• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2014

Аймақтарды аршындатқан астананың адымы

264 рет
көрсетілді

Бағы мен байлығы жарасқан елорда

Ақша бұлттар аспанында, шетел мемлекеттеріміз қызығатындай, ақ ботадай ойнақтаған, жас қаламыздың жүз түрленіп қас-қағымда мерейтойы да жақындап қалды. Көшелері күнге ғашық, аспанға жететіндей зәулім ғимараттар салынуда. Тіпті, әрбір тасы ән салатындай. Ақ самалы аңқылдаған Астана атауы бүгінгі күнге дейін жеткен жазба деректерінен алып жатқан мәлімет баршылық. Оған тұрғылықты халық үшін ауа райының жайлылығы мен тазалығы, биік ғимараттардың ерекше әсемдігі дәлел. Қазіргі таңда елордамызда 808 429 адам тұрады. Қаламыз өте серпінді дамуда. Елорда көшірілген кезден бастап қала экономикасына салынған инвестиция көлемі 3,5 миллиард доллардан асты. Қаламызда назар аударарлық орындарымыз бар. Астана күніне орай жұртшылықтың мерекелік лебіздерін білуді жөн көрдік. Түрік мәдени Юнус Эмре орталығының директоры Ибраһим Йылдырым: – Мен Астанаға 2011 жылы қазан айында келдім. Келгеніме үш жылдай болып қалды. Екі рет Астана қала күнін көрдім. Алла қаласа биыл үшінші жылы көрейін деп отырмын. Өткен жылы Астана күніне орай біздің сыйлығымыз Түркиядан әскери оркестр келіп өз өнерлерін көрсеткен. Негізінде Астананы алғаш көргенде таң қаласыз, өйткені, бұл кең жазық далада орналасқан. Аз уақыттың ішінде заманға сай кереметтей бір кент болып шыға келді. Елбасының Алматыдан астананы Ақмолаға көшіргені бойындағы көрегендік қасиеті деп есептеймін. Біз елшіліктің қолдауымен жұмыс істейміз. Басты мақсатымыз – екі елдің халқын бұрынғыдан да жақындастыра түсу. Бұл орталық мемлекеттер арасындағы мәдени көпір болып табылады. Көрмелерді, конгрес­тер мен конференцияларды, концерттерді, түрлі мәдени және ғылыми шараларды ұйымдастыра отырып, түркиялық мәдениетті танытамыз. Сонымен қатар, түрлі симпозиумдарды өткізу арқылы Түркияда қазақ мәдениетін насихаттаймыз. Аллаға шүкір, осында қазақ халқының арасында, мынадай әсем Астанада өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Қазақ халқы терең тарихы мен кең байтақ жері бар, мәдениеті, әдет-ғұрпы, тілі бай қонақжайлы халық. Қазақстандағы көптеген ұлт өкілдері жұдырықтай жұмылып бірге жұмыс істеп елорданың гүлденуіне өз үлестерін қосып жатыр. Біз әрқашанда қазақ халқымен біргеміз, – деді. – Астана жұлдыздарының бірі, Фабрика жұлдыздарының финалисі бас ордамыз туралы ойымен бөліскен Марина Бейсеханова: – Бүгінгі таңда күннен-күнге көркейіп, сән мен салтанаты жарасқан Астана барша қазақстандықтардың жүрек лүпілін еселеп, сәулет өнерінің қайталанбас үлгісін паш етуде. Жастар тарапынан сөз қозғап айтсам, мүмкіндіктер көп. Тіл үйренем десең жол ашық, талант өнер арқылы шыңға көтерілетіндей мен үшін көп мүмкіндіктер ашылды. Тек арман ғана емес, бұл жерде еңбектеніп, мақсатыңа жете алатындай жол бар. Бүгінде Астана – тәуелсіз әрі егемен мемлекеттің бүгінгі және болашақтағы сая­си, экономикалық һәм мәдени орталығы ретінде қанат жайып барады. Өнер адамы болған соң, шығармашылық жағынан айтатын болсам, сахна көрермендері жылдан-жылға көбейіп жатыр. Астана – үлкен армандар жетегіне еріп, жаңа қала, үлкен шаһар, әлемдік орталық жасалады деген биік мақсаттармен салынған қала. Бізде тек, Астана – бар қазақтың алтын бесігі, әлемнің қызыға көз тіккен бекзат қаласы болса деген арман бар, – деді. Жазып алған