өйткені бұл жауынгерлер кеңес одағына қарсы соғысудан бас тартып, кеңес әскер құрамына қайта қосылады. Бұл топтың майдан шебінен өтуге басшылық жасаған Бақыт Байжанов болатын.
1942 жылдың қыркүйек айында Бақыт Байжанов қызмет еткен Түркістан легионы құрамындағы батальон майдан шебіне әкелінген. Ол ротасындағы әрбір легионермен жеке сөйлесіп, «Өз адамдарымызға қарсы оқ атпаймыз. Мен басқа командирлермен байланысып, не істейтінімізді анықтап, шешімін айтамын» деген бағытта үгіт-насихат жүргізген.
Б.Байжанов жақын маңдағы деревня тұрғындарымен байланыс орнатып, легионның басқа бөлімдері қайда орналасқанын біліп алады. Кейін жергілікті тұрғындардың көмегімен партизандармен байланыс орнатады. Партизандар арқылы алынған Совинформбюроның хабарларын, листовкалар мен газеттерді легионерлерге таратып отырған. Өкінішке қарай, фашистер Бақыт Байжановты бір түнде тұтқындаған. Сол сәтте одан жойып үлгермеген кеңестік листовканы тауып алады. Фашистер Б.Байжановты азаптап, қинағанымен, қажетті мәліметтерді ашып айтпаған. 1942 жылдың желтоқсанның басында Бақыт Байжановты Воронеж облысының оңтүстігінде орналасқан Богучар қаласының түрмесінде өлім жазасына кескен.
Бақыттың ерлігі мен өлімі легион жауынгерлерінің мұқалмас күш-жігері мен асқақ рухын одан сайын жани түскен. Оның дәлелі – желтоқсанның 19-ына қараған түнде Б.Байжановтың астыртын тобы мәжіліс өткізіп, майдан шебінен шабуыл басталған кезде Қызыл әскер бөлімдеріне өтуге бірауыздан шешім қабылдауы. Алдыңғы шептегі бөлімдерге хабар беру үшін ең сенімді деген жауынгерлерді жіберу ұйғарылған. Оларға жаудың атыс нүктелері мен қорғаныс шебінің осал тұстары туралы, легионерлердің майдан шебінен өтудің белгіленген дабылын жеткізу тапсырылған.
Бұл тапсырманы орындау қатардағы легионерлер Нығмет Табишкин, Құрмаш Мұхамежанов, Мұсабай Малыбаев пен Асқар Әлиақбаровқа жүктеледі. Тапсырма алған олар екіге бөлініп, майдан шебінің әр тұсынан Қызыл әскердің алдыңғы шептегі бөлімдеріне аман-есен жеткен. КСРО Қорғаныс министрлігінің архивінде Дон өзенінің аумағында оңтүстік-батыс майданның Қызыл әскер бөлімдеріне Түркістан легионы қатарындағы 193 қазақ және өзбек жауынгерінің өткені туралы құжат сақталған. Олардың көпшілігі кейін қолына қару алып, неміс-фашистеріне қарсы ерлікпен соғысты. Легионерлер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қашуды ұйымдастырғандар КСРО Ішкі істер халық комиссары Л.Берияның жеке ұйғарымымен кеңестік тозақ лагерьлеріне айдалды.
Ең өкініштісі, бұл әділетсіздік тірілермен бірге ерлікпен қаза тапқан Бақыт Байжановты да айналып өтпеді. Оның есімі ұмытылып, оған және легион қатарында болған жазықсыз тұтқындарға «сатқын» деген қарғыс таңбасы басылды. Ал 60-жылдардың ортасында Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің (МҚК) кейбір облыстық басқармалары мен Приволжск әскери округінің тергеушілер тобы бұл архив ісін қайта қарап, Б.Байжановқа қатысты ақиқатты қалпына келтіру жұмысын атқарған. Алайда қазақ жауынгерінің ерлігі туралы мәліметтің егжей-тегжейі әлі күнге толық анықталған жоқ.
«Байжановты мен танимын...»
