• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Наурыз, 2023

Жанар-жағармай тапшылығы. Оны жоюдың жолы қандай?

416 рет
көрсетілді

Көкжиектен көктем көрінгеннен бастап елде жанар-жағармай бағасына қатысты мәселенің де шеті қылтияды. Әзірге көрші елдер­мен салыстырғанда ең төменгі баға бізде тіркеліп тұр. Соңғы 5 жыл­да бензиннің бөлшек бағасы небәрі 13 пайызға өсіпті. Жыл са­йын­­ғы орташа өсім 2,3 пайыз болған. Ал дизель отыны 30 пайыз­ға қымбаттаған (жылдық орташа өсімі – 5,3 пайыз). Мұн­дай көрсет­кішпен Қазақстан жанар-жағармайы арзан 10 елдің қатары­на еркін еніп тұр. Бірақ...

Жалпы, биыл қаңтарда 494,1 мың тонна бензин өндіріліпті (былтырғы қаңтардан 20,6 пайызға көп). Дизель отынының қаңтардағы өндіріс көлемі – 421,8 мың, тиісінше былтырғы көрсеткіштен 13 пайызға жоғары. Соған қарамастан оңтүстік фермерлері дизель тапшылығына ұшырап отыр. Бұған себепті сірә, жоғарыда айтылған проблемалар қатарынан табуға болатын шығар...

Жақын көршілерімізбен салыстырғанда жанар-жағармай бағасының төмен екені рас. Бізде дизель литріне 260 теңгеден сатылса, оның бағасы Ресейде – 367, Өзбекстанда – 544, Қырғызстанда – 408 теңге. Мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, бұл жерде біз ескермей қалатын бір мәселе бар.

«Көршілеріміз – Өзбекстан да, Қырғызстан да егінмен айналысады. Бізбен бір мезгілде егін еккеннен кейін, оларға да жанар-жағармай міндетті түрде қажет. Еккен өнімінен көбірек пайда көру үшін олар арзан жанар-жағармай алу мақсатында бізге қарай келеді», дейді Рашид Жақсылықов.

Сөйтіп, біздің отын заңсыз жолмен, арзан бағада шетел аса бастайды. Energy Monitor телеграм-каналының авторы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мемлекет дизель бағасын шетелдік транспорт үшін – 450 теңге, жергілікті азаматтар үшін 230-260 теңге етіп бекітіп қойды. Бір қарағанда анық та түсінікті көрінетін мұндай тәртіп нарықта тапшылық тудырып жатыр.

«Жол бойындағы жанармай бекетінде дизель отынын 230 теңгеден немесе 450 теңгеден сататын мүмкіндік бар. Ол әрине, шетелдік транспортқа құяды. Кейбір бекеттердегі операторларда ауыр техника техпаспортының 20-30 көшірмесі болады. Шетелдік транспорт келген кезде оны құдды жергілікті транспорт есебінде қабылдайды да, литріне 300 теңгеден құйып жібереді. Ал қалғандарына «тек талон бойынша құямыз» дей салады. Шетелдік көліктердің жүргізушілерінде осындай «көмектескіш» адамдардың нөмірі болады. Ол сол адамға қоңырау шалып, дизель отынына талон бар ма, жоқ па деп анықтайды, ал «көмектескіш» қай бекетке бару керектігін айтады. Егер бекет операторы күніне әр литрден жоқ дегенде 100 теңге алып отырса, онда күніне 10 мың литрден миллион теңге пайда көреді», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, арзан дизельді елде сақтап отыру мүмкін емес. Сондықтан оның шекара асуына тосқауыл қою қиынға түседі.

«Қалай болғанда да отын жоғары бағасы бар аймаққа кетеді, бұл – заң­дылық. Арзан дизель есебінен заңсыз жолды қалыптастырған тұлғаларға көмектесіп отырмыз. Шекараны жауып тастау тағы мүмкін емес. Қырғызстан, Өзбекстан, Қытайдан шетелдік транспорт келіп жатыр. Оларда дизель бағасы қымбат. Оңтүстікте не болып жатқанын қараңыз. Өзбек, қырғыз елдерінде біздің дизельді бес литрлік пластик құты мен канистрлерге құйып, жол жиегінде сатып тұр. Өйткені ол жақта оның бағасы кем дегенде 60 пайызға қымбат», дейді мұнай-газ саласының сарапшысы.