Жанерке ТӨЛЕН, ЕҰУ-дің студенті. АСТАНА. Ел мақтанышына айналған қала Ел астанасын басқа қалаға ауыстыру тәжірибесі мемлекеттер тарихында бар үрдіс. Үндістан, Пәкістан, Жапония, Канада, Түркия, Ресей секілді бірқатар елдер өздерінің ішкі, сыртқы саяси, экономикалық ахуал-жағдайларын сараптай келе, ХІХ, ХХ ғасырларда астаналарын басқа қалаларға көшіргені мәлім. Бүгінгі таңда да Аргентина, Оңтүстік Корея секілді тағы біраз елдер аталмыш мәселе бойынша зерттеу-зерделеу, талқылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мемлекет астанасын басқа қалаға ауыстыру үдерісі әлем тарихында болашақта да жүре беретіні сөзсіз, бұл сол белгілі бір елдің даму қажеттілігінен туындайтын қалыпты жайт болып табылады. Біздің Қазақстан – маңдайына ХХ ғасырда астанасын бірнеше рет ауыс­тыру тағдыры жазылған ел. Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары кезінде елордалық қызметтерін адал атқарды, алайда, ел тізгіні бөтен қолда болған кезде қабылданған бұл шешімдер республика халқының, билігінің қалауы емес еді. Бүгінгі таңда, тәуелсіздік кезінде тиісті мамандар бұл шешімдердің республика мүддесі тұрғысынан терең стратегиялық сараптаусыз қабылданғанын нақты дәлелдеп, ашық айтады. Мысалы, Алматының ел территориясының бір шетіне орналасуы, тау қоршауында кең құлаш жазып дами алмауы, жоғары сейсмоқауіптілігі айдан анық еді. Дегенмен, сырттан танылған шешім­дерге мойынсұну сол кезең шын­дығы болатын. Ал, тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел өз тағдырын өзі шеше­тін тұста аяғынан тәй-тәй тұрған жас мемлекеттің астанасын ауыстыру мә­се­лесінің қолға алынуының жөні бөлек-тұғын. Ел болашағын шынайы жанашырлық пен ұлттық мүдде тұрғы­сынан ойлап-жоспарлау жаңа кезеңнің, егемен елдің жаңа сипаты болды. КСРО-дай алып империяны құраған ұлттық рес­публикалар дербес мемлекеттерге айналған шақтағы көп қиындықтар біздің де алдымыздан шықты, алайда қиын кезеңде халқы бірауыздан ел тағдырын сеніп  тапсырған Нұр­сұл­тан Назарбаевтай басшының сол тығырықтардан шығудың дәл жолын тапқанына бүгінгі дамуымыздың деңгейі нақты көрсеткіш бола алады. Ал дәл сондай ауыр кезеңде ел астанасын көшіру туралы шешім қабылдау Елбасының көрегендігімен қатар, аса батылдығын да көрсетті. Бұрынғы барлық экономикалық байланыстар үзіліп, бәрін басынан бастау қажеттілігі туған қиын кезеңде ел болашағы үшін тиімділігіне өзі әбден сенген жобасын жүзеге асыруда Азаматқа бұл батылдық қаншалықты қажет болғандығын бүгінгі күні көріп-біліп отырмыз. Сол  алғашқы шешім қабылданған 1994  жылғы, одан кейінгі жылдардағы елорданы Алматыдан Ақмола қаласына ауыстыру туралы шешімге қарсылықтың,  сенбеушіліктің көп болғаны мәлім. Сол тұста бар жауапкершілікті мой­нына алып, тәуекелге бел бу­ған  Елбасының есебінің дұрыс болып шыққанына қазір барша қазақ­стан­дықтар ден қояды. Ал сол кездегі қоғам­дық психологиялық ахуалды өзгертіп, өз идеясына елді сендіру, соңына ерте білу үшін  Президенттің қаншалықты қажыр-қайрат жұмсағаны көз алдымызда. Бұл жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының өзін мойындатқан аса биік беделінің маңызы өте зор болды. Елбасының ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы тұжырымы сонау 1990- жылдардың басында-ақ айтқан Еуразия идеясымен де қабысқан негізгі мақсат-мүдде жолындағы қадам еді. Сөйтіп, 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесте ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылданды да, 1995 жылы қыркүйекте Елбасы аталмыш мәселе бойынша Жарлыққа қол қойды. Сарыарқа төсіне орын тепкен елорданы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы, еліміздің кемел келешегі  деп біледі бүгінгі жұрт. 1998 жылы 6 мамырда Елбасының «Ақмола қаласын Астана деп атау туралы» Жарлығы шықты. Бұл атау жөнінде де кезінде түрлі пікір болғаны белгілі. Аталмыш Жарлыққа дейін астана сөзі мемлекеттің әкімшілік, саяси орталығы мағынасындағы  мемлекеттік құрылыс термині болатын. Ал енді қала атауына айналуына байланысты бұрынғы мағынасынан ажырай бас­тады да бүгінгі таңда орнын, яғни бұ­рын­ғы терминдік мағынасын елорда сөзі сәтті ауыстырды. Астана сөзі­нің ономастикалық (қала атауы) жа­ңа мағынасын жұртшылық санасы дұ­рыс қабылдады, қазір бұл атаудың дұ­рыс­тығына ешкім шек келтірмей қол­данатын болды. Тәуелсіздік жылдарында  тез еңсе түзеген елімізбен бірге әлемге танылып үлгерген Астана қазір заманауи қалаға айналды, кісі қызығатын көркі бар, барша мемлекеттер мойындаған беделі бар саяси орталық ретінде мерейімізді өсірді. Ақорда, Бәйтерек, Қазақ елі монументі, Тәуелсіздік сарайы, Хан шатыр, Бейбітшілік және келісім сарайы, Әзірет сұлтан мешіті, қайсыбірін айтарсыз,бірінен бірі өткен ең заманауи үлгідегі архитектуралық ғажайыптар Астана көркіне көрік қосуымен қатар, еліміздің бейбітшіл саясатын әлемге танытуда да мінсіз қызмет етіп келеді. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіз­д­ік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның төрағасы кезінде жоға­ры дең­гейдегі өткізілген саммит, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы, т.б. көптеген халықаралық басқосулар Астана айбынын асқақ­тат­қаны сөзсіз. ЭКСПО-2017  халықара­лық көрмесінің де ойдағыдай өтіп, еліміздің, елордамыздың беделіне бедел қосатынына кәміл сенеміз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімінің бір күнде пайда болмағаны сөзсіз. Көп ой мен терең толғаныстың, көптеген саяси, эко­номикалық есептеулердің  нәти­же­сі екендігі аян. Осы тұста желмая­сы­на мініп, еліне жерұйық іздеген Асан­­қайғының тынымсыз тірлігі түсе­д­і еске. Асанқайғы бабамыз арман ет­кен жерұйығы, жұрты мамыражай бей­біт өмір сүретін мемлекеті бүгін­гі тәуел­сіз Қазақстан кезінде өмір шын­ды­ғына айналып отыр. Бүгінгі таңда Ел­басы мен елорда егіз ұғымға айнал­ды. «Әрбір қаланың өз тағдыры бар. Ол тұрғындарының, туған елінің тағдырымен  тығыз байланысты. Біздің бас қаламыз  Астана – Тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Астананың болашағы – тәуелсіз еліміздің болашағы»,  – дейді Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев. Ел Тәуел­сіздігінің символына айналып отыр­ған Астанаға халық ықыласы да ерекше. Бүгінгі таңда елордаға арнал­ған өнер туындылары жетерлік. Кәсі­би өнер иелерімен қатар қарапайым адам­дардың да Астанаға арнап өлең-жыр жазғандарының куәсі болып жүрміз. Бұл – шынайы ықылас-ниеттің көрінісі болса керек. Қазақстандықтарды сүйсін­ді­ріп, біріктіруші фактор ретінде қызмет етіп отырған бас қаламыз биыл өзінің 16 жылдығын атап өткелі отыр. Осы аз уақыт ішінде сәулет өнерінің сұлу туындысына,  республика жұртшылығының сүйінішіне,  барша әлемнің назарына ілініп үлгерген Астананың айбыны асқақтай берсін деп тілейміз. Сабыржан МҰХТАРОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы. АҚТӨБЕ.

