Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Бұл туралы Президент VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет.
Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ондай адамдарға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету маңызды.
«Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сондықтан ұлттық буржуазияның негізін құрайтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады. Жалпы Үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция, соның ішінде шетелдік инвесторларды тарту міндеті жүктеледі. Олар орта бизнестің дамуына тың серпін беруге тиіс. Бұл мәселені созбалаңға салуға болмайды», деп атап өтті ол.