Ырғыз ауданының тұрғыны Жағыпар Қадыров он жыл бұрын құрастырған тракторының пайдасын көріп келеді.
Оның ауыл арасында жеңіл қозғалатын, ықшам көлігін көршілері де жиі пайдаланады. Ол көлігінің ұзақ жылдан бері сенімнен шығып келе жатқанына риза. Өз ауылында электрик-дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген Жағыпар қолы бос кезінде ауылдастарының бұзылып қалған көліктерін жөндеп беретін. Ол қораның әр бұрышында жатқан жарамсыз техника бөлшектерін жинап қана қоймай, кәдеге асатындарынан шаруаға қажетті соқа, түрен жасап бере жүріп, металл бұйымдарын іске асырудың нағыз шеберіне айналды. Жоқтан барды құрастырып, темірден түйін түйген шебер осыдан кейін шаруаға ыңғайлы трактор жасауға деген қызығушылығын іске асыруға кірісті. Қажетті бөлшектерді жан-жақтан сатып алып, қалғанын іске аспай жатқан ескі көліктерден жинақтады. Өзі көптен бері армандап жүрген дәнекерлеуші аппаратқа қол жеткізген соң ойына алған шаруасы орайынан келе бастады. Трактордың негізгі бөлігі – моторын ауыр жүк көлігінен алса, доңғалақтарын жинау онша қиынға соққан жоқ. Себебі әр ауылда бұзылған техниканың дөңгелектері үйіліп жататыны белгілі.
Қазіргі кезде Жағыпар тракторына тіркеме жалғап, жазда шабылған шөпті ауылға тасиды. Ол ел ішіндегі темірден түйін түйетін ұсталарға дәнекерлеуші жабдықтар сатып алуға қолдау болса, ауыл тұрмысына қажетті бұйымдарды өздері-ақ жасап алар еді деген ұсыныс айтты.
Ақтөбе облысы