1965 жылдың 12 тамыз күні Қазақ КСР Қоғамдық тәртіпті қорғау министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы №1 тергеу изоляторында қамауда отырған Рахим Алмасов деген азамат КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасына хат жазған. Хатта «Казправда» (25.07.1965) газетіндегі мақаланы оқығанын, онда есімі аталған Түркістан легионы взводында бірге болған ерлік иесі Бақыт Байжановты жеке білетінін, бұл туралы мақала авторына хабарлауды немесе қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Б.Байжановтың ерлігі туралы қайда жазуға болатынын назарға ұсынған. Жазылған хаттың көшірмесіне Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті подполковнигі Милаванов қол қойған.
Ал 30 тамызда Қазақ КСР Қоғамдық тәртіпті қорғау министрлігінің тұтқын орындарының басқармасына қарасты №1 тергеу изоляторының бастығы, майор Егоровқа жазған хатында: «Легион қатарында Байжановпен бірге кіші командирлерді даярлайтын мектепте бірге оқыдым. Мектепті тәртіпсіздігім үшін аяқтамадым. Кейін Байжанов взводында сарбаз қатарында болдым. 1942 жылдың қазан айында Түркістан легионының үш батальоны Кубан ауданы мен Дон бойындағы майданның алдыңғы шебіне келіп орналасқан соң, Байжанов легионерлерге өзінің бұйрығынсыз кеңес әскеріне қарсы оқ атпауды бұйырды. Мұны «жоғарыдан» келген бұйрыққа сүйеніп айтып тұрғанын легионерлерге ескертті. Байжанов легионерлер арасына листовкалар мен газет таратты. Кейін сезіктенген фашистер оны тұтқынға алды. Б.Байжановты Богучар қаласына алып кетті. Бірақ кейін Острув-Мазовецка қаласындағы (Польша) №333 шталагта ату жазасына кесілді деген әңгіме тарады. Байжанов взводындағы 60-қа жуық сарбаз алдыңғы шептен алынып, Варшавадан 90 шақырым жердегі тылға жіберілді. Менің Сьедельсе лагеріндегі нөмірім – №8661. Кейін басқа тұтқындармен бірге Бухенвальд лагеріне жіберді. Миесте Алтмарк елді мекенінде немістің бауэрі қарамағында жұмыс істедім.
Бақыт менімен әңгімесінде Астраханнан екенін айтқан еді. Бірақ қай ауданда тұрғанын айтпады. Оны танитын З.Салықов Іле ауданының Октябрь ұжымшарында, Нұрбаев Казправдада (Камышзавод) тұрады. Ал бір азамат Қазақ КСР Ғылым академиясында қойма меңгерушісі. Бақыт өзі ұзын бойлы, жұқалтаң. Қайда жерленгені белгісіз. Неміс тілін жақсы біледі. Өзім тұтқыннан босағаннан кейін Қызыл әскер қатарында қызмет етіп, 1947 жылдың желтоқсанында әскер қатарынан босадым», деп баяндаған.
1965 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті хатшылығының бастығы, майор Нелидов атына Қазақ КСР Қоғамдық тәртіпті қорғау министрілігіне қарасты тұтқын орындарының басқармасы бастығының орынбасары, подполковник И.Родиннен қатынас қағаз келген. Қатынас қағазда «Казахстанская правда» газетіне жарияланған әділет генерал-майоры Б.Викторовтың мақаласында айтылғандай, Б.Байжановтың ісімен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы МҚК қызметкерлері айналысып жатқандығын, осыған орай басқармаға қарасты мекеме түрмесіндегі тұтқын Р.Алмасовтың 7 беттік хатын жолдағанын мәлімдеген.
Рахим Алмасов 1922 жылы туған. Ол – Алматы облысындағы Іле ауданына қарасты Октябрь ұжымшарының тұрғыны. 1965 жылы Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 93-бабы (қасақана ауыр дене жарақатын салу), 136-бабы (алаяқтық) 178-бабы (мөрлер, штамптарды және бланкілерді қолдан жасау немесе ұрлау), 200-бабымен (бұзақылық) қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 1965 жылдың шілде айында істі болған Рахим Алмасов Алматы қаласы Совет ауданының халық сотының шешімімен Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 136-бабы (алаяқтық) бойынша 8 жылға сотталған.
«Ар-намысымды өлтіре алмайсыңдар...»
