Былтырғы жыл Қазақстанның сыртқы саудасы үшін соңғы он жылдықтағы ең табысты жылдардың бірі болды. 2012 жылдан бері алғаш рет экспорт құндық мәнде 40%-ға өскен. Деректерге қарағанда өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстаннан сыртқа 84,4 млрд АҚШ долларының тауары сатылған. Бұл 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштермен тең.
Былтыр елдің шикізаттық емес экспортының көлемі артып, 2012 жылғы тарихи максимумнан асып, 26,5 млрд АҚШ долларына (31,4%) жеткен. Оның 8 млрд АҚШ долларын қосылған құны жоғары тауарлар экспорты құрады.
Бұл санаттағы бірегей экспорттар қатарында АЭС-тердің ядролық реакторларға арналған отын элементтері (уран таяқшалары) бар. Оларды Өскеменде Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны «Үлбі-ТВС» ЖШС шығарған. 2022 жылдың желтоқсанында қытайлық CGNPC-URC ядролық корпорациясына осындай құрылымдар алғаш рет жеткізілді. Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, қазақстандық тарап бұл тапсырысқа 51,1 млн АҚШ долларын алған. Қытай мен Ресей 2022 жылы Қазақстанның жетекші сауда серіктестері болып, еліміздің сыртқы сауда айналымындағы жалпы үлесі 37%-дан асқан. Сауда серіктестерінің бестігіне қазақстандық шикізаттың жетекші импорттаушылары Италия (мұнайдың негізгі сатып алушысы), Түркия және Оңтүстік Корея да кірді. 2022 жылы бұл елдермен ақшалай түрде сауда айтарлықтай өсіп, мұнай бағасының жоғарлауына байланысты Италиямен сауда 54%, Оңтүстік Кореямен 2,3 есе өсті. QazTrade сарапшыларының пікірінше, геосаяси жағдайға байланысты әлемдік саудадағы өзгерістер, жалпы Қазақстан экспортына қолайлы әсер еткендігін айтады. Экспорттық себетті әртараптандыру деңгейінің артуы байқалып, еліміз тауар түрін көбірек сата бастады (2,9 мыңнан 3,4 мыңға дейін), ал экспорттық нарықтар саны 122-ден 129-ға дейін ұлғайған. Батыстың Ресей мен Беларуське қарсы санкциялары еуропалық негізгі жеткізушілерді өздері үшін жаңа нарықтар іздеуге мәжбүрлеп, Ресей де сауда саясатын түзетті. Бұл қайта құрулар елдің экспорттық ағындарына да әсер етпей қоймады. Мәселен, Қазақстаннан Беларуське тас көмірді жеткізу соңғы бір жылда 93,6% – 1,8 млн тоннадан 119,7 мың тоннаға дейін қысқарды. Дегенмен Қазақстан Еуропадағы энергетикалық дағдарысты ескере отырып, бұл стратегиялық маңызды өнімнің жаңа сатып алушыларын жедел тауып, Еуропа Қазақстан отын өнімін импорттай бастады. Польша 1,5 млн тонна импорттады (2021 жылмен салыстырғанда 10 еседей көп), Латвия 752,8 мың тонна сатып алды (бір жыл бұрын сатып алмаған), Түркия мен Кипрден де сұраныс артты. Жалпы, әлемдік нарықта көмірге сұраныс жоғары болып, Қазақстан осы шикізатты сатудан түсетін экспорттық кірісі 89,3% артқан. Сондай-ақ өсімдік майын өндіру көлемі де ұлғайған. Бұрындары Қытай мен Өзбекстан Ресей мен Украинадан өнімнің жоғары көлемін сатып алса, 2022 жылы олардың жеткізілімі қысқарған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қытай елімізден тоң май және тоң май импортын төрт есеге жуық, Өзбекстан екі есеге тарта арттырды. Қазақстан үшін тағы бір қолайлы үрдіс еуропалық компаниялардың орасан зор ресейлік нарықтан көшуі болды. Мысалы, QazTrade мамандарының айтуынша, аустралиялық алюминий тотығын жеткізушілер былтыр сауда санкцияларына байланысты Ресейден кеткен. Осы кезде оның орнын қазақстандықтар алмастыра бастады. Оның үстіне алюминий өндіруге арналған бұл шикізатты елімізден тасымалдау Аустралиядан әкелгенге қарағанда жылдамырақ болады. Жаңа келісімшарттардың арқасында Қазақстан Ресей Федерациясына алюминий тотығын жеткізу көлемін екі есе – 378,1 мыңнан 745,4 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Еуропа мен Ресей арасындағы логистикадағы қиындықтар қазақстандық балық жеткізушілеріне де әсер етпей қоймады. Олар Германияға филе экспортын – 62,9%, Литваға – 56,5%, Нидерландқа 48,7% арттырды. Біздің бренд – көксерке балығы. Қазақстаннан Ресейге экспортталатын тауарлардың толық тізімін қарасақ, біздің еліміз көптеген позиция бойынша Ресей Федерациясына экспортты арттырғаны көрінеді. 2022 жылы ол 6,9 млрд АҚШ долларынан 8,8 млрд АҚШ долларына дейін 26,9% өскен. Дегенмен Қазақстан кейбір жағынан ұтылғаны да бар. Мәселен, санкциялардың кесірінен темір рудасын жеткізу 70% қысқарып, аталған өнімнің негізгі сатып алушысы Ресей болғанын ескерсек (2021 жылы үлесі 66,7%), бұл нарықтың орнын тез арада табу мүмкін болмады. Нәтижесінде, еліміз темір рудасын сатудан түскен экспорттық кіріс екі есе 1,6 млрд АҚШ долларынан 713,3 млн АҚШ долларына дейін қысқарды.