Жақында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында есту қабілеті нашар адамдарға арналған ымдау тілінде алғаш рет спектакль қойылды.
Алматы қаласы саңыраулар қоғамының өнерпаздарынан құралған «Өрлеу» шығармашылық ұжымы қазақ сахнасында алғаш рет өз өнерлерін паш етті. Онда да көңіл көтеретін жеңіл қойылымды емес, белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасы желісімен «Мәңгүрт» қойылымын сахналады. Өз жадын жоғалтып, шыққан тегін, туған тілін, тарихын ұмытудың қаншалық ауыр трагедия екенін жас ұрпаққа, адамзатқа ескертіп отыру – бүгінгі жаһандану заманында ең өзекті мәселе десек, артық айтқанымыз емес.
Идея авторы және қоюшы режиссері – Алматы қаласындағы есту және көру мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени демалысын ұйымдастырумен айналысатын «Демалыс» бөлімінің басшысы, кинорежиссер, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ғазизхан Әділханов және ишара жағынан дайындаған Жанар Қадырқызы Бектұрғанова.
Ал рөлдерді сомдаған Әлім Меңдібаев (Жуан-жуандар қожайыны), Біржан Әбдірашитов (қожайын көмекшісі), Лаура Королева (Найман-ана), Елдос Маратұлы (Жоламан), құлдарды бейнелеген Анастасия Самойлова, Алена Рязанова, Нұрсұлтан Оразалиндердің сахнада нанымды бейне шығару үшін бар ықыластарын салып еңбектенгені көрініп тұрды. Бұлар – тағдырдың жазуымен есту қабілетінен айырылса да, тумысынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын, аса сезімтал, өмірге ерекше ғашық жандар.
Айта кетейік, өткен жылдың 7-13 қарашасында бұл ұжым Мәскеу қаласына арнайы барып, «Ишара аумағы» V Халықаралық фестиваліне қатысып қайтқан. «Өрлеу» шығармашылық ұжымы Ресейдің түкпір-түкпірінен келген 17 өнер ұжымымен қатар фестивальдің алғашқы күні-ақ Мәскеу жұртшылығын мұңды да астарлы «Мәңгүрт» қойылымымен дүр сілкіндірсе, Ташкенттен келген «Шығыс Азия» ұжымы көз қарықтырар сұлу костюмдерімен, сазды әуендерімен «Аладдин» ертегісін қойды. Сөйтіп, фестивальдің «Ең үздік сахналық костюм» аталымын жеңіп алған ала тақиялы ағайындар осы жолы Алматыға келіп, жарқ-жұрқ еткен өнерін тағы бір тамашалатты. Көршілердің бұл гастрольдік сапары туысқандарын қолдап-қолпаштауы деп бағаладық. «Өрлеу» өнерпаздарына алдағы өнер додаларында сәттілік тілейміз.
Гүлжанат ТАУБАЙҚЫЗЫ,
студия жетекшісі