Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында партияларға қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты», деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұл жолы сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды.
«Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті», деді Президент.