26 наурыз қазақ спорты тарихындағы елеулі күндердің бірі болып қалатыны сөзсіз. Дәл осы күні Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы даңқты Данияны 3:2 есебімен жеңіп, дүниені дүр сілкіндіргені белгілі. Бұл сілкініске Жапонияның Осака қаласында жалауы желбіреген кәсіпқой сумо күресінде отандасымыз Кинбозан Ерсін Балтағұл да дүбір қосты.
Жапондардың жауынгерлік өнері – кәсіпқой сумо күресінің көктемгі чемпионаты (хару бащё) өз мәресіне жетті. 12 наурызда басталған бәсекеде моңғол балуаны Кирибияма Б.Лхагвасүрэн жеңімпаз атанып, күрес жолында алғаш рет Жапония императорының кубогін иеленді. Кирибияма соңғы күні жапон алыбы Дайейшоны жеңіп, кәсіпқой сумо күресінің ең жоғары (макучи) дивизионында жеңімпаз атанған 9-шы моңғол балуаны атанды.
Ал «арық сөйлеп, семіз шық» дейтін қазақы қағиданы берік ұстанатын ұстамды қазақ балуаны Ерсін Балтағұл макучи дивизионында алғаш рет өнер көрсетіп, керемет нәтижеге қол жеткізді. Олай дейтініміз, көктемгі бәсеке басталмай тұрып, Е.Балтағұл баспасөз жиынында журналистерге «алда болатын белдесуде 50 пайыздық жетістікке жету және жарақат алмау» деген болатын. 15 күннің нәтижесінде 11 рет жеңіске жетіп, 4 рет жығылып, төртінші орынға табан тіреді. Күткен межеден әлдеқайда жоғары жетістікке жетті. Ерсін бәсекенің бел ортасына келгенде ондықтан төмен болатын. Бар күшін соңғы күндерге салып, күннен-күнге жеңістің жолын жалғай түсті. Басқа қарсыластарының жеңілісі де Ерсіннің жоғарылауына мүмкіндік берді. Мұны сарапшылар қазақ спорты үшін тарихи жетістік деп отыр. Бұдан кейін Ерсін сумо күресіндегі жоғары атақтар мен мол сыйлыққа ие болып, оның додадағы дәрежесі өсе түспек.
Көктемгі бәсекеде арнайы аталымдар бойынша үш балуан ерекше марапатқа ие болды. Оның ішінде қазақ балуаны Ерсін де бар.
Кантошёо – жаужүрек балуанМаэгашира (дәрежесі) Кинбозан 11:4.
Кисэ клубы, 25 жас.
Қазақстан, Балқаш қаласының тумасы.2021 жылдың қараша айынан бастап күрескен.
Гиношёо – жекпе-жек шебері
Сэкивакэ (дәрежесі) Кирибаяма 12:3.
Мичинокү клубы, 26 жас.
Моңғолия, Дорнод аймағының тумасы.2015 жылы мамыр айынан бастап күресті.
Комүсүби (дәрежесі) Дайэйшёо 12:3.
Оитэказэ клубы, 29 жас.
Жапония, Сайтама префектурасының тумасы.2012 жылы қаңтар айынан бастап күрескен.
Шүкүншёо – үздік балуан
Бұл нәтижеге ешбір балуан жете алмады.