Республика өңірлерінде интернеттің қолжетімсіздігінен орта білімдегі оқу үдерісін толықтай цифрландыру мүмкін болмай отыр. Ақпараттық технологиялардың жетіспеушілігі қала мен ауыл балаларының білім сапасына да кері әсерін тигізу үстінде.
Үкімет тарапынан оқу үдерісін цифрландыруға байланысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына қарамастан, аталған мәселеге қатысты шағым көп. Осы мәселені Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тиісті ведомстволар басшыларымен бірге талқылап, инновациялық әдістерді шалғай ауылдардың өзінде қолдану мүмкіндіктеріне шектеу жоқ екенін айтқан болатын.
Үкімет басшысы атап өткендей, қала мен ауыл оқушыларының арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында ең алдымен, ауылдық мектептерді интерактивті тақтамен және компьютермен жабдықтау қажет. Электронды оқулықтар кез келген компьютерде немесе мобильдік гаджетте қолжетімді болуға тиіс. Мультимедиалық компоненттер мен тапсырмалар көрініс тауып, оқу үдерісі интерактивті, заманауи білім беру технологияларына негізделуі керек.
Алайда Үкімет басшысы айтып отырған заманауи мүмкіндіктер интернеттің сапасыздығынан көптеген аймақтағы мектеп үшін қолжетімсіз. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, қазіргі кезде ауыл мектептері интернет инфрқұрылымымен толықтай жабдықталған. Десе де ауылдардағы білім үдерісін цифрландыру әлі төмен деңгейде қалып отыр. Оның себептерін мектепшілік интернет жүйесінің таралымымен байланыстырған Б.Мусин жылдамдықтың жеткіліксіздігіне қатысты проблемаларды да атады. Министрдің айтуынша, мектептерде интернетті қамтамасыз етуге қаржылық жағынан әкімдіктер жауапты. Сондай-ақ техникалық шарттардың болмауын да қаперге алу шарт. Бүгінде мектептерді жоғары жылдамдықты интернетке қосуға техникалық мүмкіндік бар. Алайда оны толыққанды пайдалануға мектеп директорларының қаржы үнемдеуі емес, әкімдіктер мен мәслихаттар мектептерді қажетті тарифтік жоспарға қосуға мән бермейтіндігі себеп болып отыр. Ал қаражаттың жетіспеушілігінен жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз ету мүмкін емес.
Үкімет басшысы осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мектептердегі интернет жылдамдығын арттыру, мектептерді талшықты-оптикалық, жергілікті және сымсыз желілермен қамтамасыз етуге тапсырма берді. Қазіргі кезде ірі қалалардың өзінде интернет-сигналдың сапасы сын көтермейді. Ал өңір әкімдері оқу орындарының қауіпсіздігі мен білім беру саласын цифрландыру мәселелерін жеке бақылауда ұстауы қажет.
Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда республика бойынша 7 мыңдай мектеп Kundelik, BilimLand, EDU және тағы да басқа білім беру платформаларын қолданады. Бұған қоса мектептердің мобильді қосымшалары, аналитикалық тақталар, асхана мәзірі және басқа да қосымша қызметтері бар. Қазіргі кезде оқулықтардың 80 пайызға жуығы цифрлық форматқа ауыстырылып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Келер жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен жүз пайызға дейін қамту жоспарланып отыр. Тиісті министрліктің мәліметінше, қосымша оқу материалдары ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары қолданыста әрі пәндер бойынша 50 мыңнан астам ресурс жұмыс істейді. Жыл басынан бері цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылып, оның қызметін күн сайын 3 млн оқушы мен мұғалім пайдаланады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі деректері бойынша бүгінде 7 098 мемлекеттік мектептің (5 137-сі – ауылдық, 1 961-сі – қалалық) 7 078-і (5 122 ауылдық және 1 956 қалалық мектеп) интернет желісіне талшықты-оптикалық байланыс желілері, жерсеріктік технологиялар, радио-релелік желі, сондай-ақ ADSL технологиясы сияқты әртүрлі технологиялармен қосылған. Интернет жылдамдығы 664 мектепте (509 ауылдық және 155 қалалық) Халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес келеді. 6 414 мектепте (7 078-ден 90,61 пайызы) интернет жылдамдығын осы одақтың талаптарына жеткізу қажет. Халықаралық электр байланысы одағы бір мектепке кемінде секундына 20 Мегабит жылдамдықты ұсынады. Ал оқушылар саны 400-ден асатын мектептер үшін қосымша әрбір 20 оқушыға кемінде секундына 1 Мегабит жылдамдық қажет. Қазіргі кезде 2 833 мектепте интернетке қол жеткізу жылдамдығын одақ ұстанымдарына жеткізуге техникалық мүмкіндік бар. Оған жыл сайын шамамен 10 млрд теңге қарастырылуға тиіс. Барлық мектептегі интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін төленетін қаражат көлемі 6,5 млрд теңгені құрайды.
Осы орайда тиісті министрлік жергілікті атқарушы органдардың интернет жылдамдығын арттыруға қаражат бөлуін құптап отыр. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін әрбір мектеп үшін жергілікті желі топологиясын әзірлеуді және алдағы екі жылда жергілікті және сымсыз желілер құру қажет екенін алға тартып отыр. Бірақ еліміздегі 6 414 мектептің 3 581-інде интернет жылдамдығын арттыруға техникалық мүмкіндік жоқ. Сондықтан интернеттің қажетті жылдамдығын жерсеріктік технологияларды қолдана отырып қамтамасыз етуге тура келеді.
«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамының алдын ала есептеулеріне сәйкес жыл сайынғы қаржы көлемі – 418,2 млн теңге, ал бір мектепке кететін қаржы көлемі 913 149 теңгеге тең. Осы орайда жерсеріктік технологияларды қолданып, 458 мектепті интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал қалған 3 123 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асады. Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдарға 190 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.
Тиісті министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде әкімдіктерге интернет қосу келісімшарттарын орталықтандыру мен мектеп ішінде Wi-Fi және локалды желілер орнатуға қосымша қаржы қарастыру туралы тапсырма берілген. Сымсыз нүктелер 200 құрылғының бір мезетте жұмыс істеуіне және барлық сынып, зертхана, мектеп ауласы, әкімшілік блокты Wi-Fi-мен қамтуға мүмкіндік береді. Осы жылдың соңына дейін типтік талаптарды әзірлеп, білім мекемелері үшін бірыңғай байланыс орталығын құру жоспарланған.