Экономист Алмас Чукин тауар баға­сы жұмсалған шығынға сай қалып­тасуға тиіс деп санайды, тиісінше елдегі арзан жанар-жағар май бағасын сынға алады:

«Былтыр 5 млн тонна бензин, 5,3 млн тонна дизель отынын өндірдік. Сөйтіп 5 млн тоннадан артық бензин мен 5,8 млн тонна дизель тұтындық. Тапшылықты Ресей және Беларусь импортымен жаптық. Бірақ біздің жанар-жағар майдың Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейге кетіп жатқаны анық нәрсе. Қанша екенін ешкім тап басып айта алмайды. Жол үстінде фляжкамен сатып тұрғандарды көптеп кездестіруге болады. Алайда бұдан көрші елдердің бюджеті де зиян шегеді, өйткені контрабандалық бензиннен не акциз, не салық төленбейді».

Сондай-ақ экономист біздің бюд­жет­тің де орасан зор шығынға батып жатқанын айтады.

«Мұнай өнімдерінің 20 пайызы көлеңкелі экспортқа жіберілді делік. Бұл – 1 млн тонна бензин және 1 млн тонна дизель отыны. Мұнаймен есептегенде 2 млн тонна болып қалады. Сонда бюджетке 725 млн доллар түспей қалып отыр. Бұл – елорданың бюджетінен сәл-пәл көп. Немесе бұған 150 мектеп, не болмаса 300 шақырымдық жаңа жол салуға болар еді. Егер біз бағаны көрші елдермен теңестірсек, онда бензин мен дизельді экспортқа да шығаруға болады әрі елде ешқандай тапшылық орнамас еді», деп жазады Алмас Чукин желідегі жеке парақшасында.

Бағаны көтерудің пайдасы мұнымен де бітпейді. Сарапшының сөзінше, жанар-жағармай құнының көрші елдермен теңестірілуі мұнайшылардың барлау және өндіруге деген ықыласын да арттырады, сонымен қатар бұдан әрі қарай бұл істен ешбір мән таппаған бензин контрабандасымен айналысқан жемқорлықтың да түбіріне балта шабылар еді. Бұдан кейін бекеттердегі заңсыз схемалардың да жолы кесілері күмәнсіз.

Жақында ғана бензин және дизельді отынның көтерме бағасын бекіту бойынша бұйрық жобасы Ашық үкімет порталында жарияланды.

«Қосылған құн салығын ескере отырып, мынадай мөлшерде бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген стацио­нар­лық автожанармай құю стансалары үшін мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізуге шекті бағалар белгіленсін:

1) АИ-80 маркалы бензин – тоннасына 93 161 теңге;

2) АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин – тоннасына 193 649 теңге;

3) Дизель отыны (жазғы, маусым­аралық) – тоннасына 236 156 теңге», делінген бұйрық мәтінінде.

Ақпан айында дизель отыны литріне орташа есеппен 241 теңгеден сатылды. Өңірлік бөліністе қымбат баға – Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Өскемен, Семей және Петропавл қалаларында тіркелген. Ол қалаларда – литрі 260 теңге маңайында. Өзге өңірлерде баға 230-240 теңге аралығында құбылады. Жалпы, биыл қаңтарда 494,1 мың тонна бензин өндіріліпті (былтырғы қаңтардан 20,6 пайызға көп). Дизель отынының қаңтардағы өндіріс көлемі – 421,8 мың, тиісінше былтырғы көрсеткіштен 13 пайызға жоғары. Соған қарамастан оңтүстік фермерлері дизель тапшылығына ұшырап отыр. Бұған себепті сірә, жоғарыда айтылған проблемалар қатарынан табуға болатын шығар...

Қазір оңтүстік шаруалары бекет біт­кенді аралап, сұйық отын таппай сенделіп жүр. Аймақтағы жанармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаровтың айтуынша, мәселе Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыт жөндеуге жабылған соң басталған. Тура егіс маусымы басталар кезде есігін тарс жапқан зауыт 15 сәуірде ғана жұмысқа кіріспек. Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ілияс Есжанов он күнге қорымыз жетеді, одан кейін жағдай оңалады деп шаруаларды сабырға шақырып отыр.