Теннистен Түркияның Анталия қаласында өткен «ITF W15» турнирінде Жібек Құламбаева жекелей және жұптық бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілді.
Әлемдік рейтингте 446-сатыға жайғасқан Жібек Құламбаева Түркиядағы додада жарыстың 1-ракеткасы ретінде өнер көрсетті. Жерлесіміз алғашқы айналымда өзбекстандық София Волкованы (6:0, 6:0), екінші кезеңде грекиялық Элени Кордолаимиді (7:6 6:3) жеңсе, ширек финалда ресейлік Анастасия Сухотинадан басым түсті – 7:5 6:4. Ал жартылай финалда корт қожайыны Башак Эрайдынды (6:3 6:3) тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.
Бас жүлде үшін өткен бәсекеде ол дүниежүзілік рейтингте 622-орында тұрған чехиялық Дениса Хиндовамен шеберлік байқасты. Екі сетке жалғасқан бәсекеде Ж.Құламбаева 6:1, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Сонымен қатар отандасымыз осы турнирдің жұптық бәсекесінде ресейлік Дарья Лодиковамен бірге жұп құрап, жарыс жеңімпазы атанды. Олар финалда швециялық Жаклин Кабай Авад пен грекиялық Марта Матулан жұбын екі сетте 6:1, 6:4 есебімен қапы қалдырды.