Кеше жаңа сайланған Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар ант беріп, Палата төрағасы мен оның орынбасарларын сайлап, комитеттердің құрамы мен төрағаларын бекітті, сондай-ақ Мәжіліс регламентіне өзгерістер енгізді.
Жалпы отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ең әуелі осы шақырылымдағы депутаттарды таныстырып шықты. Содан кейін оларды біртіндеп мінберге ант беруге шақырды.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», деді депутаттар қолын Конституцияға қойып тұрып.
Содан кейін депутаттар Палатаның жаңа төрағасын сайлау үдерісіне көшті. Өз сөзінде Бақтықожа Ізмұхамбетов Мәжіліс төрағасына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Сайлау тікелей жасырын дауыс беру арқылы өтті. Оны қадағалау үшін депутаттар арасынан Санақ комиссиясы құрылды. Нәтижесінде, дауыс беру қорытындысы бойынша VIII сайланған Мәжіліс спикері болып «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов сайланды.
Айта кетерлігі, Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Мәжіліс төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
Бұдан кейін сөз алған Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов сенім білдірген әріптестеріне алғыс айтты. Депутаттар жаңа спикерді қызметке тағайындалуымен құттықтады.
«Бүгінгі көрсеткен сенімдеріңіз үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл мен үшін халқымыздың, сіздердің алдарыңыздағы үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Сондықтан өздеріңізбен бірге сайлаушылардың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді, тәжірибемді салатыныма уәде беремін. Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Мәжілістің алғашқы сессиясын ашып, біздің бағыт-бағдарымызды анықтап берді. Оны сапалы әрі жедел іске асыру – біздің ортақ міндетіміз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, халықтың сенімін абыроймен атқарайық», деді жаңадан сайланған спикер Е.Қошанов.
Келесі кезекте депутаттар палатаның қос вице-спикерін сайлады. Е.Қошанов әріптестеріне Альберт Рау мен Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру ашық форматта өтті. Мәжілісмендер палата төрағасының ұсынысын қолдады.
Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – Мәжіліс комитеттеріне қатысты еді. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс комитеттерінің саны мен атауларын VII шақырылымдағы қалпымен қалдыруды ұсынды. Дауыс беруге қатысқан 97 депутаттың 96-сы ұсынысты жақтады. Бұдан кейін депутаттар комитеттер төрағаларын сайлады.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасына – Асхат Аймағамбетов, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы болып Снежанна Имашева, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасына – Мәди Такиев, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы болып Еділ Жаңбыршин, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағалығына – Айгүл Құспан, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болып Серік Егізбаев, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағалығына Нұртай Сабильянов сайланды.
Депутаттар жалпы отырыста Мәжіліс Регламентіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады. Өзгерістер Мәжіліске кірген партиялардың өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты. Фракция құру үшін қажетті депутаттар санының ең аз шегін алып тастау ұсынылды.
Осылайша, Мәжілістегі алты партия да өз фракцияларын құруға мүмкіндік алды, оларды қатарында «Аmanat», «Respublica», «Ақ жол», «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бар.
Еске сала кетейік, бұл жолы Мәжіліс депутаттарының сайлауы жаңа жүйе бойынша өтті. Кандидаттар партиялық тізім бойынша ғана емес, бір мандатты округтер бойынша да сайланды. Мәжіліс құрамына алты партиядан 98 депутат енді. Соның ішінде 29 депутат бір мандатты округтерден сайланды.