Әдебиетте арнау өлең деген бар. Көнеден келе жатса керек. Әлем әдебиетінің бәріне тән болғандықтан, бізде де небір түрлері кездеседі. Әсіресе жыраулар поэзиясынан озық үлгілері аз ұшыраспайды. Сол қадым замандардан жеткен жыр, толғаулар біреуге қарата айтылғанымен, тұтас арнау деп қабылдауға келіңкірей де бермейді. Толғау десе жарасады. Алайда жеке басқа, бір адамға қатысты айтылғандықтан, арнау емес деп тағы айта алмайсыз. Бүгінде әдебиетті шын түсінуге тырысатындар арасында жиіркеніш тудыруға айналған, мүлде қабылданбайтын өлеңнің осы түрінің ертеректегі тұрпаты мүлде оқшау болғанын айтқымыз келеді.
Аталған өлеңнің түріне Ахмет Байтұрсынұлы тоқталып, жіктеп, жіліктеп анықтамасын беріпті. Ауыз әдебиеті түрлерін Шоқан Уәлиханов та зерделегенін білеміз. Айтпағымыз ол емес. Бүгінгі арнаулар өлеңнің бәсін түсіріп жібергенінде мәселе. «Арнау өлеңнің сарай ақындарының мәнеріне тән құрғақ мақтау түріндегілері де кездеседі. Мұндай арнау өлеңдер көркемдік қуаты, ой-толғамы жағынан кем соғып жатады» депті уикипедияда. ХV ғасырдағы жырау поэзиясынан Абай дәуіріне дейін «Бес ғасыр жырлайды» томдықтарын алып қараған адам толғау сарындас арнаулардың қай деңгейде шыққанын аңғарады. Қазақ хандығы тұсында Асан қайғыдан бастап Бұқар жырауға дейінгі тұлғалардың көбі сарайдан сырт жүрмеген. Сарай ақыны болған. Сөйте тұра қалай сөйлеген?! Әз Жәнібек хан ордасына түскен Асан абыз: «Ай, хан, мен айтпасам – білмейсің, айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің. Қымыз ішіп қызарып, мастанып, қызып терлейсің. Өзіңнен басқа хан жоқтай елеуреп неге сөйлейсің?!» депті. Осылай толғаған жырау сөз арасында көркемдік бейнелерді де ұтымды қолданады. Аққу мен құладынды шендестіріп, айырмашылығымен суреттеп, «Құладын қуды өлтірсе, өз басыңа келеді» деп тұспалдап жеткізеді. Бұдан соң Асанды сарай ақыны, толғауын арнау дей аласыз ба?
«Еңсегей бойлы Ер Есім! Есім, сені есірткен есіл де менің кеңесім» деп тепсінген Жиембет жырау жырларын оқығанда Есім ханның жанында, ордада кеңесші я басқа қызметте жүргені байқалады. Және Есім ханның бір ісін құп көрмей, ат құйрығын кесіскені ғана емес, ойын тайсалмай жарияға шығарғаны әйгіленеді.
«Меніменен, ханым, ойнаспа! Менің ерлігімді сұрасаң, жолбарыс пенен аюдай» деп бір шаншып өтіп айбат шегеді. «Тал шарбаққа мал сақтап, тас қалаға жан сақтап, тасқан екен мына хан!» деп өктем сөйлейді. Тағы бірде:
«Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді» деп қыр көрсетеді. Бірақ мұның түбі жақсы болмаған. Ханға қасарысу деген... Оның үстіне Мағауиннің дерегінше, Қазақ хандығын отыз жылдан астам билеген еңсегей бойлы Есім хан! Әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазуынша, Бұқар жырау хан Абылайға айтады екен: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Кешегі Еңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың!» деп. Жиембет жыраудың бұдан кейінгі бірер толғауынан жағдайы жақсы болмағанын аңдаймыз. Сөйтсе де, «Айтарын ашып айтқан абайламай, дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!» деген Мұқағали Мақатаевты еске салады.
Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Үмбетей, Бұқар жыраулардан Махамбетке ұласқан осы рух пен сарын Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай жырауларға дейін жалғасты.
«О, Барақ жас, Барақ жас,
Жегенге тоқ, ішсең мас.
Жақсы болса ұлығы,
Өз елін жаудай таламас» дейді Дулат жырау.
Одан кейін арнаудың әкесін танытып, көкесін көрсеткен ұлы Абай. Абай арнауды поэзия деңгейіне бір-ақ көтерді. Оспанға, Әбішке, Көкбайға, Дүтбайға жазған арнаулары өлеңнің биік шыңы. Абай жоғарғы деңгейде жыр жазып, арнау шығарғыш қазақ өлеңшілерін сынап, өлең қай деңгейде болу керек деген талапты межелеп кетті.
«Бұрынғы ескі биді тұрсам
барлап,
Мақалдап айтады екен сөз
қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан
қармап.
Қобыз бен домбыра алып
топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап» деп жақтыртпай тастайды.
Шын ақын шендіге жағынып арнау жазбайтыны осы тұстан білінеді. Жазды екен, ақын емес. «Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап» дегенде Абай ақындық пен өлең құраушының аражігін ажыратып айтып тұр. Ақын өлең құраған күні өледі. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде хакім ақын мен өлеңшіні анық көрсетіп, шын ақын қандай болатынын ұғындырады түсінгенге.
Біздің жазба әдебиет Абайдан басталатынын ескерсек, жоғарыдағы өлеңді түсініп оқығанға әдебиет – әдебиет үшін деген ауыр салмақ тұр. Өйткені «Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап. Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенде хакім бұрынғы ауыз әдебиеті аясынан шығып, терең астарлы, көркемдік қуаты күшті классикалық әдебиетке көшуді нұсқағанын аңғару қиын емес. Оны Абай қалыптастырған ақындық мектеп өкілдерінің кез келгенінің шығармасы дәлелдейді. Ендігі жерде қайым өлең айтысып, бір-бірін сөзбен қажап отыру жарамайтынын білдіреді. Әрине, бұл ауыз әдебиетінен қаш деген сөз емес.