Таразда VIIІ шақырылым депутаттарының қатысуымен Жамбыл облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сессияны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашты. Ол 19 наурызда өткен сайлаудың қорытындылары мен депутаттық корпустың сапалық құрамы жайлы баяндама оқыды.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жаңадан сайланған депутаттарға сәттілік тіледі.
«Облыс экономикасын дамытуға, Жамбыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға байланысты мәселелерді жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып шешуге күш саласыздар деп ойлаймын. Атқаратын жұмысымыз көп, алдымызға ауқымды мақсаттар мен міндеттер қойып отырмыз. Ең алдымен, бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеруге баса назар аудару қажет», деді облыс әкімі.
Айта кетсек, сессияда Абдалы Нұралиев Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы болып сайланды.
Сессияда мәслихаттың тұрақты комиссиялары да құрылып, олардың жетекшілері сайланды.