2017 жылдан бері Астана қаласының әкімдігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер мен олардың артында қалған жұбайларына қомақты әлеуметтік көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Сонымен, аталған әлеуметтік көмектің нақты көлемі қанша және бұл қанша жанға беріледі?
Ашық НҚА порталында жарияланған Астана қаласы мәслихатының жобасына сәйкес, 2023 жылы Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әрбір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне Жеңіс күніне қосымша 800 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілмек.
«2023 жылы Жеңіс күнін мерекелеуге байланысты Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне және басқа адамдарға, атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы» жобаға былайша түсініктеме берілген:
«Осы шешімнің жобасы «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес әзірленді. Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №221/25-VI шешімімен бекітілген Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес, төмендегі санаттарға әлеуметтік көмек көрсетіледі: Жеңіс күніне әлеуметтік көмек Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне – 67 айлық есептік көрсеткіш (231 150 теңге), басқа адамдарға, еңбек ардагерлеріне (Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгердің екінші рет некеге тұрмаған жесіріне) – 11 айлық есептік көрсеткіш (37 950 теңге) мөлшерінде көрсетіледі».
Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, биыл Жеңіс күніне орай ардагерлерге 800 мың теңге, соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлеріне 30 мың теңге мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек берілмек.
Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, 2021 жылы елордада 163 соғыс ардагері болса, 2022 жылы мұндай санаттағы 95 адам тіркелген. Ал 2022 жылы 18 адамға 1 005 221 теңгеден беріліпті. Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегі бойынша, биыл 12 ардагер қалған.
Осылайша, Астананың атағы дардай ақшасын он екі-ақ адам алады. Былай қарасақ «айдағаным бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кебі...
Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған 1 жесіріне 67 950 теңге берілмек. «Бюджеттің қосымша шығындары 9 630 000 теңгені құрайды. Аталған жоба Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді және құқықтық актілерге қойылған талаптарға жауап береді», делінген құжатта.
Елімізде соғыс ардагерлеріне берілетін әлеуметтік төлем әр аймақта әртүрлі. Әр облыс әлеуметтік көмек жергілікті бюджеттен қарастырылатындықтан, жыл сайынғы мерекелік жәрдемақының көлемін өздері шешеді. Алайда былтыр Президент барлық өңірдегі ардагерлерге кем дегенде 1 миллион теңгеден беруді тапсырған еді. Сондықтан мұндай мол мөлшердегі жәрдемақыны Астанадағы ардагерлер ғана алады деген түсінік болмауға тиіс. Өкініштісі сол, қазір қан майданда кеудесін оққа төсеген майдангерлердің қатары сиреп барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2021 жылы елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер болса, былтыр 387 ардагер тіркелген, осылайша, олардың саны бір жылда 278 адамға азайыпты. Алайда еліміз сол ат төбеліндей аз ғана адамдарға деген құрметін аяған емес.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерге берілетін біржолғы жәрдемақының көлемі ТМД-ның басқа мемлекеттеріндегі жағдаймен салыстырғанда, біздің елде әлдеқайда жоғары болып шықты. Мәселен, Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне Жеңіс күнінде 10 мың рубль көлемінде жыл сайынғы жәрдемақы беріледі екен, бұл – 130 доллар. Тәжікстанда да төлем мөлшері әр аймаққа әртүрлі. Мысалы, Душанбедегі соғыс ардагерлері 3000 сомони, яғни 277,69 доллар алады. Беларусьте 1 800 беларусь рублі мөлшерінде беріледі, бұл – 636,3122 доллар. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев былтыр 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға 1 500 манат материалдық көмек беретінін айтқан, бұл 883,07 доллар болады. Қырғыз Республикасындағы ардагерлер Жеңіс күніне орай 100 мың сом алады, бұл қазіргі бағаммен – 1 144,46 доллар. Өзбекстанда Жеңіс күніне орай 15 миллион сум беріледі, бұл – 1 314,11 доллар. Ал елімізде 800 мыңнан берілгеннің өзінде 1 741,47 доллар болады екен.