Астанада Шәкәрім шығармаларының шуағына шомылғандар сынға түсті десе болғандай. Бұрындары Абай-Шәкәрім оқулары болса, биыл республика көлемінде Шәкәрім оқулары тұңғыш өтіп тұрса керек. Аталған байқаудың «шаңырақ көтеріп» жеке шыққанын руханият арнасының кеңи түскеніне баладық. Себебі Ұлттық академиялық кітапханаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың осалы жоқ па деп қалдық. Көздері жанып кемеңгердің өлеңдерін оқығанда, жас жүректің риясыз үні көңіл баурайды-ақ.
Ұлы ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқау 5-7 сынып оқушылары арасында өтті. Мұнда оқушылар ғұлама ақынның өлеңдерін жаттап, мәнерлеп айта салмайды, өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Еліміздің барлық аумағын қамтыған рухани іс-шараны Ұлттық академиялық кітапхана қолға алып, «Адал-Ас» компаниясы демеушілік етті.
Әуелі 17 облыс пен 3 мегаполистегі орталық кітапханалар аясында басталған Шәкәрім оқуларына 5-7 сынып оқушылары арасынан 2000 бала қатысыпты. Бір айға жуық уақытта аймақтардағы іріктеуден сүрінбей өткен 22 оқушы білім жарысының жартылай финалына өтіп, республикалық байқауға жолдама алды. Ал озық оқушылардың арасынан шын жүйрікті анықтайтын сынақты Ұлттық академиялық кітапхана онлайн режімде өткізді. Бұған қатысқан 22 талапкер арасынан 11 үздік оқушы ақтық сынға өтіп, Астанадағы қорытынды байқауға жиналды.
– Ұлттық академиялық кітапхана Шәкәрім мұраларын жалпы адамзатқа ортақ қазына деп бағалай отырып, ұлт тұтастығын нығайту міндеттерін жүзеге асыруға зор үлес қосады деп есептейді. Ал байқаудың мақсаты – оқушыларды дана бабамыздың мұраларын танып, зерттеуге ынталандыру болды. Республикалық байқауға еліміздің 17 облысы мен 3 қаласындағы барлық мектептен 5-7 сынып оқушылары қатысты. Байқаудың республика көлемінде ауқымды өтуіне облыстардағы кітапханалар ықпал етті. Қатысушыларға жатқа айтуға 20 өлең берілді.Ақтық сынға оқушылар Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыстары, Шымкент және Алматы қалаларынан келді – дейді Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Ғазиза Құдайбергенқызы.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталды. Қазылар алқасының құрамында «Адал-Ас» компаниясының президенті Ермек Мезібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес, филология ғылымдарының кандидаты, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір, ақын Ықылас Ожай, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, Халықаралық «Абай» қорының басшысы Аслан Ғафуров бар.
Республикалық Шәкәрім оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегер оқушыларын дайындаған ұстаздар арнайы дипломдар, Алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қатарынан оза шапқан жас шәкәрімтанушыларға байқаудың бас демеушісі – «Адал-Ас» компаниясының негізін қалаушы кәсіпкер, меценат Ермек Мезібаев бағалы сыйлықтар табыс етті.
– Компаниямыз қоғамдық іс-шаралар мен мәдени-рухани жобаларға да барынша қолдау көрсетіп, үлес қосып жүргенін айтқым келеді. Осы бір ұлағатты жұмысты Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп қолға алдық. Біз үшін ізденімпаз балалардың жүзіндегі шаттықты көріп, сезінудің өзі жеңіс, – дейді республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының бас демеушісі, кәсіпкер Ермек Мезібаев.
Сонымен қазылар шешімімен Тараз қаласынан қатысқан 6-сынып оқушысы Айханым Қайрат бас жүлдеге ие болды. І орынды Шәкәрім өлеңдерін мәнерлеп оқып, сұрақтарға тұшымды жауап берген Шымкент қаласының 5-сынып оқушысы Дінмұхаммед Кәдірхан иеленді. ІІ орынды Орал қаласынан 6-сынып оқушысы Айару Әміртай, Қызылорда облысы Қазалы ауданынан 7-сынып оқушысы Гүлназ Жеңісбек, Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданынан Аружан Айырбай тең бөлісті. ІІІ орынды Павлодар облысынан келген 7-сынып оқушысы Гүлназ Бақберген, Қостанай облысы Жангелді ауданынан келген 7-сынып оқушысы Айша Қосылбек және Жетісу облысы Жаркент ауданынан қатысқан 5-сынып оқушысы Жүрсін Азитай иеленді. Қалған қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары мен Алғысхаттар табысталды. Бас жүлде мен І, ІІ, ІІІ орынға ие болған жүлдегерлер бағалы сыйлық һәм дипломдармен марапатталды.