1941 жылы желтоқсан айында Р.Алмасов Алматы облысының Іле аудандық әскери комиссариатынан Қызыл әскер қатарына алынған. Ал 1942 жылдың наурыз айына дейін Алматы қаласындағы 343-атқыштар полкі құрамында қызмет еткен. Наурыз-маусым аралығында оңтүстік-батыс майданында ұрыс қимылдарына қатынасқан. 1942 жылдың маусым айында Дон өзені аумағындағы ауыр ұрыстардың бірінде тұтқынға түскен. Тұтқындарды Корольково станциясында ұлтына сәйкес бөліп, Ровно лагеріндегі мұсылмандарға әкеліп қосады. Осы лагерьде алғаш рет Бақыт Байжановпен кездескен. Кейін оларды Украинаның Сумы облысы Ладан елді мекеніне аударады. Осы жерде Р.Алмасов алғаш рет Бақытпен тілдескен. Варшава қаласындағы кіші командирлер даярлайтын мектепте бірге оқып, жиі кездесіп тұрған.
Р.Алмасовпен арадағы әңгімеде Бақыт өзінің 1920 жылы Астрахан қаласында дүниеге келгенін, сол жерден 1939 жылы әскер қатарына шақырылғанын, шекара заставасында қызмет атқарғанын айтқан. Отбасынан тек бауыры туралы әңгімелеген. Аталған мектепте ай жарымдай оқыған Б.Байжанов құрамында Р.Алмасов болған взводтың командирі лауазымына тағайындалады. Осы кезде өз тарапынан легионерлерге әскери жаттығу жұмыстарын бар мүмкіндігінше неміс нұсқаушыларынан қашықта оқытуға тырысқан. Түркістан легионы майдан шебіне жеткеннен кейін Қызыл әскер қатарына өтіп кететіні, майданда немістердің жағдайы жақсы еместігін ашық айтқан.
Байжанов әрдайым жергілікті тұрғындармен фашистер сияқты әрекет етпеңдер, дұрыс қарым-қатынас жасаңдар деп ескертіп отырған. Ұрыс қимылдарының барысында партизандарды ұстаған жағдайда бірден немістер жоқ аймаққа өткізіп жіберу туралы кеңес берген. «Ұлттық» атауымен құрылған астыртын ұйым мүшелері Р.Алмасов (қазақ), Құлымбетов (қазақ, Көкшетау облысы), Сағат (қазақ, ст. Балқаш, Қазақ теміржолы), Қасым (Интернационал, Қаскелең ауданы, Алматы облысы), Мәсімхан, З.Салимов (Алматы облысы, Іле ауданы), Бабыш Нартаев (Қырғыз КСР, Жалалабад облысы, Алабухин ауданы, Фрунзе ұжымшары), бір азамат Қазақ КСР Ғылым академиясында қоймашы, 50 жаста» деп жазған Р.Алмасов.
Оған «Астыртын ұйым басшысы Б.Байжановтың орынбасары кім болды?» деген сұрау қойылған. Бұған былайша жауап берген: «Ұлттық астыртын ұйымды Бақыт Байжановтың өзі басқарды».
Р.Алмасовтың 1966 жылдың 24 наурыз күні Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы МҚК төрағасына жазған түсініктемесінде: «...Қазан не қараша айында легионда «Ұлттық» атауымен астыртын ұйым жұмыс жасайтындығын естіп, білдім. Түркістан легионында фашистерге қарсы күресу үшін «Ұлттық» атаумен астыртын ұйым құрылды. Бұл ұйымның командирі отанының патриоты Бақыт Байжанов болатын. Оны 1942 жылдың желтоқсанында фашист жендеттері өлтірді. «Ұлттық» астыртын ұйымның мақсаты – неміс әскери басшылығының өздеріне берілген қаруымен фашистерге қарсы шығу. Бар мүмкіндікті пайдаланып, кеңес әскеріне қосылу, неміс-фашистері әскері тылындағы бөлімдерінің ішіне іріткі салу мен күш-қуатын әлсірету. Олар қымбатты да құнды өмірін фашизмге қарсы күрес жолына арнады.
