Арнайы құрылған комиссияның қорытындысы бойынша, Қарағанды облысындағы карьерде жұмысшының қаза болуына «Nova-Цинк» кәсіпорнының басшылығы кінәлі деп танылды. Бұл туралы AstanaTV арнасы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Оқиға қаңтар айында болған. Кенді бұрғылау барысында 23 жастағы ер адам кен астында қалып, тұншығып қайтыс болды.
Істің мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Тергеу екі айға созылды. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша, қайғылы оқиғаға жұмыс беруші кінәлі деп танылды.
«Жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталды. Жұмыс беруші қауіпсіз жұмыс үшін арнайы құрылғыны қолданбайтын көрінеді. Сонымен қатар жұмыс беруші кәсіптік қауіптерді де бағаламаған. Инженерлік-техникалық қызметкерлер тарапынан бақылау әлсіреген», деді Қарағанды облысы бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Айзада Жұмабекова.