• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Инвестиция 03 Сәуір, 2023

Өндіріс тірегі – инвестиция

352 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында елдің дамуына қатысты көптеген мәселені қозғап, алдағы жоспарларды айқындап берді. Осы орайда Мемлекет басшысы экономика саласына соның ішінде іскерлік белсенділікті ынталандыру мен еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру мәселесіне баса назар аударды.

«Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни ел экономи­касының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артық­шылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек», деді Президент өз сөзінде.

Иә, елдің дамуы экономикаға байланысты екені түсінікті. Сон­дықтан да барлық күш-жігер осы саланы көтеруге жұмсалып жатқаны айқын. Әсіресе ол рес­пуб­ликаның өңірлерінде ай­рықша көрініс тапқан. Мәселен, Шымкент қаласында өндірісті дамыту бағытында мемлекеттік жоба мен бағдарламалар аясында түрлі жұмыстар мен бас­тамалар қолға алынып келеді. Соның нәтижесінде мегаполистің өндірістік әлеуеті жылдан-жылға ұлғаю үстінде. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарының ашылуына және халықтың кәсіп­керлікке бет бұруына үлкен септігін тигізіп жатыр.

2018 жылы Шымкент респуб­ликалық мәні бар мегаполиске айналды. Сол кезден бастап қала тарихында өрлеудің жаңа кезеңі басталды. Бүгінгі таңда шаһар еліміздегі тұрғын үй құрылысы қарқын алған, инфрақұрылымы жақсарып келе жатқан, басқа да көрсеткіштер бойынша өсудің оң нәтижесін көрсетіп отырған қалаға айналып үлгерді. Нақты мысалға көшсек 2020 жылы Шымкент инвестиция тарту мен оның көлемі жағынан республикадағы төменгі орындардан жоғары көтеріліп, бүгінде еліміздегі инвестиция саласы бойынша ең алдыңғы орындардың бірінде тұр. Екі жылдан бері өңірлердің ай сайынғы рейтингінде жоғары са­тыдан түспеген. Өткен жылы қала экономикасына 1.2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық да­му басқармасының басшысы Бе­реке Дүйсебековтің айтуынша, мегаполистің инвестициялық тар­тымдылығы трансұлттық корпорациялармен жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың нәтижесінде болып отыр. Мәселен, шаһарда Гер­манияның Heidelberg, Поль­шаның Santo Polpharma және Оң­түстік Кореяның LOTTE се­кіл­­ді ірі компаниялары жұмыс істеп жатыр. Ендігі кезекте түрік ағайын­­дар Coca Cola сусынын шы­­ғаратын ал, поляктар Selena құрылыс материал­дары зауытын салмақ ниетте. Өңірге инвес­ти­цияның ағылып келуі жалпы өн­дірістік әлеуетке де оң әсе­­рін тигізген. Айталық өткен жылы қала кәсіпорындары 2.1 млрд теңгенің өнімін өндірді. Соны­мен бірге 110 мың бизнес өкілдері еңбек етеді. Екі мыңға жуық шетелдік кәсіпкерлермен бірлескен компаниялар бар. Осы жетістіктерді елеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жыл­дың желтоқсан айында қала әкімі Мұрат Әйтеновке «Бизнес жүргізуге ең қолайлы өңір» рей­тинг­тік санаты бойынша ар­найы жүлде табыстады.

Мегаполисте орналасқан екі цемент зауыты еліміздегі осы өнім түрінің төрттен бір бөлігін өн­діреді. Машина құрастыру сала­сы бойынша жоғары кер­неулі трансформаторлар мен мұ­най өнеркәсібі және сумен жаб­­дық­тауға қажетті сорғылар шы­ғара­тын кәсіпорындар бар. Ар­найы эко­номикалық аймақта еліміздегі тоқыма бұйымдарының 21 пайызы өндіріледі, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарынан бері рес­публикада тұңғыш рет кілем фабри­калары ашылды. Шымшаһарда шамамен жеті жүздей ірілі-ұсақ­ты тауар өндірушілер бар. Өңір­дің өнеркәсібінің дамуына бір жа­ғынан тауар тасымалдауға қо­лайлы аймақта орналасуы пай­дасын тигізіп отыр. Қала халық­аралық Батыс Еуропа–Батыс Қытай көлік дәлізінің дәл ортасын­да орналасқан. Сондықтан шы­ғарылған өнімді 5 күн ішінде Қы­тайдың батыс өңірлеріне және Батыс Еуропаға жеткізуге болады. Ал шымкенттік тауарларды бүгінде Азия, Африка, Америка құрлықтарындағы 54 мемлекеттің сауда қатарларынан таба аласыз.