Ұйым фашизмге қарсы аяусыз күрес жүргізді. Легионерлер отанына қарсы соғысқысы келмеді. Бақыт өзі қаза тапса да, астыртын ұйым жұмыс жасай беретіндігін бірнеше рет айтқан болатын. Немістер күз айында легионда астыртын ұйымның жұмыс істейтіндігін білген сияқты. Күзде екі легионерді ату жазасына кесіп, екеуін концлагерьге жіберді. Қараша айында біздің бөлімді Дон өзені жағалауындағы майдан шебінен 80-100 км жерге алып келді. Екі апта бойы қорғаныс шебін салу жұмыстарымен айналыстық. Екі аптадан кейін бізді пойызбен тылға алып кетті. Пойызда Бақыт 2-вагонда, ал мен 4-вагонда болдым.
Жолда Бақытты екі неміс унтерофицері мен екі фельдфебель тұтқындады. Межелі жерге дейін оны немістердің күзет взводы орналасқан вагонмен алып келген. Бұл туралы маған басқа легионерлер айтып берді.
Менің қысқаша тарихым міне, осындай. Сіздерді хабардар етемін. Кешіріңіз, 24 жыл өтті, еске түсіру өте қиын. Бұл сіздерге түсініксіз, бұны керекті адреске жолдаңыз», деп аяқталған түсініктеменің соңында тұтқын Алмасов деп қол қойған.
Оның түсініктемесіне қарағанда, астыртын ұйым мүшелері Б.Байжановтың басшылығымен Польша жеріндегі Вилямино селосы маңындағы поляк партизандарымен байланыс орнатқан. Олардың көмегімен Зигрзе селосында қару-жарақ қоймасын жарып жіберген. Киевтен 70 шақырым жердегі тар табанды теміржолды, Ладаннан 18 шақырымда тұрған оқ-дәрілер тиелген 2 вагонды жарып жіберуге тапсырма берген.
«Тағы бірде 1942 жылдың қараша айында немістер майданға жөнелту үшін химиялық жылыту жастықшалар (грелка) тиелген екі вагон дайындады. Бақыт жалған құжаттар дайындаған сияқты. Соның нәтижесінде вагондар басқа бағытқа кетіп, партизандардың қолына түскендігін естідім. Бұл фактіні тексеру керек», деп жазған Р.Алмасов.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің Семей облысы бойынша аға жедел уәкілі Родченко Р.Алмасовтың айтуымен толтырған құжатта Бақыт Байжановты былайша сипаттайды: «Бойы 170 см, арық, қараторы, жұқалтаң келген, дауысы жайлы және қатқыл. Саптық жаттығу сабақтарын өткізу барысында жұдырығын түйіп алып, қысатын. Бұл оның қолында бір нәрсе бардай әсер қалдыратын еді».
«Тұтқындалғаннан кейін Бақытты біз Легиново станциясында көрдік. Бақыт бас киімсіз, қолы артында кісендеулі болды. Біздің саптың бағытымен оны алды-артынан төрт неміс солдаты күзетпен алып өтті. 1942 жылдың желтоқсан айының басында бізді алаңға үш қатар төрт бұрышпен сапқа тұрғызды. Сағат 10:00 шамасы болатын. Күн бұлыңғыр болып тұрды. Саптың ортасында түрменің үсті жабық жүк машинасы мен үстінде дыбыс күшейткіші бар жеңіл көлік машинасы тұрды. Шағын трибуна үстінде неміс әскерінің екі подполковнигі мен бір капитан және ұлты қазақ легионер Вали-Каюм ханның орынбасары, майор Бекетов болды. Олардан сәл алысырақ жерде каска киген бір взвод неміс солдаттары сап түзеп тұрды. Трибунаға жақын жерде төрт фашист күзеткен Бақыт тұрды. Бір байқағаным, төрт фашистің екеуінің бойының ерекше ұзын болғаны да есімде қалды.