Кемелдікке ұмтылған 16 жыл

Қай елді алмасақ та, алдымен, оның тәуелсіздігінің кепілі – елордасы болып табылады. Ал біздің бейбітшілігіміздің, достығымыздың, еркіндігіміздің белгісі осы елордамыздың күннен-күнге қарыштап өсуінен көрінері сөзсіз. Сонымен бірге, әр елдің астанасы сол елдің өткені мен бүгінгі күнгі тарихын бағдарлайтыны анық. Астананың Сарыарқаның төсіне қоныс тебуінің өзі қазақ елінің тарихында елеулі оқиға болды. Әр елдің, әр мемлекеттің тарихында астанасын ауыстыру – тарихи маңызды қадам. Бұған дәлел – АҚШ президенті Джордж Вашингтонның жарлығымен жаңа астанасын Вашингтонға ауыс­тыруы. АҚШ үшін астананың сая­си мәнге ие болуы британдық биліктен босатылудың символындай болды. Финляндия ХІХ ғасырдың басында астанасын Туркуден Хельсинкиге, Норвегия  Тронхеймнен Ослоға, Үндістан Калькуттадан Делиге ауыстырған болатын. Ресейдің астанасын екі рет ауыстыруы үлкен тарихи мәнге ие. Ал Қытай өз аста­на­сын алты рет ауыстырса, Түркия астанасын 1923 жылы Ыстамбұлдан Анкараға ойыстырды. Германияның қосылғаннан кейінгі ең алғаш қадамы астанасын Берлинге көшіруі Герман мемлекеті жалғастығының символын­дай болды. Ал біздің жас тәуелсіз мем­лекетіміздің алдында маңызды қадам болып өз астанасын ауыстыру тұрды. Елбасының саяси да салиқалы шешімінің арқасында Сарыарқаның төрінде сәулеті мен сәні келіскен кемел шаһар бой көтерді. Жай қала емес, Қазақ елін әлемге танытқан, мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарынан бері әр жетістігіне куә болған Астана. Самғау биігіне көз тіккен, дамудың даңғыл жолына түскен Астанаға қарап барлық жас қарыштап дамуды көздейді. Әр қала да бас қалаға қарап бой түзейді. Біздің Орал шаһары да бүгінгі күні әлеуметтік-экономикалық, индустриалды-инновациялық жа­ғы­­нан қарқынды өсуде. Қаланың көркіне айналар мәдени нысандар да бой көтеруде. Бұл Астананың көркеюге ұмтылған өзге қалаларға үлгі болғанының анық көрінісі. Биыл жас елордаға 16 жыл толды. 16 жас адам өмірінде де маңызды сәт. Кәмелеттік жасқа кеп, өзі шешім қабылдайтын кез. Төлқұжатқа қарап әр азаматтың есейген шағын білсек, Астанаға қарап, негізін берік қалап, кемел болашаққа қадам басқан елорданың даму белесін анық көреміз. Болашақ ғалымдар үшін де ғылымның ордасы іспетті. Астана төрінде сан мыңдаған түлекті білім алуға құштар еткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы бірегей жоғары оқу орны Назарбаев университеті, Президент орталығы, Ұлттық академиялық кітапхана, ғылыми-зерттеу институттары білім, ғылым қуған әрбір жасты арманға жетелейтін білім мен ғылым ордалары бой көтерді. «Еуразия жүрегіне, қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен Астана – Қазақ елінің өз қалауымен жасаған дербес таңдауы. Біз оны байтақ даланың шын иесі кім екендігін алыстың да, жақынның да есіне салу үшін жасадық. Бұл арқылы біз қазақтың осы бір құйқалы өңіріндегі ұлттық дәстүрді, тілді, өнерді, әдетті, әдепті шайылудан, жоғалудан сақтап қалу үшін, еркін еліміз үшін жасадық», – деген болатын Елбасы. Ал осы құндылықтардың сақталуы, басқа да тарих парақтарын еске түсірер ғимараттардың салынуы біздің тарихымызды күллі әлемге танытатыны айдан анық. 16 жылда Астана таңырқайтын әспетке жетті. Елордада қаланған әр тастың өзіндік тарихы мен құпия сырлары бар. «Астана-Бәйтерек» ғимаратының өзі тұнық сырға толы. Бұл нышан – бейбіт ел мен достықтың нышанындай егіз ұғым. Бүгінгі Астана – тәуелсіз мемле­кетіміздің нығайып, көркеюінің тетігі, құжаты іспеттес. Астанаға 16 жыл. Көп емес. Аз уақыттың ішінде Астана жас та жасампаз, аяғына нық тұрған әсем қалаға айналды, кемелдікке ұмтылды. Қазақ елінің әр перзенті Астанаға бақ тілеп, кемел келешекке көз тіккен елордасына қарап қанатын қатайтып, болашаққа қадам жасауға асығады. Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдас­тырылған профессоры. ОРАЛ. Бетті әзірлеген Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан» .