Мегаполиске келетін инвес­тиция деңгейінің артуын мына мысалмен де көруге болады. 2011 жылы ашылған 337 гектарды құ­райтын ең алғашқы «Оңтүстік» индустриалды аймағы 7-8 жылда толса, 90 гектар аумақтағы «Тассай» индустриалды аймағы 5 жыл өтпей кәсіпорын орналасатын жері қалмады. Былтыр ғана құ­рылған «Жұлдыз» индустриалды аймағында қазірдің өзінде 50 компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жобалар ар­қылы 435 млн доллар инвес­тиция тартылады. Сондықтан қала әкімдігі аталған индустриалды аймақтың аумағын қосымша тағы 155 гектарға ұлғайтуға ше­шім қа­былдады. Ар­найы эконо­ми­калық аймаққа да жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындары сыймай бара жатқан соң аумағын 175 гек­тарға кеңейтіп жалпы ауданын 400 гектарға жеткізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала маңындағы Сауда-логистикалық аймағы да екі есеге ұлғаятын болады. Соның нәтижесінде келесі жылы инвесторларға заманауи қоймалар құрылысын салуға 136 гектар қосымша жер учаскелері ұсынылады.

Шымкентте жалпы индус­триал­ды аймақтардың ауданы 869 гектарды құрайды. оның 90 пайызға жуығы игерілген. 453 млн АҚШ доллары көлемінде көлемінде инвестиция тартылып, толығымен өз мақсатына жұм­салды. Сол арқылы 180 жаңа кәсіп­орын ашылды. Сонымен бірге құны 740 млн долларға 250 жаңа жобаны іске асыру жоспарда бар.

Статистикаға көз жүгіртсек, жыл сайын Қазақстанға 50 млрд доллардың дайын өнімі импорт­талады. Еуразиялық эконо­ми­калық одақ шеңберіндегі басқа мемлекеттерді қосқанда, бұл көр­сеткіш 290 млрд долларға тең. Ал ғылыми-техникалық са­ла­дағы нарыққа қажетті инвестиция 25 млрд долларды құрайды. Ал шаһарға жыл сайын сырттан 1.2 млрд доллардың дайын өнімі келеді. Сондықтан оларды отандық тауарлармен алмастыру міндеті тұр. Бұл орайда өнер­кәсіпті өркендетуге өңірдегі ішкі нарық, ресурстық-шикізаттық база және логистикасы мен сапалы мамандар дайындау арқылы адам капиталын қалыптастыратын жоғары оқу орындары толық мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда мегаполисте өңдеуші кәсіпорындарға сұраныс әлі де басым. Бұл инвестициялық жобаларды мемлекеттік даму инс­­титуттарының көмегімен жү­зеге асыруға болады. Мәселен, кера­микалық тақтайша, санфаянс, шатыр жабындылары, лак­ты-бояулар, пластмасса құбырлары, сэндвич панельдер, жарықтандырушы құралдар, жылу радиаторлары, кабельдер және басқа да тұрмыстық бұйымдар өндірісі қажет. Осы жобаларды қолға алған инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Айталық әкелетін құ­рал мен техникаға кедендік салық алынбайды, қосымша құн са­лығынан босатылады, сон­дай-ақ өндіріс ошағын салуға жер учас­кесі беріліп, қажетті инфрақұ­рылыммен қамтамасыз етіледі.

Инвесторларға металлургия саласында да мүмкіндік көп. Өйткені Қазақстанда әлемдік хром кені қорының 30 пайызы, марганецтің 25 пайызы, темірдің 10 пайызы шоғырланған. Сонымен бірге елімізде жыл сайын 40 млн тонна алғашқы алюминий өндіріледі. Сол себепті алдағы уақытта соз­ба сым, алюминий табақтарын, қалбырдың алюминий таспаларын, радиаторлар, терезе мен құрылыс конструкцияларына және түрлі ыдыстарға арналған алюминий профильдерін шығаратын жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Өзіміздің қорғасын мен мыстан дайын өнімдер шығару жоспары да жоқ емес. Осы ретте Шымкенттің металлургия саласы бойынша жалпы өндіріс көлемі жылына 80 млн долларды құрайды. Ал машина құрастыру өнеркәсібінде 90 млн доллардың өнімі шығарылады. Сондықтан қала әкімдігі инвес­торларға индустриалды аймақ­тарда машина құрастыру саласы бойынша жобаларды бірлесіп қолға алуға шақырып отыр. Осын­дай өндіріс алаңында жүк кө­ліктерінің бөлшектерін, вагондар, рефрижераторлар, энер­гетикалық қондырғылар, автомат­тандырылған метал өңдеуші желілер, металлургия ұнтағы мен 3D баспасы негізінде метал бұйымдарды шығармақшы. Бүгінде мегаполистің машина құрастыру өнеркәсібін аяққа тұрғызу үшін 3.5 млрд доллар инвестиция қажет.