Байжановтың үстінде ескі қызыл әскер гимнастеркасы мен кең шалбар, аяғында ағаштан жасалған шәркей болды. Алдымен неміс подполковнигі, кейін майор Бекетов бұйрықты оқыды. Бұйрықтың нөмірі 62 не 162. Сап алдында оқылған бұйрықтың мәтіні бойынша Байжанов неміс әскеріне қарсы күрес жүргізіп, коммунистер және партизандармен, Қызыл әскер бөлімдерімен байланыста болған. Түркістан легионында қарулы көтеріліс ұйымдастырмақшы болған. Бұйрық бойынша өлім жазасына кесілді. Бұйрықты легион алдында шапшаң оқып, Байжановты да сол бойда алып кетті. Байжановты машина отырғызар сәтте ол шамамен былай айғайлады: «Мені өлтірерсіңдер. Бірақ менің ар-намыс, абыройымды өлтіре алмайсыңдар!». Ол тағы да айқайлап, бірдемелерді айтқанымен, анық ести алмай қалдым. Әрі оған ондай мүмкіндік бермеді».
Осылай жазба қалдырған Р.Алмасовтың дерегінше, диверсиялық қызмет еткендердің әрбірін осылай жазалайтындығы жарияланған. Байжановтың қазасына байланысты екі түрлі болжам бар. Бірі – Богучар қаласында өлім жазасына кесілгені, ал екіншісі – Остув-Мазовецка қаласында өлтірілгені туралы қауесет.
Р.Алмасов: «Бұл жөнінде дәл айта алмаймын. Шамамен бір аптадан соң біздің легионды таратып, бәрімізді бөліп-бөліп концлагерьлерге жіберді. Б.Байжановты менен басқа жақсы білетін Заир Салықов. Ол қазіргі уақытта Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Октябрь кеңшарында жұмыс істейді. Ал екінші адам – ұлты қырғыз, Қырғыз КСР, Жалалабад облысы, Алабухин ауданы, Фрунзе ұжымшарының тұрғыны Бабыш Нартаев болса, үшіншісі – Алматы қаласында тұратын қазақ азаматы. Ол қазіргі уақытта Қазақ КСР Ғылым академиясында экспедитор не жабдықтаушы болып қызмет істейді», деп жазба қалдырған. Ол сөздерінің дұрыс жазылғанын растаймын деп қолын қойған.
Легион құрамындағы 193 сарбазы майдан шебінен өтіп кеткен батальон командирі 1943 жылдың 11 қаңтар күні Варшавадан 90 шақырым жердегі №366 шталагта ату жазасына кесілген. Бізге түсініксіз бір жайт бар. Бұл – қалт еткенді қапы жібермейтін органның «қырағы көздерінің» Р.Алмастовың хаты бойынша атын атап, түсін түстеп көрсеткен адамдарынан Б.Байжанов жөнінде неге сұрау салынбағаны. Сол кезде аталған адамдардың көзі тірі еді. Сонымен бірге кеңестік кезеңде Р.Алмасовтың жоғары инстанцияға Б.Байжанов туралы жазған хаттары тиісті жеріне жетпей қалуы мүмкін емес.
Әлде кеңес өкіметінің құзырлы, кеңестік, партия органдары соғыс аяқталғанына жиырма жыл өткен соң, бітеу жараның ауызын тырнауды құп көрмеді ме екен? Түркістан легионы қатарында, кейін концлагерьде тұтқында болып, соғыс аяқталған соң елге оралған Р.Алмасовқа деген сенімсіздік пе? Мүмкін орталықтың шовинистік көзқарасы басым түсті ме? Бұл қазақ батырының ерен ерлігін елемеу ме? Сол уақыттың өзінде кеңестік жоғары әскери басшылықта «Түркістан легионында болғандар бәрібір Отан алдында кінәлі» деген қатал түсінік қалыптасқан секілді.
Сондай салқын көзқарастың кесірінен майдандағы ерліктері үшін қазақтар өздеріне тиесілі марапаттарды ала алмаған жүздеген мысалды білеміз. Б.Байжанов туралы мәліметтер сол уақытта белгілі болса, міндетті түрде баспасөз бетінде көрініс табуы керек-ақ еді. Кеңестік идеология тәртібі бойынша оның ерлігі дәріптеліп, ұлықталатын еді. Бірақ өкінішке қарай, қаптаған жау ортасында жүріп, көзсіз ерлік жасаған ержүрек батыр Бақыт Байжанов туралы іздестіру жұмыстары жалғасын таппай қалды. Неге? Сұрақ көп, алайда жауап жоқ.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы
Атырау облысы