Химия өнеркәсібінде де біра­з ірі жобалар іске асырылатын болады. Мәселен келешек­те органикалық минералды хи­мия­лық заттар және тұрмыстық химия бұйымдарын шығаратын зауыттар тұрғызылады. Осылайша, рес­пуб­ликаның үшінші қаласында сыртқы және ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие дайын химия өнім­дері өндірілмек.

Тұрғын үй құрылысы да қала экономикасының маңызды бөл­шегі саналады. Осы күнде шаһарда көпқабатты үйлер салу тиісті инженерлік инфрақұрылым жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтыр 1 млн шаршы метр тұрғын пайдалануға берілсе, 2024 жылдан бастап жылына 3 млн шаршы метр үй тұрғызу көзделіп отыр. Қала кеңейіп келеді, жаңа шағын аудандар бірінен кейін бірі пайда болуда. Сондықтан құрылыс индустриясын инвесторлар үшін таптырмас мүмкіндік деуге болады. Құрылыс нысанын салуда немесе құрылыс материалын өндіруде кәсіпкер өзіне жақсы пайда таба алады.

Инвестиция өздігінен келмей­тіні белгілі. Кәсіпкердің жобаның тиімділігіне көзі нақты жетпесе, қалтасынан ақша шығармайтыны анық. Осы орайда қалалық әкімдік өңірге инвестиция тарту мақ­сатында көп іс тындырып отыр. Соның ішінде «shymkent investment – 2023» өңіраралық инвес­тициялық форумын атауға болады. Оның басты ерекшелігі тек шаһармен шектелмей, еліміз­дің оңтүстік аймағындағы Жам­был, Қызылорда, Түркістан облыстарынан да делегаттар арнайы келіп қатысты.

«Үш облыс пен мегаполис кәсіпкерлерін бір ортаға жинап, оған қоса атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды тал­қыладық. Мұнда Шымкенттің ғана емес, тұтас оңтүстік аймақтың мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныс­тыру көзделді. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көр­сетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылды. Фо­румға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдірді. Нәти­жесінде, жалпы құны 364 миллиард теңгені құрай­тын 14 жоба бойынша мемо­рандумға қол қойылды. Ең ірі жо­ба­лардың ішінде үндістандық «Medanta» компаниясының қар­жы­ландыруымен салынатын 300 төсек орындық клиника мен «Shymkent city» аумағында бой көтеретін Hilton қонақүйі бар», деді кәсіпкерлік және индус­триалды-инновациялық даму бас­­қармасының басшысы Береке Дүйсебеков.

Бір айта кетерлігі форумға оңтүстік өңірінің ірі өңдеуші кәсіпорын басшылары әдейі шақы­рылды. Сонымен бірге сауда әріптестік байланысы мық­ты және өзара тауар алмасу көрсет­кіші жылдан-жылға өсіп келе жатқан Өзбекстан, Түр­кия, Ресей, Қытай секілді мемле­кеттерден келген қонақтарға мегаполистің бар мүмкіндігі көрсетілді. Тіпті ауқымды шараға Германияның Medal Verwaltungs GmbH компаниясынан да адамдар қатысты. Сон­дай-ақ соңғы жылдары шаһар­­дың іскер азаматтары Үндіс­танның бизнес өкілдерімен өзара сауда-саттықты, жалпы бизнес­тік байланыстарды жандан­дыра бастады. Бұдан бөлек форум­ның жұмысына Қазақстан Респуб­ликасының Өзбекстан мен Қыр­ғыз­стандағы Төтенше және Өкі­летті Елшілері, Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің өкілдері атсалысты.

Қызмет көрсету саласы өндіріс­тік экономика мен халықтың әл-ауқа­тының артуына негізгі қозғау­шы күш болып табылады. Соның ішінде сауданы, көлік тасымалын, тамақтану мен туризмді инвестициялық тартымдылығы жағынан бөлек қарастыруға болады. Ендігі жерде қала әкімдігі осы аталған салаларға неғұрлым көбірек капитал құятын әлеуетті инвесторларды іздестіріп, сол бойын­ша іске асырылатын алдағы жос­пар-жобаларды да белгілеп қойды.